» » Қызметіне адал маман

Қызметіне адал маман


Коронавирус әлем елдеріне тез тарап, жүз мыңдаған адамның өлуіне себеп болған кезде, медицина саласының мамандарына жауапкершілік жүгі ауырлай түсті. Осындай міндетті қалтқысыз атқаруда Жаңақорған ауданындағы медицина қызметкерлері де бар. Олардың қатарында ауданның бас мейірбикесі Тұрғаш Даниеваның орны ерек.
Шыны керек, аудандағы індет ошағы анықталған тұста дәрігерлер мен медбикелер, тазалықшылар қызмет істеуге кірісті.
– Атқарған іс нәтижелі болып, лайықты баға беріліп жатса, сөзсіз қуанасың ғой! Коронавирус індетімен күресу жолындағы медицина саласының қызметкерлері ұшан-теңіз еңбек сіңірді. Мұны Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары бағалап, рухани тұрғыда демеу көрсетіп, материлдық тұрғыда қолдау көрсетті. Айлыққа қосымша төленген үстемақыны алып, қатты қуандық. Ерекше қамқорлық үшін Президентке, Үкіметке, Денсаулық сақтау министрлігіне, басқарма басшылығына алғысым шексіз. Медицина қызметкеріне әлеуметтік желілер арқылы түрлі челлендждер ұйымдастырып, пікір жазып, жұмысқа сәттілік тілеген тұрғындарға ризамын, – деді Тұрғаш Аманкелдіқызы.
Ол қауіпті індеттің бетін қайтару жолында карантиндік бақылауға алынған тұрғындармен жүргізілетін жұмыстарды ұйымдастырушының бірі. Карантин басталғалы сала қызметкерлерімен бірге 20 күннен бері үйіне қайтпай жұмыс жасауда. Ол қауіпті істе қызметіне адалдығын көрсетіп, әріптестерін жігерлендіріп, жүйелі жұмыс істеуде мұрындық болуда.
– Жұмыла жұмыс жасап тездетіп осы қауіпті індеттің бетін қайтарып, дертке шалдыққандарды аман-есен сауықтырып үйлеріне қайтарсақ, аурудың халық арасында таралуының алдын алсақ, біздің басты жеңісіміз осы. Шүкір, қазір аудандағы ахуал біршама тұрақтала бастады. 30 науқастың 17-і жазылып шықты. Бұл – коронавирусты толық жеңдік деген сөз емес. Тұрғындардан сұрайтыным, қауіпті індеттің ешкімді де аямайтынын және аса қауіптілігін естен шығармай, өздеріңіз үшін, жақындарыңыз үшін үйде болып, карантиннің талаптарын сақтайық, – дейді кейіпкеріміз.
Медицина саласының дамуы ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, әлеуметтік және кәсіптік белсенді, бәсекеге қабілетті, білімді де білікті медицина мамандарына тәуелді. Дәрігер науқастың диагнозын қойып, ем-домын анықтаса, медбикелер науқасты сауықтыру процесінде жауапты қызмет атқарады. Міне, сондай міндетті мойымай көтеріп, ұйымдастырушылық қабілетімен ерекшеленіп жүрген Тұрғаш Даниеваның аудан медицинасы үшін қосқан үлесі қомақты. Бір сәт кейіпкеріміздің өмір жолына зер салып көрейік.
1989-1992 жылдары Шымкент медицина колледжінде «Мейірбике ісі» мамандығы бойынша білім алған оның қызмет жолы аудандық аурухананың хирургия бөлімінде басталған. Алғашында ауыр жағдайдағы науқастар мен жантүршігерлік операцияларды, жол апатынан көз жұмған адамдардың ауыр қайғысын көзімен көрген медбикеге жұмыс оңайға соқпайды. Алайда, білікті басшы Сұлтанбек Әлқожаевтың «әлсіз адам ауруханада жұмыс жасай алмайды, білікті мейірбике боламын десең батыл бол!» деп үйреткен тәлімінің арқасында Тұрғаш Амангелдіқызы өз алдына нық мақсат қойып, қиындықтың бәрін артта қалдырады. Осылайша, жастайынан аурухананың ауыр тірлігіне араласып, жауапкершілігін, ептілігін, талапшылдығын байқатады. Міне, сол білікті маман қазір қауіпті індетті алдын алуда тамшы тер төгіп жүр.
Бүгінде 38 аға мейірбике мен 814 орта буын медицина қызметкерлерін басқарып отырған бас медбикенің өзі жоғары санатты. Аурухана, емхана, дәрігерлік-амбулатория, мектеп ішіндегі мейірбикелердің жұмысын ұдайы қадағалап, жаңа тәжірибелерді үйрету де Тұрғаш Амангелдіқызының мойнында.
Өзгеге басшылық ету үшін кәсіби бола білу маңызды. Бұл үрдісті ұстанған ол, жыл сайын облыста біліктілігін шыңдап келеді. 2018 жылы Финляндияда оқып, мейірбикелер жұмысының әлемдік тәжірибесін үйренген. Медицина саласындағы ұзақ жылдық сапалы еңбегі үшін 2019 жылы Ден­саулық сақтау министрі Елжан Біртановтың «Құрмет» грамотасымен марапатталды.
– Тұрғаш Амангелдіқызы білікті маман, өз ісіне жауапкершілікпен қарайды. Бүгінгідей жағдайда дәрігерлермен мейірбекелердің еңбегі сіңді. Әрине әр медицина қызметкерінің еңбегі өз алдына, ал Тұрғаштың еңбегі де бір төбе, – деді ауданның бас дәрігері Яхия Шорабаев.
Міне, бас мейірбикенің қызмет жолы осылай өріліп келеді. Бүгінгі күннің батырлары саналатын ақ халатты жандардың осындай табандылығы мен еңбекқорлығының арқасында елдегі жағдай жақсарып келеді. Әсіресе аудандағы ахуал тұрақталды. Карантин режимі жеңілдетіле бастады.
«Еңбегіне қарай өнбегі» демекші, Тұрғаш Данееваның қалтқысыз қызметі ескеріліп, облыс, аудан әкімінің облыстық денсаулық сақтау басқармасының «Алғыс хатымен» марапатталды. Бұл шынайы еңбектің жемісі. Ол ауданда ғана емес, облыстағы үздік мейірбикенің бірі. 2018 жылы денсаулық сақтау саласы бойынша мейіргерлер арасында ұйымдастырылған облыстық байқауда екінші орын алуы соған дәлел.

Әли ТЕМІРБЕК
01 мамыр 2020 ж. 394 0