Ғалым Махмұтбайұлы Жаңақорған жастарына оң бағасын берді
«Жастар жылында» жастардың қоғамдық белсенділігіне, шығармашылық әлеуетін арттыратын жобалар көптеп қолға алынды. Сондай шараның бірі Сыр өңірінің бас шаһарындағы «Жастар орталығы» ғимаратында Жаңақорған жастарының Қызылорда қаласындағы күні өтті. Оған Қызылорда облыстық әкімдігі аппаратының басшысы Ғалым Әміреев пен облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Бауыржан Мәстеков арнайы қатысты.

Бағдарламаға сәйкес «Михон» есімімен танымал Мейрамхан Шалқыбеков, Сыр өңіріне танымал Есқара Бейбіт және «Жаңақорған» құрамасының ойыншысы Асхат Құлтас жастармен еркін форматта кездесіп, түрлі тақырыптағы сұрақтарға жауап берді. Алқалы басқосуға Ғалым Махмұтбайұлы мен Бауыржан Мәстеков те қатысып, өмірлік тәжірибелерімен бөлісті. Кездесу соңы жайдарман жұлдыздарына тығырықтан шығу жолдары бойынша имправизациялық тұрғыда ойындар ұйымдастырылып, шара мазмұнды өрбіді.
– Жастар жылының дәл осылай ерекше бағытта аталып өтуі жастардың бойында үлкен жауапкершілікті арттырды. Биылғы жылды жаңақорғандықтар жақсы нәтижемен қорытындылауда. Алғашында еріктілер тобы болып жұмысын бастаған «Жаңарған Жаңақорған Жастары» қоғамдық қор ретінде құрылып, тың бастамалар атқаруда. Мұның барлығы жастардың белсенділігін арттыратыны сөзсіз, – деді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әбілғазы Төлегенов.
Сонымен қатар орталықта аудандық ішкі саясат бөлімнің басшысы Әбілғазы Төлегенов пен «Bizness-Start» инновациялық жобаларды жүзеге асыру орталығының жетекшісі Жандос Оразмаханов ауданның жас кәсіпкерлерімен кездесіп, бизнес саласына қатысты жастардың сұрақтарына жауап берді. Еркін форматта өткен кездесуде «Bizness-Start» жетекшісі Жандос бизнеске қалай келгені және жеткен жетістері жайында бөлісіп, табысты болуда батылдық пен тыңғылықты жоспар қажеттілігін түсіндірді, әрі өмірлік мысалдарын айтып берді.
– Мемлекет жастарға үлкен сенім артып, бәсекеге қабілетті болуда барлық жағдай жасауда. Жастар да жауапкершілікті сезініп, қоғамдық белсенділігін арттырып, азаматтық позициясын ашық жеткізе алуы тиіс. Жаңақорған ауданында мұндай жастар көп. Жаңақорған жастарының Қызылорда қаласындағы күнінің жоғары деңгейде өтуі соның дәлелі, – дейді аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Наурызбай Орынбасаров.
Келесі кезекте жастар арқан тартыс, ләңгі тебу, қол күрес секілді спорт түрлерінен сынға түсті. Жеңімпаздар шара соңында бағалы сыйлықтармен қоса облыстық жастар ресурстық орталығы директорының «Алғыс хатымен» марапатталды.
Осы күні ұйымдастырылған шараның маңызы бөлігі деп ақындардың арасында өткен жыр-мүшәйраны айтуға болады. Онда асыл сөзден маржан төккен бірліктік Мадияр Оспанов «Сыр елі – Анам», ал жаңақорғандық жас ақын Азамат Тәуекелов «Жаңақорған жастары» атты өлеңін көпшілікке тарту етті. Шара соңы М.Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының «Жасампаз Жаңақорған жастары» атты гала-концертіне ұласты.
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