№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Белсенді азаматтық қоғам – мықты мемлекет негізі

Белсенді азаматтық қоғам – мықты мемлекет негізі


Елдің күш-қуаты азаматтық қоғамның белсенділігіне тікелей байланысты. Әсіресе қоғамдық ұйымдардың ұстанымы, белсенділігі шешуші рөл атқарады. Содан болар Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтік емес ұйымдардың жұмысына жіті көңіл бөліп, оларға қолдау көрсетуді міндеттеді. Осыны басшылыққа алған аудан әкімі Руслан Рүстемов үкіметтік емес ұйымдар жәрмеңкесіне қатысып, әлеуметтік жобалардың тиімділігін саралады.


Жәрмеңкеде үкіметтік емес ұйым­дар 9 жоба ұсынды. Жобалар өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге, соның ішінде, мүгедектігі бар және мү­ге­дек балалары бар отбасыларды оңалтуға, жасөспірімдердің ойын-сауық кешендерінің инфрақұрылым құруға бағытталды. Сондай-ақ жастардың білімін арттырып, өнерін шыңдап, са­лауатты өмір салтын ұстануда қол­ғабыс етуге басымдық берілген.
Аудан басшысы Руслан Рүстемов жиынның маңыздылығына тоқталып, қорғалған жобаларға нақты бағасын берді.
– Ел тәуелсіздігінің іргетасы қаланған тұста Елбасы алдымызға төрт бірдей қастерлі міндетті қойды. Соның бірі – қоғамдық ойды қайта құру, қалыптастыру болатын. Өйткені азаматтық қоғамның негізгі қозғаушы күші, атқарар жүгі елдің әлеуетін арттыру, жаңа бастамаларға бет бұру. Сондықтан кез келген елдің атқарушы билігі мен үкіметтік емес ұйымдардың байланысы демократиялық құндылықтардың деңгейінен хабар береді. Жаңақорған ауданында үкіметтік емес ұйымдардың белсенділігі артып келеді. Бүгінгі жобалар жәрмеңкесі соның айғағы. Дегенмен жобалардың ішкі мазмұнын байытып, нақты бағытын айқындап, жетілдіре түсу керек. Бұл бағытта бірлесе жұмыс істеуге ша­қырамын, – деді әкім.
Әлеуметтік жобаны құрудың басты мақсаты – қоғамның дамуына ықпал ету. Ал оны жүзеге асыратын қоғамдық ұйымдар. Мұндай ұйымдар саны аудан 42-і болса, оның мемлекеттік тапсырысқа қатысатыны санаулы ғана. Оның басты себебі мемлекеттік тапсырыстың көлімі аз. Сондықтан тапсырыс көлемін арттыруға мән беру керек. Бұл ұсынысты «Үкіметінің емес ұйымдарының Альянсы Ассоциациясының» Жаңақорған ауданы бойынша өкілі Нұрхан Айдаров алға тартты.
– Аудандағы 42 үкіметтік емес ұйымның тек 8-і ғана белсенді жұмыс істей­ді. Бүгінгі ұйымдастырылған жо­ба­лар жәрмеңкесі жалғасын тап­са, ұйымдардың сапалық деңгейі арта түсетіні анық,– деді Нұрхан Дүй­сенханұлы.
Жәрмеңкеге ұсынылған жобалар елдегі әлеуметтік деңгей, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көмек қолын созып, жұмыссыздық деңгейді реттеуге бағытталды. Негізгі жобаларға қысқаша тоқтала кетейік. Өйткені ұсынылған идеялардың ішінде кәсіпкерлік бағытқа бейімделгендер де кездесті.
