Статистика мамандарының мейрамы елеусіз емес
Қараша айының бірінші жексенбісі статистика мамандарының кәсіби мерекесі. Жүз жылға жуық тарихы бар бұл сала жыл өткен сайын қарыштап дамып келеді. Себебі статистика – статистикалық ақпаратты жинау мен өңдеудің орталықтандырылған жүйесі. Өйткені осы жүйеде болып жатқан мемлекеттік саясатты қалыптастырып, іске асырушы өкілетті орган болып саналады. Сонымен қатар елдегі бүкіл статистикалық қызметті ұйымдастырып, үйлестіріп, бағыттап отыратын да осы статистика мамандарының жұмысы.
Артылған жүкті еш мойымай атқарып келе жатқан әріптестерін сала басшысы Нұрлан Аймаханов құттықтады. Ол өз сөзінде жұмыстың оңайы болмайтынын, кәсіби маман болса кез келген саланы бағындыруға болатынын тілге тиек етті.
-Жалпы алғанда статистика қоғам үшін де маңызды. Олай деуге негіз жоқ емес. Кез келген аймақтық, ұлттық және әлемдік деңгейдегі статистика саяси және бизнестік бағытта шешім қабылдауда маңызды рөл атқарады. Әсіресе мемлекеттік басқару органдарының, халықты еңбекпен қамту және жұмыссыздық, кедейшілік, баға, халықтың әл-ауқаты, сыртқы экономика және тағы басқалар жөнінде сапалы және жедел статистикалық ақпараттарды беріп отыру жауапкершілі үлкен жұмыс. Осындай қиын да қызықты мамандықты еш қиналмастан атқарып жүрген әріптестерімді бүгінгі мейрамымен шын жүректен құттықтағым келеді. Отбасыларыңызға бақыт, жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін, - дей келе сала басшысы Нұрлан Ермұратұлы жетекші маман Ұлжалғас Садуақасқызы мен Альмира Жанабиловаға аудан әкімінің арнайы дайындаған алғыс хатын табыстады.
Лаура БИБАСАРОВА