Дән түскен жерінде көктейді
Әлемнің екінші ұстазы атанған Әбу Насыр Әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген қанатты сөзі бар. Осы қағиданы қазық ете білген білім ордаларында бала бойына мазмұнды тағылымды егудің барлық тетіктері қолданылып келеді. Соның ең бір тұғырлысы – жас түлектердің тарихты терең білуі дер едік. Бұл турасында ұлы ұстаздың «Кім бүгінді бағамдағысы келсе өткенін білу керек, өткеніне ие болашақты да болжай алады» деген сөзі бар.
2020 жылы ЮНЕСКО шеңберінде Әбу-Насыр Әл-Фарабидің туғанына 1150 жылдық мерейтойы аталып өтеді. Осыған орай барлық білім мекемелерінде Фарабитану оқулары қолға алынды. Кеше біз барып қатысып қайтқан Жайылма ауылындағы №195 мектеп-гимназиясы жас дарындары екі жылдан бері зерттеп келе жатқан ұлы ойшыл зерттеулерінің екі саласы бойынша нәтижеге қол артты. Нақтылап айтсақ, мектеп оқушысы Орынбасар Асылзат "Әл-Фараби және математика" тақырыбында облыста үздік шығып, енді республикалық байқауға жолдама алды. Сондай-ақ 6 сынып оқушысы Әбдуәлі Мұхамедәлі "Зерде" ғылыми жобалар байқауында үздік шығып, ол да республикаға жолдама алып отыр. Бұл ретте мектептегі ұстаздары Күләш Әлжанова, Лаура Қамбарбекқызынан бөлек "Қорқыт ата" атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ұстаздары, ғылыми жетекшілері Айман Айтбаева мен Зағира Баекееваның еңбегі ұшан-теңіз.
Мектеп – гимназиясы аталмыш жоғары оқу орнының профессорлық құрамымен көптен бері шығармашылық тығыз байланыста. Бұл соның нәтижесі.
ҮЛКЕН БАҚЫТ ТАБУ ҮШІН ҒАЛАМДА, АДАМ БОЛЫП ҚАЛУ КЕРЕК АДАМҒА
Аудан мектептерінен алдыңғы қатарлы шәкірттер қатысып отырған тағылымды жиынды ашқан мектеп директоры Жанат Жүсіпова шәкірттерінің жетістігімен таныстыра келе осы шараға арнайы келген университеттің қазақ тілі және әдебиеті кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Айман Ералықызына сөз берді.
Мінберге көтерілген ұстаз ең алдымен кеше бәйгеде топ жарған талапты шәкіртін елдің алдына шығарып, өзінің ақ тілегін жеткізді. Мысыр әміршісінің қызы Банудың Фарабиді шәкірттеріне аманаттаған асыл сөзі он ғасыр өткенде Қаратаудың қойнындағы аядай ауылда қайта асқақтап қанат қаға жөнелді.
"Егер сенің ұстазыңа біреу қанжар тығар болса, сен оған көкірегіңді тос, егер ол жанарынан айрылып, зағип болса, сен оның көзінің нұры бол, қолынан жетелер қорғаны бол, ұстазыңды құрметте!". Сүйікті шәкірті - үкілі үмітіне ұлы ұстаздың даналық кітабын тарту еткен тәлімгердің одан әрі жалғасқан Фараби туралы толғамдары ұлы ақын Абай мұрасымен өзектесе “Фараби мен Абай үндестігі” тақырыбында өрбіді.
Әл-Фараби бәрінен бұрын жан туралы ғылымды тұңғыш зерттеген ғалым. “Адамды басқаратын мидан бұрын жүрек” деп тапты ғалым. Жүрекке әмір жүрмейді. “Балаға алдымен ақылдың тәрбиесі берілуі керек” дейді Абай да.
Әл-Фараби: “Жүрек мейірімді болса ол жақсылық жасаудан ләззат табады, біреудің қайғысына шын ортақтасып, жәрдемге ұмтылады” дейді. Өзінің “Қайырымды қаланың тұрғындары” деген трактатында ол: “Он екі мүшесі мінсіз адам ел басқару керек” деп әкімнің мейірімді болуымен қатар шешендік өнерді терең меңгеруі қажеттігін ескертеді. Қатқан тасты да жұмсақ мамыққа айналдырар сөз құдыретін биік қояды. Ал Абай: “Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек” деп “Толық” адам концепциясын ұсынды. Кемелденген қоғам құру үшін кемелденген адам тәрбиелеуіміз керек деді.
