Иран шахының Тәуке ханға хаты
«Қазақ тарихының әліппесінде» Қазақ хандары мен Иран шахтары арасындағы хаттар турасында баян келтірілген болатын. Ол жаңа зерттеулерге жол болғандай еді. Парсы елінде болған күндері Иран шахтарының Қазақ және Өзбек хандарымен жазысқан хаттарын іздестіруге жетелеген де осы «Әліппе» еді-ау...
Иран мұрағаттарындағы қазақ тарихына тиесілі деректердің бірі – Тәуке ханға қатысты болып табылады. Парсы тіліндегі құжаттарда Әз Тәукенің ресми ныспысы – Тәуекелхан Жахангирханұлы. Деректерге үңілсек, Тәуке хан әкесі – Салқам Жәңгір тақта отырған шақтың өзінде ирандықтармен хат алмасып тұрғанын көреміз.
Әзірге Тәуке ханның Иран шахтарына жазған хаттары табыла қойған жоқ. Дегенмен соны айғақтайтын деректер баршылық. Соның негізгісі – Иран шахының Тәукеге жолдаған жауап-хаттары. Ондай хаттар 1661-62 жылдың желтоқсан-қаңтарында, 1689-жылдың 10-желтоқсанында, 1692-жылдың 29-шілдесінде, 1693-жылдың шілде-тамызында жазылған.
Осы деректер тіркелген сарай хаттамасының бірі – Иранның Мәжіліс кітапханасында, ал оның микрофильмі Тегеран университеті орталық кітапханасында сақтаулы тұр. Онда бас-аяғы 232 хат жайында мәліметтер тіркелген. Ал кейбір хат мәтіндерінің көшірмесі де келтіріліпті. Осы хаттамада Тәуке ханның туыстары делінген Тұрсын Мұхаммед және Қайып сұлтан, сондай-ақ Тәукенің ұлы – Болат сұлтанға жазылған хаттар жайында да деректерді ұшыратуға болады. Сондай құжаттардың бірі – жай хат ретінде тіркелгенімен, тағы бірі «ықыласнамаң» деп аталыпты. «Ықыласнамаң» бүгінгінің сенім грамотасы болып табылады.
Иран Мәжіліс кітапханасында осы хаттама «Жазбалар жинағы: Исфаханның Чарсуынан шыққан Сейд Мұхаммад Әли Рузати мырза нұсқасы», – деген айдармен тіркелген. Сейд Мұхаммад Әли Рузати – осы құжатты сақтап, бүгінге жеткізген жанашыр. Ал хаттаманы түзген хатшы – Манамұхаммед Мұхсенхан. Хаттаманың көлемі әуелде 347 парақ болған, кейін жартысынан астамы жоғалып, 123 параққана қалған. Оның өзі басы аяғына кетіп, ретсіз сақталған екен. Настаалик жазуымен таңбаланған бұл хаттар Иранның Аббас шахы билеген кезеңнен Сұлтан Хусейн шахқа дейінгі аралықты қамтиды.
Хаттамада сарай іс қағаздарына тән көптеген көне де күрделі қолданыстармен ұшырасуға тура келеді. Тәуке ханға жазылған хат көшірмесінің қатарында қалмақтарға, өзбектерге, османдықтарға, ағылшындарға, португалдықтарға және римдіктерге жолданған жазбалар жайында да мәліметтер тізбектеліп, кейбірінің көшірмесі де берілген.
Хаттамада Манамұхаммед Тәуке ханға жолданған төрт хаттың біреуінің ғана көшірмесін берген де, қалған хаттар жайында қысқаша сипаттамамен шектелген. Ол сипаттама хаттың не турасында, қандай мазмұнда, қай уақытта, қай жерден, қандай өлшемде, қандай елші арқылы жолданғандығы жайындағы мәліметтерді қамтиды.
Кейін Тегеран университеті кітапханасынан осы хаттың тағы бір көшірме варианты табылды. Жекелеген сөздер мен тіркестерге болмаса, хат көшірмелерінің мазмұны – бірдей. Екінші көшірме иесі кім екендігі әзір белгісіз. Сөйтсе де соңғы хаттама мұқабасында оның Ескендірбек Түркіменнің інісінен алынғандығы жазылған.
Ескендірбек Түркімен – Иранның Сефеви әулеті патшаларына жылнамашы болған хатшы. Оның «Аббас шахтың арайлы әлемінің тарихы» туындысы танымал. Онда Қазақ хандары турасында да тәуір қамтылған.
Сефевилік шахтар сарайында түркімендер көп болған. Жергілікті әкімдерді де дені түркімендер болатын. Алайда шиғалық мәзхабқа өткен соң олар өздерін азари, әзірбайжан түркілері ретінде танытатын еді.
Ал Ескенедірбек Түркіменнің немере інісі – Мұхаммед Салық та сарай хатшысы болған. Сондықтан Иран шахы – Екінші Аббас шах Тәуке ханға жазған хаттың екінші көшірмесін әзірлеген осы Мұхаммед Салық болуы мүмкін.
