Алты айдың асуы
Әрине, ашықтық пен нақтылық жүйесі айқын ақпараттарды ұсынудың дәйекті жолы. Мен аудан әкімі ретінде осы жолды ұстанамын, соған сай бүгінгі таңдағы бетбұрыстарды сіздерге бүкпесіз баяндауға тиістімін.
Мемлекет басшысының ел экономикасын тұрақты ұстауға байланысты кешенді шаралар жүргізу тапсырмасына сәйкес ауданда айтарлықтай нәтижеге ие жұмыс жасалуда. Алдымен ауданның әлеуметтік - экономикалық дамуына дәнекер жылдың алғашқы 6 айында қандай жұмыс жүрді, оның қорытындысы қалай деген сауалға жауап беруді жөн деп таптым.
Жыл басынан аудан бюджеті 2 рет нақтыланды, жалпы кіріс 23 млрд 707,3 млн теңге болса, өз кірістеріміз 2 млрд 647,7 млн теңгені құрады. Яғни, жалпы бюджетке кіріс 102,7 пайызға орындалса, өз кірісіміз 125,0 пайызға жетті. Осы оң істің орайымен жыл басынан бері аудандық бюджеттен қосымша жаңа бастамаларға 1 млрд 541,4 млн теңге бөлініп, ол бірінші кезектегі қалыптасқан түрлі мәселені шешуге бағытталды. Шығындар жоспары 100 пайызға орындалып, оның көлемі 10 млрд 516,9 млн теңгені құрады.
Негізгі әлеуметтік - экономикалық көрсеткіштер аймақтағы 7 аудан және Қызылорда қаласы арасында 3-ші орынға көтерілуге мүмкіндік берді.
Өнеркәсіп өнімдерін өндіру (94,6%) және өңдеу өнеркәсібінің өнімдері (94,1%) бойынша аудан үшін облыс белгілеген меже артығымен орындалды. Алайда, өткен жылмен салыстырғанда деңгей төмен. Неге? Оның жолы бар ма? Әрине, бар. Бұл тұрғыда екінші жартыжылдықта аталған салаларға серпін қосатын қолма-қол басқару тетігіне көштік. Сәтін салса, жыл соңына қарай бұл көрсеткіштер өткен жылдың деңгейінен асып түсуі тиіс. Осы жерде ескере кететін жағдай, облыстағы өңдеу өнеркәсібі өнімдерінің
30 пайызға жуығы бір ғана Жаңақорған ауданының үлесі екенін айтқан ләзім.
Біз қай бағытты дамытудан алда тұрмыз?
Алдымен аудан экономикасына тікелей ықпал жасайтын негізгі капиталға тоқталайын. Бұл бағытқа салынған инвестиция көлемі 167,5 пайызға, құрылыс жұмыстарының көлемі 245 пайызға және тұрғын үйлерді пайдалануға беру көрсеткіштері 119,4 пайызға артып, едәуір еңбек жасалды. Бөлшек саудадан да басымдық бар, нақтысы, 100,9 пайызды құрап отыр.
Ауылшаруашылығы өнімдерін өндіру 2,7 пайызға ұлғайды. Соңғы есеп көрсеткендей, ешкі мен құс саны тиісінше 16,4 және 2 пайызға кемігенімен, қалған мал басы (мүйізді ірі қара, қой, жылқы, түйе) саны 5-тен 20,5 пайызға дейін артқан.
Ет өндірісінде 3,8 пайыз, сүт 2,7 пайыз, жұмыртқа бойынша 2,2 пайыз өсім бар, ол тұрақты бақылауға алынған. Тамақ өнімдерін өндіру өткен жылдың деңгейінен төмендеген жоқ. Тағы бір табысты іс – ауылшаруашылығының негізгі қорына салынған инвестиция көлемі 11,2 есеге артып отыр.
Биыл ауданда 36163 гектар жерге ауылшаруашылығы дақылдары орналастырылды. Әртараптандыру талабы реттеліп, оның да игілікті көзі табылды. Жалпы, мемлекеттің экспорттық әлеуетін арттырумен қатар, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ауылшаруашылығы саласын дамыту аса маңызды. Біз аграрлы аудан ретінде бұған бей-жай қарай алмаймыз, барынша жетістікке жету жолында келеміз.
Өздеріңізге белгілі, қазір ең өзекті мәселе – аяқсу. Сол суды ешбір кедергісіз жеткізу үшін Келінтөбе, Сунақата магистралды каналдары мен Аққорған, Қожамберді, Қаратөбе, Қыркеңсе, Келінтөбе ауылдық округтерінде 8 аяқ су каналын тазалау жұмыстарына 225,3 млн.теңге бөлінді. Жұмыс қарқынды жүргізілуде. Бұдан бөлек, жер жағдайына байланысты 76,8 млн.теңгеге 8 дана дизельді насос сатып алынып, ол елді мекендерді аяқ сумен қамтамасыз етуге бағытталды.
