Ұяластарына екпе жасайтын жәндік
Тірі табиғаттың өзі адам үшін үлгі-өнеге. Адамзат жануарлар әлеміне қарап-ақ дерек пен шынайы мысал алса болады. Жануарларға білім берілмегенімен, оларда түйсік бар. Ал түйсік ешкімді де алдамайтыны анық.
Ғалымдар он шақты жәндікті алып, індетпен қалай күресетінін зерттеу үшін тәжірибе жүргізген екен. Зерттеуге құрт, термиттер мен құмырсқаның бірнеше түрін алған. Соңғылары – Испания, Италия, Германия жерінде өмір сүретін құмырсқалар. Оларды зертханада қолдан жасалған илеуге енгізген.
Ал зерттеуге алынған «құрбандық иелеріне» ғалымдар жәндіктер үшін ең қауіпті қотыр – Metarhizium anisopliae саңырауқұлақшасын «егіп», ауру жұқтырады. Құмырсқаның әрбір колониясынан да бір-бір құмырсқа таңдап алып, жаңағы ауруды өлтіретіндей дозасын ағзасына егіп, бес күн бойы бақылауға алады. Ал аурудың қалай жұққанын қарап отыру үшін биологтар саңырауқұлақшаның геніне арнайы ДНҚ орналастырған көрінеді.
Тәжірибені ХХ ғасырдағы танымал иммунолог ғалым, Нобель сыйлығының иегері Илья Кремер жүргізген. Кремер мен оның әріптестерін таңқалдырған нәрсе құмырсқаның бауырмалдығы болды. Өйткені термиттер мен құрттар ауру жұқтырған «ағайындарынан» етегін алыс ұстауға, оған жақындамауға тырысып, кейбірі колониядан бөліп тастаса, құмырсқалар болса, керісінше, «бауырын» құтқарып қалу үшін ауруға шалдыққан құмырсқаның ағзасындағы спораны бөліп-бөліп «өздеріне алған», ауруды өздеріне жұқтырған. Яғни, ауру құмырсқа ағзадағы «вирустарды» ауыз қуысы арқылы басқа құмырсқаларға аз-аздап таратып берген. Сөйтіп, басқа құмырсқалар да ауру боп шыға келеді.
Ғалымдардың айтуынша, құмырсқалар мұны ағзасын жаңа ауруға бой үйрету үшін, бұл вирусқа қарсы иммунитет жүйесін қалыптастыру үшін жасаған.
Осыдан құмырсқа мен адамның аурумен күресу жолы бір екеніне көз жеткіземіз. Адамдар да жаңа инфекцияға қарсы тұру үшін, сол инфекцияның аздаған мөлшерін вакцина арқылы ағзаға жіберіп, қорғаныс қабілетін іске қосады. Құмырсқалардың да істеп жүргені – осы.
massaget.kz