№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Өнім өндіру – тұрақты табысқа бастайды

Өнім өндіру – тұрақты табысқа бастайды


Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеев іс-сапармен Сыр өңіріне келген-ді. Алдымен Арал ауданына барып, құрғақшылықтан зардап шеккен ауылдарды аралап, шаруалардың тыныс-тіршілігімен танысты, ауыл ақсақалдарының өтініш-тілегін тыңдады. Бастысы, мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек тетіктерін айтып, тұрғындардың сұрағына жауап берді.
Екінші күні Жалағаш, Сырдария, Шиелі және Жаңақорған ауданын аралады.
Біздің ауданда «Жан-Арай» ЖШС мен «Абдулла» шаруа қожалығына арнайы барып, іргелі істердің деңгейін бағамдады.


«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолы бойындағы «Жан-Арай» ЖШС сервистік кешені – жол бойындағы заманауи қызмет көрсететін орталық. Сервистік кешен: мейрамхана, асхана, қонақ үй, ойын-сауық орталығы, медициналық қызмет көрсету және техникалық жөндеу орны, бөлшек сауда нүктесі, қоғамдық жуыну және көлік жуу орны, автотұрақ пен май құю бекетін біріктіреді. Сондай-ақ, ауылшаруашылығы өнімдерін өндіру және өндеу қоймасымен ерекшеленеді.
Бәрі қалай басталды? Алдымен облыстық мәслихаттың депутаты, серіктестік төрағасы Бақдәулет Махашов Қожамберді батырдың ескерткішін қойды. Сосын жеміс-жидек бақшасын дамытуды қолға алды. Бүгінде 58 гектар жерде 48 мың түп алма ағашы мен 10 мың түп жүзім жайқалып тұр.
Бірегей сервистік кешеннің жұмы­сымен Бақдәулет Еркінұлы таныстырып:
– Қазір алма сақтау және өндеу қоймасының негізгі жұмыстары аяқ­талды. Бірнеше айда іске қосуға дайын болады. Ал, оған өнімді алма бағынан аламыз. 2019 жылы 10 гектар жерге алманың үш түрін еккенбіз. Биыл алма бақты тағы 50 гектарға ұлғайтып, онда алманың түрлері – «Голден», «джонатон», «Ренет симиренконын» отырғыздық. Келер жылы алғашқы отырғызған алмалар жаппай өнім береді. Алда жоспар көп. Мәселен, 100 гектар жерге қызанақ, қияр, болгар бұрышын егіп, көкөніс, жеміс сақтау қоймасын салу жобамыз бар. Қызанақ өндіру, өңдеу, сақтау, сату қоймасын да іске асыруда ізденудеміз. Жеміс, көкөністі өзіміз өндіріп, облыс тұрғындарын сапалы, қолжетімді бағадағы өніммен қамту – алда тұрған үлкен мақсатымның бірі, – деді.
Елдегі ауылшаруашылығы саласын дамытуға жауапты тұлға Ербол Шырақпайұлы нарықта жеміс-жидек пен көкеніс түрлерін тұрақтандыруға әсер ететін жобаның маңызына тоқталып, алма бағын суару жүйесімен танысты.
– Алманы қалай суарасыздар?
– Бақшаға тамшылатып суару тәсілін қолданады. Алманың жапырағына, тамырына, сабағына қажетті минералды тыңайтқыштар сумен бірге беріледі.
– Егер жақсы өнім алғыларыңыз келсе, төбесін тормен жабу керек. Онда да бақшаға күн сәулесінің түсу жүйелігін жан-жақты зерттеп барып, орналастыру керек.
– Бізде Түркиядан келген кәсіби маман бақша дақылдарын үйлестіреді.
– Қанша адамды жұмыспен қамтисыздар?
