«Сервистік әкімдік» ашылды
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында мемлекеттік органдардың жұмыс істеу тәртібін өзгертудің қажеттілігі жайында айтылған болатын. Осы тапсырма аясында Жаңақорған ауданында «Сервистік әкімдік» қызметі жүзеге асты. Іске қосылған тың жоба халық игілігі үшін ең тиімді бастама екені анық. Атаулы жоба мемлекеттік қызметтің сапасын арттырып, қарапайым халықтың цифрлық сауаттылығын көтеруді көздейді. Ең бастысы, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу мақсатында жасалған бастама.
Айта кетсек, «Сервистік әкімдік» жобасы мемлекеттік қызмет көрсететін мекемелерді бір жерде шоғырландыру мен азаматтарға қолайлы жағдай жасауға арналған. Бұдан былай тұрғындар ауданның әр бұрышында орналасқан бөлім-бөлімді іздеп, жүйкесін жұқартып, сабылмай, қажетті қызметке бір ғимараттың ішінде қол жеткізеді. «Ордакент» ардагерлер және жастар ресурстық орталығында орналасқан «Сервистік әкімдікке» мемлекеттік қызмет түрін көрсететін бөлімдер шоғырланды. Атап айтсақ, білім беру, сәулет және қала құрылысы, жер қатынастары, жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары, жұмыспен қамту орталығы сияқты нағыз көпшілікке керек ресми органдар біріктірілген. «Сервистік әкімдіктің» тағы бір ерекшелігі, барлық атқарушы орган қызметкерлері Open space әдісімен, ашық кабиналарда жұмыс істейді.
Жаңақорған ауданына арнайы келген Республикалық ақпараттық-ағартушылық штабының жетекшісі Ырза Тұрсынзада мен Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жанындағы Парасаттылық департаментінің директоры Ғанижан Асанұлы «Сервистік әкімдік» жұмысының барысын көзбен көріп, жоғары бағасын берді. Әрі осы тақырып талқыланған жиында:
– «Сервистік әкімшілік» бұл бірінші кезекте – сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мен жою үшін қолға алынған бастама. Жалпы елімізде жемқорлықпен күрес басты бағыттардың бірі. Осы Заңның қабылдануымен Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жаңа кезеңі басталды деп сеніммен айта аламын. Тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет басшылардың қол астындағы қызметкерлері үшін жауапкершілігі заңнамалық деңгейде бекітілді, бұдан былай, саяси мемлекеттік қызметкерлер-министрлер мен олардың орынбасарлары, облыс әкімдері мен олардың орынбасарлары, аудан әкімдерімен олардың тікелей бағынышты қызметкерлері сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаған жағдайда міндетті түрде отставкаға кетуге сұрану керек. Осыған орай елімізде 2019 жылы мемлекет басшысының саяси шеберлігінің арқасында агенттік тарапынан ұсынылған бірқатар бастамалар қолдау тауып, заңға тиісті түзетулер енгізілген болатын. Егер мемлекеттік мекеменің жұмысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қандай да бір тиісті жұмыстарды атқармайтын болса, олар да жауапкершілікке тартылады, – деді.
Әсел РЗАЕВА