» » Түркістанда ұлттық нақыштағы бутик-қонақ үй ашылады

Түркістанда ұлттық нақыштағы бутик-қонақ үй ашылады


Жаңа форматтағы қонақ үй көлемі 2 400 шаршы метрді құрайтын қайта жаңартылған ғимаратта орналасады. Бутик-отельді соғу «Түркістан» ӘКК» АҚ Қазақстанның «BI Group» –инвестициялық-құрылыс холдингісінің еншілес компаниясы жүзеге асырады.
Түркістан қаласын дамыту жөніндегі стратегиялық міндеттер шеңберінде «Түркістан» ӘКК» АҚ облыс орталығының сервистік және қонақ үй қызметтерінің нарығын зерттеді. Нәтижесінде ең перспективалы, болашаққа бағытталған жоба ретінде қаланың тарихи-мәдени орталығына орналасатын «бутик-отель» форматында қонақ үй соғылатын болды.  
Жаңа форматтағы қонақ үй көлемі 2 400 шаршы метрді құрайтын қайта жаңартылған ғимаратта орналасады. Онда 66 бөлме болмақ. Жобаны іске асыру барысында қонақ үй бизнесіндегі халықаралық стандарттарды басшылыққа алу қажет. Бутик-отель құрылысы жобасын жүзеге асыру мақсатында іздестірілген әлеуетті серіктес-инвестордың тиісті тәжірибесі мен біліктілілі, портфолиосы маңызды болды.
«Жалпы, бутик қонақ үйі мен қарапайым қонақ үй арасындағы айырмашылық – ең алдымен, батыл дизайнерлік шешімдерде. Интерьер жергілікті нақышта, тарихи, ұлттық, сондай-ақ, туристерге өте тартымды қазақ халқының дәстүрлі элементтерімен өрнектелетін болады. Сондықтан, серіктес ретінде елде имидждік және жаңашыл жобалар құрылысында бай тәжірибесі бар «BI Group» компаниясын таңдау дұрыс шешім болып табылды.
Жыл сайын саны артып келе жатқан қажылық мақсатта келушілер мен туристер легін ескерсек, этникалық стильде безендірілетін бутик-қонақ үйі сұранысқа ие болады және жаңа Түркістанның сәніне айналады», – деп атап өтті «Түркістан» ӘКК» АҚ Инфрақұрылым мен туризмді дамыту департаментінің директоры Баян Каюпова. Сонымен қатар, қазіргі таңда халықаралық франшизаға ие кофейнялар, түрлі форматтағы мейрамхана кешендерін салу мақсатында серіктес-инвесторлардан ұсыныстар қабылдануда.

10 наурыз 2020 ж. 583 0