№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Санаққа әзірлік қалай?

Санаққа әзірлік қалай?


Адамзат жаралғалы санақ ұғымы біздің дәуірімізге дейінгі 3 мың жылдықта ежелгі Мысырда пайда болған екен. 19 ғасырдан бастап Еуропа елдерінде, Ресей, Үндістан, Латын Америкасы мемлекеттерінде халық санын ресми есепке алу қалыпты үрдіске айналды. 20 ғасырдан бастап жер шарын мекен еткен барлық халықта бұл бұлжымайтын тәртіпке айналды.
1950 жылы дүние жүзі халықтарының 80% санақпен қамтылған. БҰҰ-ның бастамасымен әр он жыл сайын жүйелі өткізілетін санақтың қоғам өміріндегі маңызы үлкен. Әр мемлекетте есепке алынған халықтың саны бойынша білім беру, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту, баспана мәселесін шешу сынды сапалы өмір сүру алғышарттарына негіз қаланады.

Сондықтан да санақтың сапалы жүргізілуін елдің әлеуметтік, экономикалық дамуына шынайы бағдар белгілеп беретін аса маңызды жұмыс деп түсіну орынды.
Санаққа жеңіл қарау саяси қателіктерге де ұрындыруы мүмкін. Өйткені оның тарихи маңызы да тереңде. Ал сандық өзгерістер сапалық өзгерістерге алып барады.
Қазірде Қазақстанда халық саны 18 млн 388 мың. Оның ішінде 10 млн 600 мың адам, яғни 57,8% қала тұрғындары болса, 7 млн 744 мың адам ауылда өсіп өркендеп, ұрпақ жалғастыруда. 8 млн 833 ерлер, 9 млн 463 әйелдер. Республикалық маңызы бар үш қала – Астана, Алматы, Шымкент тәрізді мегаполисте халық саны қарқынды өсіп келеді.
Кез келген ұлт тағдырында демография мәселесі шешуші рольге ие. Бұл бағытта елімізде мемлекет құраушы қазақ ұлтының санының басым болуы алдағы уақытта ана тілі мәртебесінің айқын қалыптасуына, дәстүр тұтастығына, сайып келгенде ұлт тарихи тамырының мығым орнығуына алып келетін басты фактор екені ешқандай дау тудырмаса керек. Мемлекетімізде осы бағытта баянды бағдар түзілуі: әлеуметтік түрлі қолдаулар, жас отбасыларына қамқорлық, көпбалалы аналарға жәрдемақы, жас аналарға жергөкпұл мөлшерін көбейту мәселесі күн тәртібінен түскен емес.
2020 жылы елімізде Ұлттық санақ өтеді. Ел тәуелсіздігін алғалы бері мемлекетте жүргізілген санақ ісінде бұл тарихи науқанның маңызы үлкен. Өйткені соңғы он жылдықта әлем бойынша үлкен өзгерістер жүруде. Заманауи технологияның өмірімізге дендеп енуі, ғарыштық жылдамдық талаптары барлық саладағы бұрыннан келе жатқан таптаурын тәсілдерді түбірімен жаңартуда. Цифрландыру ең шалғайдағы елді мекендер тіршілігіне де екпін беріп, ел өміріне жаңаша мазмұн дарыта бастады. Осы орайда өз ауданымыздың ұлттық санақ алдындағы тыныс-тіршілігі, қоғамдық өмірдегі бағыт-бағдары жөнінде ой бөлісу үшін Жаңақорған аудандық статистика басқармасы басшысы Аймаханов Нұрлан Ермұратұлымен сұхбаттасқан едік.
– 2019 жылғы жалпы санақтың қорытындысына сүйенсек, Жаңа­қорған ауданы бойынша халық саны 84 мың 300-ді құрап отыр. Жыл көлемінде 1780 бала туылды. 360 адам қайтыс болған. 500 неке тіркеліпті. Осымен қатар мектеп бітірушілердің оқу орындарында білімін жалғау үшін қалаларға кетуі, түрлі мамандық иелерінің өзге өңірлерде қызметке орналасуы, көші-қон мәселесі, тағы басқа себептермен ауданнан кетушілер аз емес. Табиғи өсім бар болғанымен осындай қозғалыстың нәтижесінде аудандағы халық санын былтырғымен деңгейлес деп санауға болады.
