№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Бас маэстро атындағы мектеп көшбасшылық құпиясымен бөлісті

Бас маэстро атындағы мектеп көшбасшылық құпиясымен бөлісті


Аудан бойынша ҰТБ көрсеткішімен көш басында тұрған білім ордасы Кеңес ауылында орналасқан. 2017-2018 оқу жылында Ұлттық бірыңғай тестілеуде ең жоғарғы балл жинаған екі оқушының бірі осы Кеңес ауылындағы №239 орта мектептің түлегі, «Алтын белгі» иегері Әйгерім Сахибқызы. Ол 124 балл жинап, қатарластарынан оқ бойы озып, үздік шықты. Бұдан бөлек, үш оқушы 100 баллдан асыра жинап, Асқар Жүсіпбаев басшылық ететін білім ордасын 2018 жылы үздік мектептің қатарынан көрінуге себеп болды. 2018-2019 жылы тестілек нәтижесімен бірінші орынға шықты. Орташа балл – 98. Бұл жолы да Кеңестегі мектептен 1 «Алтын белгі» иегері, «Үздік аттестат» топ жарды. Әрине, мұндай көрсеткішке жетудің сырын білім ордасының директорынан білдік.


– Бүгінгі таңда мектепте 275 оқушыға 40 мұғалім білім беруде. Жыл сайын ҰБТ-да жоғары көрсеткішке жетудің бір сыры – ол бізде ұлағатты ұстаздардың білікті кадры қалыптасқан. Мәселен, Зияда Жолтаева, Гүлбаршын Ибраимова, Фатима Байрыстанова бастаған парасатты педагогтардың жұмысы жемісті. Тағы бір құпиямызбен бөліссек. Жоғары сынып оқушылары сабақтан тыс уақытта қосымша дайындық курстарына келіп, түсінбеген жерлерін қайта оқиды. Осылай ұстаз бен шәкірт арасындағы тығыз қарым-қатынас нәтижелі жемісін беруде, – дейді Асқар Жүсіпбаев.
Бұл мектептің тағы бір ерекшелігі, бас маэстроның атымен аталуында. Яғни №239 жалпы орта мектепке өткен жылы ҚР халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, дирижер Төлепберген Әбдірашевтің есімі беріліп, қоғамдық негіздегі мұражайы ашылған. Болашақта осы мектептің алдына Төлепберген Әбдірашевтің ескерткіш-бюсті орналастырылады екен. Маэстро атындағы музейді біз де барып көрдік. Шынында ауылдан шығып, әлемді мойындатқан даңқты дирижердың қолданған һәм сахналық киген киімдері қаз қалпында сақталған. Әрбір сөредегі тұтынған заттардың тарихы тереңінен сыр шертеді.
Оған қоса, кеңестік кітапханашы Алмагүл Құлбабаева үнемі мәдени рухани шаралар мен акциялар ұйымдастыруда белсенді. Мәселен, «Көп оқып, көп білуге ұмтыл! 30 кітап» жобасы, «Ана сүтіндей құдіретті ана тілі» атты мерекелік шара, «Мейірімділікпен имандылықты кітаптан үйрен» атты өткізген тәрбие сағатының оқушыларға берер тәлімі мол. Сонымен қатар Алмагүл апай «Бүгінгі білім, ертеңгі байлығым. Жырын оқы Дулаттың» «Бір ел-бір кітап» республикалық акциясы аясында көрнекті ақын Дулат Бабатайұлының шығармашылығына арнап оқушылар конференциясын өткізген. Мұндай конференция өткізуге мектептің акт залының мүмкіндігі мол. 160 орынға лайықталған акт залда салқындатқыш пен интерактивті тақта, ұлттық нақышпен безендірілген ою-өрнегі бізге керемет әсер сыйлады. Директордан сұрағанымызда ауылдан түлеп ұшқан жерлес, меценат Сақтаған Аблазимов акт залдың осындай дәрежеге жетуіне демеушілік жасапты.
Біз көрген маэстро атындағы мектептің болашағы баянды. Өйткені, қай заманда болсын, адамды алға жетелейтін білім десек, бүгінгі ХХІ ғасырдағы ғылым мен техниканың шарықтауы адамзат баласының қол жеткізген биік белесінің бірі. Ал, осынау биік белесті бағындырып, болшаққа қызмет ететін сапалы ұрпақты тәрбиелеуде №239 жалпы орта мектептің таудай талабы, қарышты қадамы бізді қуантты.
Мұндай табысқа жетуде білім ордасының ұстаздары шәкірттеріне «Білімдіге – дүние жарық» ұлағатының тәлімін сіңіре білуінде.

Самат ОҢҒАРҰЛЫ
26 қазан 2019 ж. 622 0