Кәсіпкерлікті дамыту – ұлттық экономиканың тірегі, қуатты күші және қайнар бұлағы. Яғни, экономикалық өсім, салық, бюджет, жұмыс орындары және қоғамдық-саяси тұрақтылық тұтастай кәсіпкерлікке тәуелді. Сондықтан кәсіпкерлік саласын дамытуға айрықша басымдық беріледі. 2021 жылдың
1 шілдесіне ауданда 5640 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, жұмыс жасайтын субъектілердің саны 5328 бірлікке жетті. Онда 8011 адам жұмыспен қамтылып, 2 млрд 229 млн. теңгенің өнімі өндірілген. Мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсіпкерлік субъектісінің саны өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 17 пайызға өсті.
Ал, өзге аудандар өмірімен салыстырғанда шағын және орта кәсіпкерлік және ондағы белсенді субъектілер бойынша Жаңақорған алдыңғы қатарға шыққан ауданға айналды. Жыл басынан бері түрлі қаржы ұйымдары арқылы кәсіпкерлік саласында 1 млрд 164,3 млн теңгенің 423 жобасы қаржыландырылды.
Біз барынша кәсіпкерліктің тынысын тарылтып алмауымыз тиіс. Бұл ретте, жаңақорғандықтар белсенді болуы қажет. Себебі оңтүстік аймақтың мүмкіндігі мол, жер, су, ауа райы қолайлы, тау жынысы, уран өндірісі өріс алған. Статистикалық дерек бойынша, кәсіпкерлік саласында қаржы тартуда облыста үштікке енеміз. Бұған тоқмейілсуге болмайды, әлі алар асуымызға қол жеткен жоқ.
Өңірді Индустриялық - инновациялық дамыту бағытында республикалық индустрияландыру картасына 1 жоба («Шалқия Цинк ЛТД» АҚ кен байыту фабрикасы), өңірлік индустрияландыру картасына 2 жоба («Қуат керамзит» ЖШС керамзит құрылыс материалдарынан кірпіш және блок шығару, құны 130,0 млн.теңге, «Абдулла» ШҚ жылына 3,8 мың тонна құс етін өндіретін құс фабрикасы, құны 4 млрд.теңге) енді.
Сол секілді «Хек КТ» ЖШС күн электр станциясының құрылысы сәуір айында аяқталып, іске қосылды. Оның құны 3,5 млрд теңге, қуаттылығы 10 МВт. Мұнда 4 жұмыс орны ашылып отыр.
«Қуат керамзит» ЖШС керамзит құрылыс материалынан кірпіш және блок шығару жобасының жылдық қуаты 3 млн дана блок шығару болса, қазір құрылыс жұмысы аяқталды. Жобада көрсетілгендей, мұнда 20 жұмыс орны ашылатын болады. Сондай-ақ, «Абдулла» шаруа қожалығы биыл жылдық көлемі 3,5 мың тонна құс етін өндіретін құс фабрикасын іске қосуды жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Фабрика іске қосылған жағдайда оның өнімі облыс халқы тұтынатын құс етінің
33 пайызын құрайды.
Алдымызда ауданның 8 елді мекенін (Жайылма, Шалқия, Құттықожа, Кейден, Төменарық, Бірлік, Қыраш және Жаңақорған кенті) табиғи газбен қамтамасыз ету мәселесі тұр. Оның жобалық-сметалық құжатын әзірлеу үшін облыстық және аудандық бюджеттен 103,7 млн теңге қаржы қаралды.
Халықтың әлеуметтік нысандарға қолжетімділігін арттыруға байланысты биыл 7 әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізілуде (Жаңақорған кентінде бір 600 орындық мектеп пен екі 300 орындық мектеп, Бірлік ауылынан 90 орындық балабақша, Жаңарық ауылынан дәрігерлік амбулатория, Шалқия кентінен ауылдық клуб, Өзгент ауылдық клубы). Мұнан бөлек 7 әлеуметтік нысанның жобалау-сметалық құжаты әзірленуде (Жаңарық ауылынан 250 оқушыға және Байкенже ауылынан
150 оқушыға арналған мектеп, Қаратөбе ауылынан дәрігерлік амбулатория, Қашқанкөл ауылынан медициналық пункт, Келінтөбе және Машбек ауылдарынан спорт кешені, Жаңақорған кентінде тарихи-өлкетану музейі). Аталған жобалардың құрылысын жүргізу үшін жоғары тұрған бюджеттерден қаржы тартуға күш саламыз.
Осыған дейінгі жазбаларымда биыл Жаңақорған кентінен 18 пәтерлік 2 тұрғын үй (36 пәтер) құрылысын жүргізуге республикалық бюджеттен 662,3 млн. теңге қаржы қаралып, мемлекеттік сатып алу процестері басталғанын айтқанмын. Өкінішке қарай, республикалық ведомствоаралық комиссияның шешімімен бөлінген қаржы кері қайтарылды. Бұл жағдай бізді тұрғын үй құрылысын жүргізу бағытында жаңа ізденістер мен тәуекелдерге баруға мәжбүрлеп отыр.
«Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша құрылысы басталған «Сырдария топтық су құбыры мен Талап топтық су құбырының құрылысы» жобасында Сырдария өзенінің шығыс беткейіндегі 12 елді мекеннің 19381 халқын және Сырдария өзенінің батыс беткейіндегі 15 елді мекеннің 23564 халқын таза ауыз сумен қамту жұмыстары 2021 жылы толық аяқталуы тиіс.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен Жаңақорған кентінің тұрғын үйлеріне су құбырын жеткізуді аяқтауға 295,5 млн теңге бөлініп, жұмыс жалғасуда.
Былтыр жоба конкурсына қатысушы екі компания арасында келіспеушілік туындап, аяғы соттасуға ұласты. Соның салдарынан жұмыс төрт айға тоқтап, белгіленген мезгілінен кешікті. Биыл жоба жұмысы жалғасын тапты, алайда мердігер компанияның немқұрайлығы тағы тосқауыл болып отыр. Бұл жобаны кент тұрғындары ғасырға жуық уақыт бойы күткендігін ескерсек, сала мамандары бұл бағыттағы жұмыстарға қарқын беруі тиіс.
Төменарық, Сунақата, Екпінді елді мекеніндегі сумен жабдықтау желісіне республикалық бюджеттен 809,8 млн теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Ал, Қожамберді, Сүттіқұдық, Жайылма елді мекендерін сумен жабдықтау желісінің жоба - сметалық құжатын әзірлеуге 16,9 млн теңге қаралды, жоба әзірленуде. Осы жоба жүзеге асқанда Жаңақорған ауданы бойынша орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтылу биыл 100 пайызға жетеді.
Жол мәселесі жауапты жұмыстың бірі. Бұл – өркениеттің де белгісі, халық қажеттілігінің де бір көзі. Қазір 60,4 шақырым құрайтын автомобиль жолдарын орташа жөндеуге барлық деңгейдегі бюджеттен 1 млрд 217,6 млн теңге бөлінді. Әсіресе, ерекше айтқаным жөн, аудандық бюджеттен 43 көшені жөндеуге
687,8 млн теңге бөлініп отыр. Аудан тарихында өз бюджетімізден мұндай мол қаржы бөлінген емес, бұл рекордтық көрсеткіш! Осы айтулы шараны ел тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесіне тарту деп білемін.
Облыстық маңыздағы 6 шақырым (175,1 млн теңге), аудандық маңыздағы 4 шақырым жолды (123,5 млн теңге) және
21 ауылдық округ пен кенттерден 50,4 шақырымды құрайтын 57 көшеге орташа жөндеу (942,5 млн теңге) жүргізілуде. Нәтижесінде биыл аудандық маңызы бар жолдардың қанағаттанарлық деңгейі
84-тен 87 пайызға, елді мекендердегі көшелердің қанағаттанарлық деңгейі 39,1-ден 51 пайызға өседі.
Сонымен қатар аудандық бюджет есебінен 4 елді мекендегі 34 көшеге тас төсеуге 126,8 млн теңге қаралған. Тиісті жұмыстар атқарылды. Оған қоса, 14 елді мекенді жарықтандыру мақсатында (трансформатор алуға, көше шамын орнатуға, бағандарды ауыстыруға)
49,1 млн теңге қаражат бөлінді.
Айта кетуім қажет, аудан бюджетінің үлесі ауданның әлеуметтік - экономикалық қажеттілігінің 20-25 пайызын ғана өтеуге әлеуетті. Сондықтан бір мезгілде барлық мұқтаж мәселені қамту мүмкін болмайды. Ел мүддесіне сай барлық мәселені назарымызда ұстауға тырысамыз және ол кезең-кезеңімен шешілетін болады.
Аудан орталығының ең үлкен өзекті мәселесі – электр желілерінің тозығы жеткендігі.
Кенттің барлық электр желісін толықтай жаңарту үшін 3,4 млрд теңгенің жобалау – сметалық құжаттамасы әзірленді. Бұл 2022 жылы қаржыландырылатын жобалардың тізіміне енгізілді.
Нақты айтқанда, алты айдың асуы осылай. Былай қарағанда, біткеннен бітпеген шаруа көп. Біздің міндет – мезгіл - мезгілімен мәселені тығырықтан шығарып, түйінін шешуіміз керек. Бүгінгі бетбұрыс сол негіздің нышаны. Жалпы, бірлескен істе береке бар, бұған сіздердің де қолдауларыңыз қажет. Өйткені ортақ мүдде көппен бітеді.
Руслан Рүстемов,
аудан әкімі