Жалпы, Жаңақорған ауданы халық саны және өсімі жөнінен де облыста ең алдыңғы қатарда тұр. Оған жер жағдайы да, тұрмыстық қолайлылығы, жарқын сенімге бай адамдарының табиғатының үйлесімділігі нақты жағдай қалыптастырған деуге болады, – дейді ол.
- Мемлекеттің әрбір мүшесінің қоғамдағы орнын айқындайтын санақтан сырт қалу - өзіңді құрметтемеудің көрінісі. Өйткені өмірде әркімнің өз орны бар. Сонымен қатар әркімнің елге сіңірген еңбегі, тарихта қалар өзіндік қолтаңбасы да әрқилы. Санақ мәселесіне аса ыждағатты қарау арқылы тарихтың да шынайы түзілуіне азаматтық үлес қосқан болып есептелеміз.Сол себептен де статистика саласы қызметкерлерінің жұмысы қашандағыдай қауырт және аса терең сауаттылығынан, биік мәдениетінен бір сәт те төмендеген емес.
Мекеме қарамағындағы статис­тика мамандары барлық елді мекендер бойынша ауыл әкімдігі жанында штаттық кестемен бекітіліп, жүйелі жұмыс жүргізілуде. Олар ауылдық округ бойынша түтін саны, ондағы ел тұрғындарының жұмыспен қамтылуы жөнінде жылына екі рет ақпар жинақтайды. Яғни, ауылда қанша шаруа қожалығы бар, кәсіпкер қанша, жұмыс істемейтін, бірақ бала күтімімен отырған үй шаруасындағы әйелдер, мектеп жасындағылар мен балабақшаға баратындар, барлығын тізімге алып, әлеуметтік талдау жасап, қорытындысын ұсынып отырады. Сондықтан да аудан халқы саны бойынша нақты есепке жүгіне аламыз деуге негіз бар.
– 2020 жылы қазан айында өтетін Ұлттық санақ жөнінде не айтасыз?
– Ұлттық санақтың дайындық шараларына кіріскелі отырмыз. Бұл науқанда көптеген жетістіктер болады деп күтілуде. Қазірдің өзінде территориялар бойынша карта әзірленіп, сол аумақтағы адам санына қарай арнайы топтар жасақталады. Ол көлікпен, электронды құралдар - планшетпен қамтамасыз етіледі. Халық санағы екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде барлық елді мекендер бойынша халыққа қызмет көрсететін мемлекеттік және жеке нысан обьектілері толық тіркеуден өтеді. Көше бойларындағы үй нөмірлері түгел құжаттандырылуы тиіс.
Екінші кезекте тұрғылықты халықтың саны, жанұя құрамы, отбасы мүшелерінің жасы, жынысы, әлеуметтік жай-күйі, барлығы сарапталып, мәліметтер базасы план­шетке қабылданып, бірден республикалық орталық базаға жолданады. Ол екінші рет қайта тіркелмейді. Электрондық нұсқаның енуі жұмысты барынша тиімді, әрі сапалы атқаруға мүмкіндік береді деп күтілуде. Бұл орайда қоғамның әрбір мүшесі аса ыждағаттылықпен санақ жұмысына дем беріп, өзі және отбасы туралы деректердің нақты әрі дәлдігін қамтамасыз етуге тырысуы керек. Санақ кезінде мекенжайлар бойынша тіркелу пунктері белгіле­неді. Тұрғындар сайлау науқаны кезіндегідей санақ үйлеріне өзі және отбасы құрамын түгел ертіп келіп, белгіленуге міндетті.
Біздің елімізде санақ өте сапалы әрі тиянақты өтеді деуге негіз бар. Әлі даму жолына түспеген, берекесі аз, босқыны көп, соғыстан көз ашпаған, саяси ахуалы орнықпаған кей мемлекеттерде санақ ісінде әлі тұрақтылық жоқ, бейберекеттік басым. Өздерінің осындай ахуалдарымен жер шары халқының шынайы саны мен салмағына кесірін тигізіп отырған артта қалған мемлекеттер қаншама.
Өз тәуелсіздігімізге қол жеткізіп, әлемнің озық отыз ел қатарына ұмтылған мемлекетімізде 2050 жылға дейін халық санын 21 млн-ға дейін жеткізу жоспарлануда. Міне, сол деңгейге жетуге қазақылықтың қаймағы бұзылмаған өз өңірімізде ынта да, ықылас та басым.

Баян ҮСЕЙІНОВА
21 қаңтар 2020 ж. 651 0