№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ел қауіпсіздігі – басты міндет

Ел қауіпсіздігі – басты міндет


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдайлар туралы Жарлыққа қол қойғаннан кейін елде көпшілік қатысатын іс-шаралар мен жиын-тойлар, спорттық жарыстарға шектеу қойылды. Яғни тәжтажалдың алдын алу мақсатында қоғамдық тәртіп қатаң бақылауға алынып, сақтық шаралары күшейтіле бастады. Бұл жағдайға жаңақорғандықтар да бейқам қарамауы керек. Осы жөнінде аудан әкімі Сұлтан Мақашов сала басшыларымен өткен жиында жан-жақты пысықтап алды.


Алдымен адам көп шоғырланатын азық-түлік базарлары, сауда үйлерінде, асхана, мейрам­ханаларда түсіндірме жұмыстарын жүргізу керек.
– Кәсіпкерге заңға сай жұмысты әрі қарай жалғастыруды, ал тұрғындарға төтенше жағдайға сабырмен қарауды түсіндіруіміз маңызды. Яғни саудагерлер белгіленген уақытта дүкенін жабуы тиіс. Былайша айтқанда республика көлеміндегі жұмыстарға жұмыла әрекет етуіміз керек. Егер айтқанға көнбесе, онда заңмен әрекет етуге мәжбүрміз. Елдің саулығы үшін атқарылатын жұмысқа тұрғындар бей-жай қарамайды деген сенімдемін, – деді аудан басшысы.
Әкімнің талабы орынды. Әйтпесе тиыннан теңге құрап отырған кәсіпкерлерге жұмысын тоқтату ауыр тиеді. Мемлекет басшысы Үндеуінде ірі сауда орындары жабылғанымен, дүкендер жұмысын жалғастыра беретін айтты. Той-томалақтар мен мешіттерде берілетін астарға да шектеу қойылады.
«Ертеңнен бастап мешітте берілетін астарға шектеу қойдық. Ас иелеріне түсіндірме жұмысын жүргіздім, кейбір тұрғындар дұрыс түсінбей жатыр. Жаратқан өзі жар болсын, десе де сақтықта қорлық жоқ. Бұл да сынақ болар, сондықтан сәл сабыр етіп, кейінге қалдыруға да болады. Бәрінен бұрын бізге адам денсаулығы аса маңызды» деді ауданның бас имамы Садулла қажы Омаров.
Жаңақорған аудандық тауарлармен көрсе­тілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Шынар Айдарова ұсынысын жеткізді. Төтенше жағдайлар бөлімі, полиция бөлімі және аудан әкімдігінен арнайы мамандар біріге арнайы топ құрып, уақыт оздырмай алдымен түсіндірме жұмысын жүргізу керек-ақ.
– Біз жауапты мамандармен төрт топ құрамыз. Оның үш тобы кент аумағындағы адам көп жиналатын орындарда түсіндірме жұмысын жүргізеді. Ал бір топ «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолының бойында орналасқан асханалар мен қонақ үйлеріне бөлінеді. Тұрғындарға айтарымыз, ең бастысы әрбір адам жеке бас гигиенасын сақтап, өзіне мұқият қарағаны абзал. Ауданның брендіне айналған қос шипажайдың жұмысын уақытша тоқтатуды ұсынамын. Бұл – халықтың қауіпсіздік үшін маңызды, – деді сала басшысының міндетін атқарушы.
Айта кететіні, Жаңақорған кентіндегі тойха­налар да жұмысын уақытша тоқтатуы мүмкін. Бұл да жиында тыс қалмады. Сондай-ақ, қоғамдық және такси көлігін тазалау, залалсыздандыруына мән беру керектігі баса айтылды.
Осыған байланысты Жаңақорған аудандық тауарлармен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бөлім меңгерушісі Жан Шайхисламов:
– Шыны керек, сауда немесе шағын кәсіппен айналысып отырғандар күніне екі-үш рет залалсыздандыру жұмысын жүргізуге қауқарсыз. Қолымен тазалау, сүртудің әсері шамалы, одан арнайы аппараты бар кәсіпкерлер жеткілікті. Солармен келісім-шартқа отырып, жұмыс жасауға болады, – деді.
Аудан әкімі бірлік пен береке танытатын уақытта саудагерлердің азық-түлік бағасын шарықтатып жібермеуін қадағалауды тапсырды. Сонымен қатар, тұрғындар тарапынан қандай да бір сауал туындаса оған жауапты мамандармен байланысуға болатынын ескертті. Аудан әкімінің идеология жөніндегі орынбасары Дархан Тұрсынбаевпен байланысу үшін +7 701 777 37 19 нөміріне хабарласауға болады. Аумақтық қорғаныс және төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің басшысы Шерхан Ашимовпен байланысу үшін 22-4-27 немесе +7 702 360 30 71 қалта теефонына қоңырау шалуға болады. Ал Жаңақорған аудандық тауарлармен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Шынар Айдарованың байланыс телефоны: 21-419 және +7 702 264 27 76. Бір айта кетерлігі, шалынар қоңырау тек тәж вирусына қатысты болсын, әйтпесе заң бәрімізге ортақ екенін ұмытпайық.
Президенттің Жарлығынан кейін ведомстволар шұғыл шешім шығарып, кейбір қызмет түрлерін уақытша тоқтату жөніне пәрмен берді.
Мәселен, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің №63 бұйрығына сәйкес, кітапханалар, музейлер, театрлар мен клубтар оқырмандарды, көрермендерді және келушілерді қабылдауды уақытша тоқтату жөнінде шешім шығарды.
Бұған дейін Қызылорда облысының білім саласын басқарған, қазір Білім және ғылым министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрағасы Майра Мелдебекова өзінің фейсбуктағы аккаунтында:
– Балабақшаға балаларды апару ата-аналардың өз еркіне қалдырылды. Дегенмен, барынша балаларды үйде ұстауға кеңес беріледі. Балалар балабақшаға бармаса да орны сақталады. Орта білім беру жүйесінде 3 апталық демалыс басталды. Оқушылар үйінде болады. Мұғалімдердің мектепке келуі талап етілмейді. Педагогтар каникул режимінде оқушыларға методикалық, танымдық тапсырмалар ұсынады. Қосымша білім беру ұйымдарының, оқушылар сарайы, музыка, өнер мектептерінің жұмысы уақытша тоқтатылды. Мерзімі 5 сәуірге дейін. Жоспарланып қойылған олимпиада, спартакиадалар кейінге шегерілді. Еліміздегі «Балдәурен», «Бөбек» лагерьлерінде балаларды сауықтыру мерзімі екінші жартыжылдыққа шегерілді, – деп қысқа-нұсқа түсіндірме берді.

P.S.: Алдымызда қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін жоғары деңгейде қамтамасыз етудің зор жауапкершілігі тұр. Мұны әрбір азамат сергек сезініп, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге үлес қосуы тиіс. Жиынды қортындылаған аудан басшысы Сұлтан Мақашов әрбір азамат осыны қаперге алуды ұсынды.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
17 наурыз 2020 ж. 787 0