EGOV.KZ: 1-сыныпқа өтініш қабылдауда
2020-2021 оқу жылы басталуына 40 күн қалды. Әні-міне дегенде 1 қыркүйек те келеді. Оқу маусымы жақындаған сайын ата-ананы 1 сыныпқа баратын баласының құжатын қайда, қалай тапсырамыз деген сұрақ мазалары анық. Біз осы сұраққа жауап іздедік.
Білім және ғылым минстрлігінің ресми ақпаратына сүйенсек, 2020 жылдың 1-маусымынан бастап egov.kz арқылы жүзеге асып жатыр. Онлайн құжатты тұрғындар қалай тапсыра алады? Ол үшін ата-аналарға порталдың «Білім» бөліміне кіріп, «Орта білім» батырмасын белгілеп, өзі таңдаған мектепті белгілейді. Сосын қажетті құжаттарды қоса жолдап, өтініш береді.
1 сыныпқа өтініштерді қабылдау 1 маусымнан 30 тамызға дейін жүзеге асады. Ал мектепке қабылданар бала қандай талапқа сай болуы керек? Білім ордаларының 1 сыныбына 6 жасқа толған және ағымдағы күнтізбелік жылы 6 жасқа толатын балалар қабылданады. Қарапайым тілмен айтқанда, қыркүйек-желтоқсан айларында туған балалар бірінші сыныпқа бара алады.
Бұл жөнінде ойын білдірген аудандық білім бөлімінің басшысы Болат Ибрагимов:
– Ескере кететін жәйт, баланың ата-анасы немесе өзге де заңды өкілдері оқыту үшін кез-келген білім беру ұйымдарын таңдауға құқығы бар (бос орын болған жағдайда). Типтік ережеде, білім алушылардың даярлық деңгейі және даму дәрежесі бойынша сыныптарды толықтыруға жол берілмейтіні айтылған. Сонымен қатар, бір сыныптағы оқушылар саны 25-тен аспауы тиіс. Біз осыны басшылыққа аламыз, – деді.
Әзірге, әрбір мектеп өзінің аумағында тұратын тұрғындардың балаларының жас ерекшелігіне сай болжам жасап, egov.kz порталына өтінім берген. Осы болжам арқылы 25-90-120 балаға дейін орын ұсынып отыр. Н.Илялетдинов атындағы №169 мектептің директоры Аллаберген Ахметов 90 балаға дейін бала қабылдауға қауқарлы екенін айтты.
– Ата-аналар өтініші онлайн қабылдануда. Бүгінге дейін 43 баланың құжаты қабылданды. Біздің мектеп қос тілде жүргізілетін мектеп болғандықтан орыс және қазақ сыныптары әр жылы әртүрлі ашылады. Бірде 2 қазақ сыныбы, 2 сынып орыс тілінде болса, кейде бірі кеміп, бірі артып жатады. Сондықтан ата-ана сыныпты көрсеткенде осы таңдауды ескерсе, – дейді мектеп директоры.
6 жастағы бүлдіршінінің құжатын онлайн тапсырғанның бірі – Айнұр Анарбек. МАИ бекетінің тұрғыны. Үлкен ұлын №163 мектепке берген. Ол 2 сыныпты бітірді. Сондықтан келесі баласының осы мектепте білім алғанын жөн көріп отыр екен.
– Аудандағы іргелі мектептің бірі – №163 мектеп. Ұстаздарының тәжірибесі толысқан, білімді, білікті. Осыны ескеріп үлкен ұлымызды осы мектепке берген едік. Үлгерімі жақсы. Енді қызымыздың осы мектепте білім алғанын қалап, құжаттарын онлайн тапсырдық, – дейді ол.
Балаларды бірінші сыныпқа алу үшін ата-аналарынан өтініш (немесе оларды алмастыратын тұлғалардан), Баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі, денсаулығы туралы анықтамасы (медициналық паспорт), екі дана 3×4 суреті қажет.
Егер 1 сыныпқа баратын балаңызға әлі құжат тапсырмаған болсаңыз, egov.kz арқылы жүргізуге болатыны тағы да естеріңізге саламыз.
Мақпал МАРҚАБАЙ