№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Бас жүлде Берікке бұйырды

Бас жүлде Берікке бұйырды


«Алланың өзі де рас, сөзі де рас. Рас сөз ешуақытта жалған болмас». Абай атамыздың бұл өлеңі әлі де өз өміршеңдігін көрсетуде. Асыл дініміз Исламның қайталанбас құндылығы, екі дүние бақытына жеткізетін Алланың кәләмі Құран екені баршаға аян. Қаншама ғасыр өтсе де бірде-бір әрпі өзгермеген Құран адамзаттың игілігі үшін қызмет етіп келеді.


Еріктілер жылының екінші айында «Жаңарған Жаңақорған жастары» қоғамдық қоры игілікті іске ұйытқы болды. Ізгі бастаманы құптаған ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі мен Жаңақорған кентіндегі мешіттер де ұйымдастырушы алқаның құрамынан табылды. Осылайша, ақылдаса келе ҚМДБ-ның құрылғанына 30 жыл толуына орайластырылған облыстық Құран жарыс өткен сенбіге сәйкес келді. Кенттегі «Қум сахаба» мешітіндегі өңірлік жарысқа 60-қа жуық шәкірт қатысты. Оның 38-і Құранды мәнерлеп оқу сайысына, ал 13-і қасиетті Құранның 2 парасын жатқа оқуға қатысты.
Қатысушыларға сәттілік тілеген ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша бас имамы Болатбек Абуов Құран-кәрімді өз ережесіне сай тәжуидпен оқи білудің сауабы жөнінде насихат өрбітіп, рухани шара ҚМДБ-ның 30 жылдық мерейтойы шеңберіндегі 30 игі іс бастамасы аясында өтіп жатқанын тілге тиек етті. Әрі Нұр-Сұлтан қаласында өткен І республикалық медресеаралық Құран Кәрімді жатқа оқу жарысында бас жүлде мен кіші қажылыққа жолдама жеңіп алған жаңақорғандық Жәдігер Әлиакбарды арнайы Алғыс хатпен марапаттады.
Ал аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әбілғазы Төлегенов «Жаңарған Жаңақорған жастары» ерікті жастарының атқарып жатқан жұмысына оң бағасын беріп, жастарды имандылыққа баулитын осындай шаралардың жалғасын табуына тілектестігін білдірді.
Ал қазылар алқасының құра­мында: облыстық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ұстазы Мұқан қари Әбжалелов, Түркістан қаласындағы «әл-Кәусар» мешітінің имамы Мұхаммедқали қари Табын және Кентау қаласындағы «Бала би» мешітінің имамы Жомарт қари Төлен және облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария мешітінің наиб имамы Шыңғыс қари Садуов болды. Қазылар баға беру барысында үміткердің барлық қырына: оқу мәнерінен бастап, дыбыстарды шығаруы мен тәжуид ережелерін сақтауына баса мән берді.
Түс ауа аяқталған сайыстың қорытындысын білуге барлық қатысушы асыққаны анық. Өйткені, бас жүлде иегері қасиетті Мекке қаласына кіші қажылық сапарға тегін жолдамаға ие болады. Қазылар алқасының шешімін тағатсыздана күткен үміткерлер ішінен үздігінің атын атауға һәм марапаттауға өңірдің бас имамы Болатбек Абуов, ауданның бас имамы Садулла қажы Омаров, «Қум сахаба» мешітінің имамы Ержан Сейтжаппаров, «ЖЖЖ» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Еркінбек Айнақожаев пен белсенді мүшесі Қоғамбек Бейсенбиев ортаға шықты.
Бірінші кезекте, Құранды мәнерлеп оқу сайысының жеңімпаздары белгілі болды. І-орын Руслан Алихан 100 мың теңге (Қызылорда қаласы), ІІ-орын Аюббай Нұрмахаммед 70 000 теңге (Қызылорда қаласы), ІІІ-орын Мұхамеджан Сұлтан 30 000 теңге (Жаңақорған), ІІІ-орын Рамазан Өмірбекке 30 000 теңге (Жалағаш ауданы) бұйырды.
Ал Құранның 2 парасын жатқа оқуда бас жүлде Бесарық ауылының тумасы Берік Біржанұлына бұйырып, кіші қажылыққа жолдаманы қанжығасына байлады. Ал І орын Қазалыдан келген Нұрдаулет Асқарұлына (100 мың теңге), ІІ-орын қызылордалық Қайрат Мұқамбетқалиға (70 000 теңге), ІІІ-орын сүттіқұдықтық Жаңабай Бақытұлына (50000 теңге) бұйырды.
Айта кету керек, облыстық деңгейде ұйымдастырылған Құран жарысына жаңақорғандық жомарт жандар мен мешіт жамағаты қаржылай демеушілік жасады.

Самат ОҢҒАРҰЛЫ
04 ақпан 2020 ж. 906 0