Бағдәулет Мақашов Жаңақорған ауданындағы 150 отбасына қолдау білдірді
Бүгін Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты, «Жан-Арай» ЖШС төрағасы Бағдәулет Мақашов азаматтық танытып, қайырлы іске себепкер болды. Кәсіпкер Төменарық және Қожамберді ауылдық округіндегі 50 отбасына әлеуметтік маңызды азық-түлікті таратты.
Игілікті шараның басынан табылған «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәжит Балқожаев:
– Кәсіпкер, меценат Бағдәулет Мақашов Жаңақорған, Жалағаш, Қармақшы ауданының «Құрметті азаматы». Сыр өңірінің дамуына қосқан үлесі үшін берілген атақты абыроймен көтеріп жүр. Әр кез қайырымды істерімен ерекшеленіп жүреді. Елде төтенше жағдай жарияланған тұста үш аудандағы әлеуметтік жағдайы төмен 300 отбасыға азық-түлік түрлерін берді. Бүгін өзі туып өскен Қожамберді, Төменарық елді мекеніндегі 50 отбасына қолдау көрсетіп отыр. Оған Алла разы болсын. Қасиетті Рамазан айында берген садақа-зекеттері қабыл болсын, – деді.
Қожамберді ауылдық округінің әкімі Молдахмет Нәлібаев пен Төменарық ауылдық округінің әкімі Нұркен Қошқарбаев көп балалы отбасыларға, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік түрлерін тегін таратты.
Қайырлы іске рухтанған қожамберділік көп балалы ана Ләззат Ерманова мен Мөлдір Шахабаева алғысын жеткізіп, ораза жасаған жақсылықтары өздеріне қайтуын тіледі.
«Жан-Арай» ЖШС аманатын әкелген Нұрдәулет Мақашов Төменарықта үйі өртеніп кеткен Жиенбаевтардың отбасына кіріп шығуды да ұмытпады.
Бағдәулет Еркінбекұлының сәлемдемесін жеткізіп, 200 мың теңге және азық-түлік түрлерін табыс етті. Сондай-ақ, Төменарықтағы Зухра Кекілбаева мен Тұрғаш Қалдыбаева түтінін түтететін шаңыраққа арнайы барды.
– Қазақ сүрінгенге сүйеу, жығылғанға жалау, қиналғанға қолдау білдіруге бейім халық. Коронавирус бүкіл әлемге тарап, елдер шекарасын шапқан кезде экономикасы бір-біріне байланған елдерге оңай болмады. Мұндай қиындықты біздің ел де сезінуде. Бірақ елге тұтқа болатын ел ағалары халықпен бірге болып, қиындықты бірге еңсерудің жолын іздеуде. Бағдәулет ағам ауылдағы ағайынға сәлемін жолдап, карантин кезінде тарыққан отбасыларға демеу болуды жөн санады, – серіктестік төрағасының орынбасары Нұрдәулет Еркінбекұлы.
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