– Ауыл халқын жұмыспен қамтуға мән береміз. Кешен толық іске қосылғанда 50-70 адамды тұрақты жұ­мыспен қамтимыз.
– Өнім өндіру – тұрақты табыс­қа бастайды әрі экономиканы сауық­тырады. Сіздердің өнім өндіруге басымдық бергендеріңіз құптарлық іс. Бізден қандай қолдау керек, байланыс жасауға біз дайынбыз...
– Рақмет! Жұмыс істеймін, кәсіп дамытамын деген адамға ел Үкіметі қолдау шараларын қарастырып отыр. Мұны сезініп келеміз. Алда жоспар көп. Алма өнімін өндеу мен сату және қызанақ өндірісінен бөлек, мал бордақылау алаңын салып, Қызылорда және Түркістан облысына ортақ заманауи мал базар тұрғызуды ойластырудамыз.
Министр міндетін атқаратын Ербол Қарашөкеев пен кәсіпкер Бақдәулет Мақашов бір-бірімен осылай пікір алмасып, іске сәттілік тілесті.
Халықаралық жол бойындағы бірегей кешен туристік қозғалыстың дамуына да әсер етеді. Мұнда елдің оңтүстігіндегі тарихи орындарға арнайы келген қонақтарға жайлы жағдай жасалады. Төменарық аймағындағы Сүттіқұдық, Сунақата, Екпінді, Қожамберді елді мекенінің тұрғындары Жаңақорған немесе Шиелі кентіне бармай-ақ қызықшылығын жақын жерде өткізе алады. Айналып келгенде, бұл тойшыл қауымның шығынын азайтады. Бәрінен бұрын, сервистік кешен жол бойындағы сәулетті орталыққа айналып, алыс-жақыннан келген қонақтарға сапалы қызмет көрсететін орталық болады.
Одан кейін Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеев «Абдулла» шаруа қожалығының құс фабрикасына барды. Қазір фабриканың құрылыс жұмысы қарқынды жүруде.
Фабрика іске қосылғанда жылына 3,5 мың тонна құс етін өндіруге қауқарлы. Бастысы 100-ге жуық азаматты тұрақты жұмыспен қамтамасыз етеді.
– Қазақстан тауық етімен ішкі нарығының 60 пайызын ғана қам­тамасыз етеді. Қалғаны шет елдерден импортталады. Осы сұранысты қанағат­тандыру мақсатында құс фабрикасын іске қосамыз. Мұнда балапанды ашатын инковатор, жем сақтайтын қойма, тауық соятын пункт және 1200 квадрат метр құрайтын 12 дана тауық тұрағы қамтылады. Инковатордан шыққан балапанды 45 күнде етке өткіземіз. Қазір төрт тауық тұрағының қанқасы қойылып, арнайы аппараттар қойылуда, – деді шаруашылықтың төрағасы Әбілхан Тәжімбетов.
– Нарықта тауық етіне сұраныс жоғары. Осыны мейлінше тиімді пайдалануы тиіс. Іске сәт! Кәсіптеріңіз өркендей берсін! Жергілікті әкімдік барлық жұмысты сүйемелдеп, сіздер­мен бірге болады, – деді Ербол Шырақпайұлы.
Аудан әкімі Руслан Рүстемов кәсіп­керлердің ісін демеуге қашанда дайын екенін білдіріп:
– Әрбір кәсіпкердің ісі өркендегеніне ынталымыз. Біріншіден, ауданға инвес­тиция келеді, екіншіден, жұмыссыздық деңгейі қысқарады, – деді.
Озық елдерде құстың етін бөлек-бөлек өндейді. Одан бөлек қауырсы­нын жеңіл өнеркәсіпке бағыттаса, тұмсығы мен тырнағы косметика саласында сұранысқа ие. Жыл өткен сайын жұмыртқасы да қымбаттап барады. Міне, осы тұрғыдан есептегенде, құс шаруашылығы – табысты бизнестің көзі.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ
03 тамыз 2021 ж. 353 0