Осы тақырыпты кең көлемде тарқатқан ғалым “Ұлы ұстаз осыншалықты ғұламалықты қайдан алды? деген сұраққа жауап беретін жерлес жазушымыз, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Дүкенбай Досжанның “Фараби” повесінің бүгінгі конференция тақырыбына таңдап алынғаны дұрыс шешім деп баға берді. Өйткені онда бала Фарабидің бейнесі бар. Дана да баладан өсіп жетіледі.
Дүкенбай Досжанның «Фараби» повесінің көркемдік ерекшелігі туралы баяндаған № 195 мектептің қазақ тілі, әдебиеті пәні мұғалімі Лаура Қамбарбекова Х ғасырларда қазақтың рухани астанасы, білім мен ғылым, мәдениет орталығы болған Отырар қаласы туралы суреттелетін шығарманың басты кейіпкері – Фараби бейнесіне тоқталды.
Барша халықтың бақытқа жету жолы ғылымды, білімді игеру деп білген Фараби Жауһар деген соғыс өнерін үйреніп жатқан жастардың арасына барып, оқытуға бала сұрайды. Яғни ол соғысқа, ел-жұртты тонауға, тақ пен даңқ үшін қантөгістерге, әділетсіздікке қарсы.
Ізгі ниетті адам өлімнен қорықпауы керек. Қадір-қасиетін сақтау керек. Өмірді ұзартуға тырысу – ол тек ізгі істерді жалғау құралы ғана деп санайды ол.
Жазушы повесте адамдары емін-еркін азат өмір сүретін, мүшелерінің бәрі тең, бірін-бірі құрметтейтін, бақытты қоғамды аңсаған Фараби бейнесін суреттейді. Сыр бойы – орта ғасырлардағы ғалымдардың Меккесі. Отырардағы кітапхананы Әбу-Насыр Әл-Фарабидың қалай құтқарып қалғандығы туралы да повесте кеңінен баяндалады. Осы жағына кеңірек тоқталған ұстаз жазушы көрсете білген Фарабидың гуманистік ойларының қорытындысы мыналар деп көрсетеді: 1) «Ақыл қайда болса, ұлылық толады, Білім кімде болса, сол білікті болады» деп адамның жетіліп, кемелденуінің алғашқы жолы білім мен ақылда жатқандығын, ғылым іздеу – мұсылманның бір парызы екендігін қадап айтқандығында. Бұл жайтты жазушы повестің үш кейіпкері Ясы, Қорқыт және Фараби бейнелері арқылы жеткізе білген.
2) Тілдің пайдасы мен зияны бірдей екенін білу; Фарабидың жастықтың кесірінен аңдамай сөйлеп құдалануы, дегенмен шындықты айту арқылы қаншама игілікті істерді тындыра білуі повестің өн бойында көрінеді.
3) Ізгілікті іс жасау – адамзаттың ең қажетті мұраттары екенін ұғыну.
4) Даңқ пен дәулетке мастанбау, ол бір орында тұрмайды.
5) Әділеттің жолын қу, шыншыл бол.
6) Ажал есігі қашанда күтіп тұрады, сол есіктен адамшылықты аттамай кіру.
7) Ұл-қызыңды тәрбиелі қылып өсіру.
8) Намысшыл ер болу.
9) Өз пайдаңнан гөрі ел пайдасын ойлауды ұмытпа деумен қорытады.
Конференцияның келесі бөлігінде №195 мектеп-гимназиясының математика пәні мұғалімі Әлжанова Күләш «Әл-Фараби ғылымы» тақырыбында баяндама жасады.
Ғылыми танымдық конференция барысында № 180, № 162, № 55, № 221, № 161 мектептің оқушылары Әбдімәлік Ақжүніс, Әлібек Інжу, Оразбек Гүлшат, Нысанша Қызғалдақ, Насыр Сымбат сынды шәкірттер жазушы шығармасы бойынша қойылған сұрақтарға өте жақсы жауап берді.
Жан-жақтан жиналған, білімге құштар ұландарға қарап отырып бізге мынадай ой келді: Фараби рухы өлмепті. Ғұлама алманың болмысы туралы қойылған: Бұл жеміс несімен артық, дәмімен бе, иісімен бе түр-түсімен бе, деген сұраққа: “Ең артығы оның – ұрығы. Ұрығы аман болса жақсы алма өсіп шығады» деген екен. Сол айтқандай, қазақ сахарасындағы бағасы жоқ асылымыздың ұрығы аман екен. Олар, міне, біздің алдымызда отырған мына балаларымыз.Осылар аман болсын!
Баян ҮСЕЙІНОВА