Тәуелсіздік мерекесінде Жаңақорғанда кімдер марапат төрінен көрінді?
Тәуелсіздік – Жұбан ақын айтпақшы «мың өліп, мың тірілген» қасиетті дана қазақ халқының қайсар ұрпағына ұлағат ұялаған Ұлы Дала елінің – Мәңгілік мұратын тарту етті. Оны жасампаздықпен жалғастыру үшін ақыл – парасатымызға танымдық саналы білім, тағылымы терең, рухы мықты тәрбие қажет.
Осындай ұлағатты ұстанымды арқау еткен «Елімнің еркіндігі – Тәуелсіздік» атты салтанатты шара М.Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйінде өтті. Әуелі жиынға келген жаңақорғандықтар мәдениет үйінің фойесіндегі орталық кітапхана ұжымы дайындаған көрмемен танысты. Кітапханашы Мейрамкүл Жиенбаева Тәуелсіздік алған кезеңнен бастап бүгінге дейінгі Қазақстанның жеткен зор жетістіктерін тұрғындарға таныстырды.
Ел Тәуелсіздігінің 28 жылдығына орай ұйымдастырылған шараның шымылдығын аудан әкімі Сұлтан Мақашов алғы сөзбен ашты.
– Баршаңызды Тәуелсіздіктің 28 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын! Ата-бабаның сан ғасырлар бойы аңсаған азаттығының ақ таңына қауышып, маңдайға бұйырған теңдессіз бақыты ғұмырлы болғай! Ұлт тарихы қашанда қазақтың сағы сынбаған төзімі мен тәуекеліне, ұрпақ қанында тулаған бабалар арманының жанартаудай жарқ етіп, әділетті қақ жарған қайсарлығына тәнті етті. «Жаным – арымның садақасы» деген ағалар аманатын ақтаған ақ жүрек халықтың алдынан жарылқап тәуелсіздіктің ақ таңы атты. Енді осы азаттықтың аясында тұғырлы мемлекетімізді тіктеп, нығайта түсуге еңбек етуге тиіспіз. «Береке басы – бірлікте» деген асыл қағиданы қастерлеп, әр күнімізге шуақ пен шаттық сыйласақ, қадіріміз артып берекеміздің де молая түсері анық. Баршаңыздың отбасыларыңызға аманшылық, еңбектеріңізге табыс, істеріңізге береке тілеймін, – деген Сұлтан Ысқақұлы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қомақты үлесін қосып жүрген сала қызметкерлерін марапаттады.
Көп алдында мерейі асқан қызметкерлер қатарында: аудандық емхананың балалар дәрігері Уринбаева Ұлжан Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Күміс алқа» алқасымен, аудандық мәслихат хатшысы Ерғали Орманұлы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Құрмет грамотасымен және Қазақстан Республикасы энергетика министрлігінің алғыс хатымен, аудандық мәдениет үйі директорының орынбасары Құралай Мұсахметова Қазақстан Республикасының мәдениет және спорт министрінің «Құрмет Грамотасымен», «Жаңақорған тазалық» ЖШС директоры Мұхамеджан Рүстемов «Ауғанстан ардагерлері» Республикалық қоғамдық бірлестігі Бауыржан Момышұлының «Батыр шапағаты» медалімен, М.Көкенов атындағы №2 мәдени демалыс кешенінің меңгерушісі Кенжегүл Әкімбаева Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағының «Еңбек Даңқы» төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ, бір топ сала үздіктері мен ардагерлер, ел ағалары облыс әкімінің, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының, облыстық мәслихаттың, аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.
Мұнан кейін сахна төріне көтерілген Қыркеңсе ауылдық округі әкімдігінің бас маманы Жасұлан Бердиев, аудандық жұмыспен қамту әлеуметтік бағдарламалар және азаматтардың хал актілерін тіркеу бөлімінің бас маманы Саламат Омаров мемлекеттік әкімшілік қызметті адал атқаратындығына салтанатты түрде ант қабылдады.
– Тәуелсіздік күні – барша қазақстандықтың айрықша ардақты күні, мемлекеттің мерейлі мерекесі. Тәуелсіз еліміз ширек ғасырлар ішінде тұрақты даму жолына түсіп, биік белестерді бағындырды. Толағай жетістіктерге қол жеткізді. Тарихқа көз жүгіртсек, XV ғасырда Әз Жәнібек пен Керей хандардың бастауымен алғаш рет Шу бойында бой көтерген Қазақ хандығынан кешегі «Желтоқсан» оқиғасына дейінгі аралықта сан ғасырдың шежіресі жатыр. Сондықтан тәуелсіздіктің қасиетті ұғымы біз арқылы жас ұрпақтың жадында мәңгі сақталуы тиіс, – дейді марапат иесі Ерлан Ерескенұлы.
Салтанатты шара одан әрі аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының дайындаған концерттік бағдарламасына ұласты. Жұртшылыққа жігер берерлік патриоттық әндер шырқалып, көпшілікке мерекелік көңіл күй сыйлады.
Әбдісамат ӘБДІШ