» » Қызылордада екі дәрігер миллионер атанды

Қызылордада екі дәрігер миллионер атанды

 Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты шараға қатысып, дәрігерлерге құрмет көрсетті.

Аймақ басшысы күрделі кезеңде үлкен жауапкершілік танытып, шынайы жанашырлықпен күндіз-түні еңбек еткен әрбір ақ халатты абзал жандардың еңбегін ерекше атап өтіп, кәсіби мамандарға игі тілегін арнады.

«Ауырған жанды емдеу, оның өмірін сақтау – Сіздердің Отан, адамзат алдындағы қасиетті борыштарыңыз. Соңғы жылдары әлемдік індет бізге медицина мамандарының қажеттілігін бұрынғыдан да артық сезіндіріп, мәртебесін биіктете түсті. Сіздердің бұл еңбектеріңіз шын мәнінде барлық құрметке лайық! Бұл орайда, әлемдегі ең ізгі, ең қастерлі мамандық иелерінің қызметі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып келеді. Әрине, ең үлкен баға – халықтың шынайы көңілі екені сөзсіз. Сындарлы кезеңде дертіне шипа іздеген әрбір жерлесіміз бұл ретте Сіздерге дән риза деп білемін»,-деді Гүлшара Әбдіқалықова. Індетті ауыздықтауда алдыңғы шепте жүрген медицина мамандарына мемлекет тарапанынан қолдау жоғары деңгейде жүруде. Өткен жылы облыс бойынша вируспен күрескен 3 мыңға жуық медицина қызметкеріне 3 млрд.теңге көлемінде үстемеақы төленді. Ал, жиырмадан астам медицина қызметкері жоғары мемлекеттік наградамен, 107 қоғам белсендісі «Халық алғысы» медалімен марапатталды.
Кәсіби мерекеде облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова қажырлы еңбек еткен, қысылтаяң шақта кәсібиліктің жоғары үлгісін көрсеткен бірқатар медицина мамандарын марапаттады. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен облыстық фтизиопульмонология орталығының фтизиатр дәрігері Төрехан Бектеген, көпбейінді облыстық аурухананың хирург дәрігері Мамытбек Кәрібаев, облыстық кеңес беру диагностикалық орталығының нефролог дәрігері Патмаш Құрманаева, «Сенім» емханасының акушер гинеколог дәрігері Зоя Даирова, «Арал» дәрігерлік емханасының мейіргері Ибагүл Балшымбаева лайық деп танылды. Ал, «Республикалық электронды денсаулық орталығы» Қызылорда облысы бойынша филиал директоры Сәуле Нәлібаева Ұлттық медициналық Ассоциациясының «Алтын дәрігер» төсбелгісінің иегері атанды. Сонымен бірге 7 азамат облыс әкімінің Алғыс хатымен, 13 маман «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен, 11 медицина дәрігері «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталады.
Салтанатты жиында «Біздің сүйікті дәрігер – 2021» конкурсының жеңімпаздары да құрмет төрінен көрінді. «Үздік денсаулық менеджері» номинациясымен облыстық психикалық денсаулық орталығының бас дәрігері Әділбай Медетбаев марапатталса, «Үздік аурухана дәрігері» номинациясын Арал ауданаралық ауруханасның дәрігері Гүлжанат Тулепова жеңіп алды. Қос марапат иесіне 1 миллион теңгенің ақшалай сертификаты табысталды. Ал, көпбейінді қалалық ауруханасының мейірбикесі Раушан Томанова «Үздік аурухана мейіргері» номинациясына лайық деп танылып, 700 мың теңге қаржылай сыйақыны иеленді.
Еңбегі еленген медицина мамандарына шынайы алғысын жеткізген облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова індеттің беті әлі толық қайтпағанын қаперге салып, қалыпты тіршілікке оралу үшін екпе егудің маңызды екенін айтып, дәрігерлерге сенім білдірді.
«Бүгінде көпшілігіңіз пандемиямен күрестің алдыңғы шебінде жүрсіздер. Медицина қызметкерлерінің осындай қиын уақытта басымызға түскен ауыртпалықты жеңе алатынына сенеміз. Қазірдің өзінде еліміз бойынша ахуал жақсарып келеді. Өткен айлармен салыстырғанда елімізде індет жұқтырғандардың саны екі есе қысқарған. Республика бойынша өлім-жітім көрсеткіші 2 аптаның ішінде 1,6 есеге төмендеген. Аймақтарда ауруханаларда ем алып жатқан науқастардың саны да азайған. Сіздермен кездесудің орайлы сәтін пайдалана отырып, біз де өз тарапымыздан қалыпты өмір сүру дағдысына оралу үшін екпе салдырудың маңызды екенін атап өткім келеді. Вакцинациялау шарасына біздің медицина мамандарының өздері де бастамашы болады деп сенеміз»,-деді Гүлшара Әбдіқалықова.Дәрігерлер қауымының құрметіне арналған жиын соңында жергілікті өнерпаздар «Мың алғыс дәрігерлерге» атты жаңа туындыны шырқап, кәсіби мереке иелеріне ерекше көңіл-күй сыйлады.

18 маусым 2021 ж. 989 0