«Жаңарған Жаңақорған жастары» қоғамдық қорының атқарған жұмысы мен алдағы жоспарлар жөнінде Еркінбек Айнақожаев сөз бастап, жобасын қорғады. Жастар жетекшісінің ұсынған жобасы – «Анаға хат» және «Әкеге хат» деп аталады. Белігілі ақын Ақмарал Леубаеваның бастамасымен қолға алынған жоба былтыр тұсауы кесілген болатын. Өте әсерлі, қоғамдық айтар ойы бар, әсіресе отбасылық құндылықты дәріптеп, өскелең ұрпаққа тағылымды тәлім-тәрбие бере алды.
Одан кейін, «Жасампаз жастар» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ұлсе­рік Иманбаеваның «Денсаулық пен құндылық» жобасы қорғалды. Салауатты өмір салтын қалыптастырып, мүмкіндігі шектеулі балалар мен жеткіншектерге көтеріңкі көңіл күй мен ой сергітетін бастаманы қолға алған. Яғни денсаулық пен құндылықты ұйыстырып, орталық алаңда балаларға жаңа бетбұрыс, жаңашылдық сыйлай алатын жобаның бірі. Ал Ақжарқын Тасболаттың «Өрке­ниетті өлке» қорының «Нұр шуақ» шеберлер орталығы жобасы қазіргі қоғамға өте керекті бастама. Күйбең тіршілікпен үйде отырған аналар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға ісмерлік өнердің қыр-сырын үйретіп, мүмкінді болса кәсіпкерлік салаға бағыттауға жол ашуға үлкен мүмкіндік туғызды. Елдегі төтенше жағдай кезінде Ақжарқын бастаған нәзік жандылар, «ЖЖЖ» еріктілері қоштаған арулар бетперде тігіп, қаншама отбасыны маскамен тегін қамтамасыз етті. Осындай іскер қыздардың ұмтылысы, талпынысы қуантады.
Гүлімай Мұқаштың «Qamqor» жобасына да аудан әкімі жоғары бағасын берді. «Qamqor» әлеуметтік дүкенінің атқарылған жұмыс барысымен таныстырған жоба авторы алдағы межесін айқындап берді. Сондай-ақ жиынға арнайы келген алдыңғы аға буын, ардагерлер Арайлым Исматованың «PRIMARY SCHOОL» жобасына қолдау білдірді. Әзірге бір ауылды білім саласымен қамтамасыз етуді көздеген Арайлымның жобасы болашақ үшін өте керекті жоба деп танылды.
«Мейірім» және «Үміт» жобасы бірыңғай қоғамнан оқшауланған мүмкіндігі шектеулі жандарға арналады. Айдана Қалжігітованың бастамасын қолдаған Руслан Рүстемұлы жоба аясын кеңейтіп, тек бір ауыл емес, айналасындағы ауылдар, яғни бір аймақты қамту керектігін айтты. Сол секілді қаржысы аз, бірақ өте тиімді тәсілді ұсынған «Жаңарған Жаңақорған жастары» еріктілер мүшесі Ергеш Азаматтың жаттығу, сауықтыруға арналған құрал-жабдықтары мақұлданды.
Тегін қызмет түрін үйлестіру арқылы әрбір тұлғаның күрделі әлеуметтік мәселелерінің шешілуіне ықпал етудегі жобаның бірі Нұрхан Айдаровтың «ZHANAKORGAN CONSULT» кеңес беру орталығы, Қуаныш Сабырұлының дәнекерлеу жұмысын аудан орталығында дамыту жобасы құптарлық.
Жиын соңында аудан әкімі Руслан Рүстемов аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Қаржыбек Бүркітбаевқа кәсіпкерлік бағытқа келетін жобаларға тегін гранттар бағытын түсіндіріп, жол сілтеуді тапсырды. Айта кететіні, «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында 5 млн теңгеге дейін грант алуға мүмкіндік бар. Ол үшін 29 жасқа дейінгі талаптылар креативті, инновациялық бизнес-идеяларын ұсынуы тиіс. Ол үшін Qoldau.kz сайты арқылы ұсыныс білдіре алады. Қосымша сұрақтар болса бөлімге баруға болады.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
03 қараша 2020 ж. 507 0