Соңғы жаңалықтар

"Талантты Жұлдыздар"

24 сәуір 2024 ж. 53

№32 (8743) 23

23 сәуір 2024 ж.

№31 (8742) 20

20 сәуір 2024 ж.

№30 (8741) 16

16 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930 
» » Үкімет түбегейлі өзгерістер жоспарын әзірлеуі тиіс

Үкімет түбегейлі өзгерістер жоспарын әзірлеуі тиіс


Қасым-Жомарт Тоқаев Шұғыл әрекет ету штабының кеңесін өткізді, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.


Президенттің төрағалығымен Шұғыл әрекет ету штабының кеңесі өтті. Оған Үкіметтің және бірқатар мемлекеттік органның басшылары қатысты.
Мемлекет басшысы әлемнің жаһандық экономика мен геосаяси ахуалды қайта өзгертудің күрделі кезеңін бастан кешіріп отырғанын атап өтті. Қазақстанның алдында тұрған міндет – мүлдем жаңа талаптар кезеңінде экономиканы орнықты даму режимінде сақтау.
Премьер-Министр Асқар Мамин ел экономикасына кері әсер ететін сыртқы факторларды азайтуға байланысты Үкіметтің қабылдап жатқан шаралары туралы баяндады.
Қасым-Жомарт Тоқаев корона­вирустың таралуына қарсы күрес жөніндегі шешімнің ақталғанын және дер кезінде қабылданғанын, оның отандастарымыздың денсау­лығын сақтауға бағытталғанын атап өтті. Президент кәсіпорындар мен мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлерінің медициналық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты қосымша шаралар қабылдау қажет деп санайды.
Мемлекет басшысы балаларына қарау үшін үйінде отыруға мәжбүр ата-аналардың біріне ақылы еңбек демалысын беру қажеттігін жұмыс берушілерге түсіндіруді тапсырды. Үкімет фискалды механизмдер арқылы кәсіпорындарға қолдау көрсету шараларын қабылдауы керек.
Президент медициналық меке­­­­­мелер мен азаматтарды дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету мә­селесін шұғыл шешуді, медициналық нысандардың дайын­дығын тексеруді талап етті.
Мемлекеттік қызметшілер мен басқа да лауазымды тұлғалардың шетелдерге іссапармен баруына тыйым салынады, тек азаматтарымыз бен еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған сапарларға ғана рұқсат беріледі.
Президент еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына және бюджет шығындарына қатысты болжамды қысқа мерзімде қайта қарауды тапсырды.
Мемлекет басшысының пікірінше, бюджет шығындарын халықты жұмыспен қамтуға, шағын және орта бизнесті қолдауға бағыттап, қайта қарау керек.
Президент Үкіметке, ең алдымен, отандық өнім өндірушілерге басымдық бере отырып, тауарлар мен қызмет түрлерін сатып алудың тікелей және ашық жүйесіне көшуді тапсырды.
Үкімет отандық ірі кәсіп­орындармен бірлесіп, өндірісті қолдау және кеңейту, жұмыс орындарын сақтау бойынша дағдарысқа қарсы мақсатты жоспар әзірлейді.
Мемлекет басшысы отандық тау­арларды және жұмыс күшін пайда­лана отырып, инфра­құрылымдарды жөн­деуді, әлеуметтік нысандар мен жергілікті жолдар салуды көздейтін Жұмыспен қамтудың жол картасын жүзеге асыруға кемінде 300 миллиард теңге бөлу жөнінде тапсырма берді.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне Ұлттық банкпен бірлесіп, қазақстандық бизнеске несие беру көлемін азайтпау жөнінде шаралар қабылдауға тапсырма берілді.
Аймақ әкімдері азық-түлік пен қызмет түрлерінің бағасын бақылау жұмыстарын белсенді жүргізуі керек.
Сонымен қатар Президент мемлекеттік органдарды жекелеген тауарлардың сұранысына дүрбелең тудырмай, бос үрей мен алып-қашпа сөздің алдын алу үшін ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізуге, оның ішінде, әлеуметтік желілерге айрықша көңіл бөлуге шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айту­ынша, еліміздің азық-түлік қоры Қазақстан халқының қажеттілігін толық қамтамасыз ете алады, тұтыну тауарларына қатысты ешқандай тапшылық болмайды.
14 наурыз 2020 ж. 541 0