№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Тоқаев тамыз кеңесіне қатысты

Тоқаев тамыз кеңесіне қатысты


Іс-шараға Қазақстанның барлық өңірінен келген мұғалімдер, оқу орындарының оқытушылары, ғалымдар, қоғам қайраткерлері, мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде жаңа буынды тәрбиелеудегі мұғалімдердің рөлін атап өтті.
– Еліміздің лайықты азаматтарын тәрбиелеу – педагогтардың және ата-аналардың міндеті. Лайықты азамат – бұл өз білімін Отанымыздың игілігі үшін жұмсайтын адам. Алдымызда тұрған құбылмалы заманда жастарымыз еңбекқор болмаса, ешқандай бәсекеге түсе алмайтынын терең түсінуі керек, – деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, білім және ғылым саласының дамуына тың әрі тегеурінді серпін қажет.
– Білім сапасын көтеру үшін кешенді шаралар қабылдау қажет. Бұл, алдымен, мұғалімдердің біліктілігіне, оқулықтардың сапасына, заман талабына сай инфрақұрылым мен материалдық қорға байланысты мәселелер. Аталған бағыттар бойынша тиімді жұмыс істеу қажет, яғни туындаған мәселелерді дер кезінде анықтап, оларды шешудің оңтайлы жолдарын ұсыну керек, – деп мәлімдеді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент мұғалімдердің біліктілігін бағалау идеясын жүзеге асырудағы бюрократия мен біржақтылыққа, сондай-ақ оқытушылардың өз кәсібінен тыс түрлі іс-шараларға тартылуына қатысты сыни көзқарасын білдірді.
– Жергілікті әкімдіктердің өз өкілеттіліктерін асыра пайдаланып, мұғалімдерді білім беру саласына еш қатысы жоқ әкімшілік іс-шараларға тарту жағдайлары толастамай тұр. Аталған мәселелерді шешу үшін Үкіметке шұғыл, нақты шаралар қабылдауды тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев мектепке дейінгі білім беру және тәрбиелеу жүйесінің сапасын арттыру, сондай-ақ орта білім беруді одан әрі дамыту стратегиясын айқындау жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды.
– Әлем елдерінің 60 пайызында мектепте білім беру 6 жастан басталады, яғни мұндай жүйе баланың зияткерлік және әлеуметтік жағынан ертерек дамуына оң ықпал етеді. Үкіметке Білім мен ғылымды дамытудың 2025 жылға дейінгі жаңа бағдарламасы аясында 12-жылдық білім беру моделіне біртіндеп, жоспарлы негізде көшуді қамтамасыз етуді тапсырамын, – деп атап өтті Президент.
Мемлекет басшысы «Жас маман» жобасының жүзеге асырылуын, техникалық және кәсіби білім беру жүйесін дамыту жұмысын пысықтау, сондай-ақ үш ауысымды және шағын комплектілі мектептер мәселесін шешу қажет екеніне назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Білім және ғылым министрлігіне үштілді оқыту жүйесін енгізу үдерісін қайта қарауды тапсырды. Аталған мәселе оқытушылар мен білім беру бағдарламаларының дайындығын ескере отырып, жан-жақты зерттеуді қажет етеді.
– Жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқыту білім орталықтарының кадрлық мүмкіндігіне қарай, оқушылар мен ата-аналардың қалауы бойынша іске асуы тиіс. Сондықтан, ағылшын тілін оқытуды 2-3-ші сыныптан немесе ата-аналардың қалауына қарай 5-ші сыныптан бастау орынды әрі тиімді болады деп санаймын, – деп, Президент өз ұстанымын жеткізді.
Мемлекет басшысы мұғалімдер жалақысының мөлшерін арттыруды алдыңғы қатардағы міндет екенін атап өтті.
– Бұл саладағы еңбекақы ең төмен жалақылардың қатарында, яғни ел экономикасы бойынша орташа жалақының 65 пайызын құрайды. Білім беру жүйесіне білікті кадрларды тарту мақсатында Үкіметке төрт жыл ішінде мұғалімдердің еңбекақысын 2 есе көбейтуді тапсырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұдан бөлек, Президент барлық білім беру бағдарламалары мен стандарттарын бір деңгейде әзірлеп, қала және ауыл балаларының білім деңгейіндегі алшақтықтарды жоюды және тұрғылықты жері мен ата-аналарының әлеуметтік жағдайына қарамастан балаларға сапалы білім алуға мүмкіндік беруді тапсырды.
Мемлекет басшысы ғылымды қаржыландыру жүйесінің ашықтығын қамтамасыз ету, ұлттық ғылыми кеңестердің жұмысын жетілдіру қажеттілігіне баса мән берді. Президенттің пікірінше, ғылымды одан әрі институционалды дамыту тұжырымдамасын әзірлеу қажет.
Конференцияның соңында Қасым-Жомарт Тоқаев отандық білім беру саласын дамытуға қосқан үлесі және белсенді қоғамдық қызметі үшін бірқатар ұстазды марапаттады.
Атап айтқанда, «Құрмет» орденімен – Павлодар қаласының №8 дарынды балаларға арналған мектеп-лицейінің мұғалімі Анатолий Билида, Алматы облысы Іле ауданы №13 орта мектебінің мұғалімі Гүлнар Казербаева, «Ерен еңбегі үшін» медалімен – Орал қаласы Ә.Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицейінің мұғалімі Гүлзихан Таскарина, Түркістан облысы Кентау қаласының А. Югнаки атындағы орта мектебінің мұғалімі Дәнегүл Қуатбек, «Шапағат» медалімен – Қарағанды қаласындағы Н.Нұрмақов атындағы №2 облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының мұғалімі Екатерина Нипрук марапатталды.


18 тамыз 2019 ж. 1 237 0