Екінші Аббас шахтың Әз Тәуке хан хатына жолдаған жауабы заманына сай – шұбалаңқы сарай тілімен жазылған. Арабша қолданыстар аралас, парсы тілінде жазылған осы хатта назар аударатын тұспалдар ретінде мынаны айтуға болады.
Біріншісі, осы хаттың жолданған мерзімі 1661-62 жылға сәйкес келеді. Ол кезде Тәуке – жас, әлі таққа отырмаған, отыздың ар жақ-бер жағында. Сондықтан жауап-хатта Иран шахының Тәукемен жастай санасқанын көреміз.
Екіншіден, шах Тәукені «хан» деп қолпаштай отырып, «уәли» деп атайды. Парсы тілінде тұтас аймақ әкімдері осылай аталатын болған. Сондай-ақ тақ мұрагерін де ирандықтар «уәли әхд» дейді. Кейін әкесі Салқам Жәңгірден кейін билікке келетін Әз Тәуке ханның «уәлилігі» осылайша ажыратылады.
Үшіншіден, шах хатында Тәукеге қатысты қолпаштау, қолдау, мойындау сарыны басым түскен. Сол кездегі хаттардың көбінде хат жолданған тарапқа қолпаштаулар білдіріліп жатқанымен, осы хаттағы қолданыстар табиғи көрінеді, мірдің оғындай орнына қона қалған.
Төртіншіден, Иран шахы ханның тегіне, Шыңғысхан әулетіне баса мән берген. Жалпы, Иран шахтары өздері мүдделі болған тұстарда қазақтар мен өзбектерге жолдаған хаттарында міндетті түрде Шыңғысхан атын ілтипатпен атайды екен. Бұл – сол замандағы қалыптасқан дипломатиялық норма болатын және екі арадағы татулық, тілектестіктен хабар беретін.
Бесіншіден, арада хат жеткізіп жүрген – Бақибектің аты аталады. Ол уақыттың шабармандары елші, дипломат қызметін қоса атқаратын болған. Бақибек Қазақ тарапының хатын жеткізгендіктен, оны Әз Тәуке елшілерінің бірі ретінде танимыз.
Сол заманның ресми хаттары кейде патшаның өз атынан, кейде оның хатшысы тарапынан, үшінші жақтан баяндалып отырады. Тәуке ханға жазылған хатқа – соңғысы тән.
Аталмыш хаттың Манамұхаммед көшірген нұсқасы нашар таңбаланған. Оқылмайтын тұстар бар. Екінші нұсқа біршама ұқыпты көшірілген. Дегенмен онда да танылмаған бірнеше сөз кездеседі. Бір тәуірі – нұсқалардың бірінде танылмаған тұстардың дені екіншісінде айқындалып отырады. Сондықтан Иран шахының Тәуке ханға жолдаған бір жауап хатының екі көшірмесі бірін бірі толықтырып отырады. Аударма да сол ізбен жасалып отыр.
Сонымен, алпыс мың қолжазбаға қойма болған, қолжазба қоры жағынан әлемде екінші орын алатын Иран Мәжіліс кітапханасында сақталған Әз Тәуке ханға жолдаған Екінші Аббас шахтың хаты мынандай:
Мәртебелі шахтың Қазақ уәлиі – Тәуекел хан ибн Жахангир ханға хаты. 1072-үд жылының (1661-62) жұмадиәуал (желтоқсан-қаңтар) айында Исфаханнан (жолданды).
Ықыласты, достық ілтипаттағы, асылтекті, салтанат пен көркемдікке қамқоршы, қара қылды қақ жарған әділетті, құрметті, Алланың қырағы ықыласына бөленген Шыңғысхан әулетінің үздігі, бақыт пен салтанат тағын әдіптеген, жолы оңдалған, жарылқаушы, кешірімшіл Ие тілегін қабыл алып, дара жаратқан мерейі үстем Тәекел ханның иін қандырып, етене сұхбат, тілектестікке шақырған орынды да орнықты, шынайы мазмұндағы Бақибектен берген даңқты да астарлы хаты сәтті сағатта, қолайлы кезде (жетті).
Бұл хат – мығым достық пен татулық ережесіндей (екен). Үнемі хат алмасып, есендесіп, білісіп отыру – патшалық иман мәртебесінің жарқылындай (көрінеді). Оның төркіні – ақ ниет. Бұл – мейірімділік мәйегіне түрткі (болып табылады).
Енді сенімділік қалыптасады. Арада негізгі арқау орнайды. Махаббат пен жүрек жолы ашылады. Алауыздық пердесі түріледі. Енді екі жақтың тілегі де – одақтастық. Сол тілекпен барынша бірігіп, жоғары ізгі, жеңіске бастаушы Жаратқанның бергенін нығайтып, жағдайды жүйелендіруге жұмылған – абзал. Ол – даңққа бөлейтін игі іс.
Білісіп, есендесіп, жүрек сырын бөлісіп, хат алысу – есіктерді ашады (бөгет, кедергілерді бұзады). Ол – шыншылдық пен шынайылық таразысын ауырлатады. Осы (Тәуке хан жолдаған) хат – (шах үшін) құрмет. Хат шах назарын аударды.
Лайым, салтанат артып, мерей тасып, жол оңдалғай!
Қуанышбек ҚАРИ.