№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ТАМЫРЫН ТЕРЕҢГЕ ТАРТҚАН КӨНЕ ТЕҢГЕЛЕР

ТАМЫРЫН ТЕРЕҢГЕ ТАРТҚАН КӨНЕ ТЕҢГЕЛЕР


Ескі ескерткіштер, киелі кесенелер, қасиетті қоныстар – өркениеттің өлшемі һәм куәсі. Олар ұлттың тарихи жадын қалпына келтіретін, санасын серпілтетін құдіретке ие. Сондықтан да «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» базалық жобасының мән-маңызы зор. Рухани жаңғыруға жол салатын бастама әділдікті ту еткен ата-бабаның бітім-болмысын, көненің көзіндей, тарихтың өзіндей болған ескерткіштердің сырын танып, білуге көмектеседі. Осы тұста, таңдаулы тізімге Сыр өңірінен Сығанақ шаһараның енгені белгілі. Бұл құтты орданың ықылым заманнан және орта ғасырлық қалалардың саяси-экономикалық маңызы зор болғаны белгілі. Оның ішінде көне Сығанақтан табылған көне теңгелердің тамыры тереңнен тамыр тартады.
Иә, қазақ жерінде ақша жасау ісі Қарахан әулеті тұсында қарқынды өріс алды. Бұл әулет ислам дінін мемлекеттік дін ретінде қабылдағаннан кейін ақша айналымындағы тиындар «динар, дирхем, фулс» деген арабша атауға ие болды. Яғни, қыпшақ тайпасы жайлаған Дешті қыпшақ даласында күміс және мыс ақшаны қазіргі біз қолданып жүрген ақшаның атауымен, мәселен, алғашқысын танга (теңге), кейінгісін пул (пұл) деп атаған. Орта Азияның он алты қаласында шамамен 1260-1280 жылдардың өзінде-ақ, монет соғатын ірі сарайлар болған. Қазақстан аумағындағы сол кездегі қалалардың бірі – Тараз, Жент, Кенже, Сығанақ, Өзгент теңге сарайларын айтуға болады. Теңгелерде көбіне арыстан, сұңқар, балық суреттері бейнеленген. Түрлі геометриялық өрнектер, түрлі таңбалар, жыртқыш аңдар, аңшы бейнесі, ислам дінінің суннит ағымының белгілері соқтырылған. Кейбір дирхемдер мен пұлдарда шоқ жұлдыздардың бейнесі салынса, енді бірінде тотықұстың суреті бар. Алтыннан соғылған тиынды «динар», ал, күміс тиынды «дирхем» деп атаған.
Аудандық тарихи-өлкетану музейінде Сығанақтан және Өзгенттен табылған мыс пен күміс, металл теңгелер бар. Бұл теңгелерді музейге Ресей Ғылым Академиясына қарасты Шығыстану институтының қызметкері, археолог, шығыстану нумизматикасының маманы Евгений Гончаров пен №169 Н.Илялетдинов атындағы орта мектебінің директоры, жеке қызығушылықпен зерттеуші Әлімжан Ержанов жүргізген зерттеу жұмыстары нәтижесінде табылған.
Сонымен бірге Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің археология, этнология және мұражай кафедрасының ұстаздарының қазба зерттеулерінде жазылған.
Отандық ғалым, археолог К.Ақышев Сығанақты неге Отырардан кейінгі нөмірі екінші қала деп атады? Өйткені, Өзбек ханы Мұхаммед Шайбани ханның хатшысы Фазлаллах Ибн Рубихан Сығанақ қаласының базарында күніне 500 түйе сойылып, кәуап жасалып, кешке дейін бір түйір қалмай сатылып кетуші еді деп жазады. Кейбір аудармашылар 500 түйені тірідей сатқанда, кешке дейін бір түйе қалмай сатылып кететіндігін жазады. Қалай болғанда да күніне 500 түйе сатылған базар қандай сауда орнының болғандығын айтпаса да түсінікті. Әрине, мұндай сауда орнында теңге айналымының маңызы зор.

СЫҒАНАҚТА ТЕҢГЕ ҚҰЙЫЛҒАНЫ
РАС ПА?
Ал, теңгетану (нумизматика) ғалымдарының пікірі бойынша Мүбарак ходжа алғаш рет өзінің Алтын Ордадан тәуелсіздігін жариялап, өз атынан Сығанақта ақшасын шығарған. Сондықтан жазба хабарлар мұның өз атынан ақша шығарып, Алтын Ордадан жекеленуге жасаған әрекетіне қарамастан, Ақ Орданың дамуына өзінің ықпалын тигізген Ерзен ханның атына мадақтау басым айтылады. Ерзен ханның кезінде Сығанақ қаласында ақша шығарғандығы жайында теңгенамашы А.Марков өзінің еңбегінде дәлелдей түседі. «Ескендір аноним» шежіресінің хабарына қарағанда Тыныбектің орнына Ерзеннің баласы Шымтай хан (1344-1361) болып, Ақ Ордаға билікті Сығанақта жүргізді. Шымтайдың өз атынан шыққан теңге белгісіз, бірақ оның билігінің соңғы кезінде Сарай Берке ханы болуға тырысқан Қызыр, Темір қожалар мен Мурид, Келдібек сияқты сарай хандары өз аттарынан теңге шығарған.

«ЖАҢА СЫҒАНАҚ»
ТЕҢГЕСІ ЖАЙЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?
Шымтайдың баласы Ұрыс ханның кезінде оның атынан 1371-1373 жылдардың арасында «Жаңа Сығанақ» деген жазумен теңге шығарылған. Оның екі данасы Эрмитажда сақтаулы, ал 8 данасы Сарайда 1377-1378 ж.ж соғылған. Петербург Эрмитажында және 11 теңге сақталған. Бұл теңгелердің сыртында Ұрыс ханның аты жазылған. Әлгінде айтылғандай, Ерзен ханның кезінде Сығанақ қаласында ақша шығарғандығы жайында теңгенамашы А. К. Марков дәлелдей түседі.
Қысқаша айтатын басты мәселе Әмір Темірдің көмегімен Тоқтамыш Ақ Орданың ханы болып Сығанаққа отырғызылады. Ол өзінің атынан Сығанақтың теңгеханасында 1378-1379, 1379-1380, 1381-1382 жылдар арасында теңге шығарған.
Сонымен қатар Сығанақтан ХІІІ-ғасырдың аяғынан бастап ХІV ғасырдың аяғына дейін Монғол шапқыншылығынан кейін Сығанақтың аты жүз жылдан астам уақыт ешбір жазба деректерде кездеспесе, ХІV-ғасырдың 20-жылының соңғы кезінен бастап ақша шығарылуы, оның ішінде ақшаның «Жаңа Сығанақтан» шығарылуы деген дерек, қаланың Шыңғыс шапқыншылығының зардаптарын жойып, қайта көтерілгендігін анықтайды. Жаңа Сығанақтан шығуы деген теңгедегі жазу шапқыншылықтан кейін, қираған қаланың жанынан қайтадан жаңа Сығанақ қаласы бой көтеріп, онда «теңгеханалар» салынды ма деген ой туғызады. Оны тек қалаға жүргізілген археологиялық зерттеулер ғана анықтайды.
Ұрыс хан біраз уақыт Алтын Орданы да билеген хан, оның астанасы Жаңа Сарайда да 782 жылы ақша шығарғандығы белгілі. Теңгелердің Сығанақта шығаруы жайлы деректер қаланың ХІV ғасырдың екінші жартысында сауда қарым- қатынасының дамығандығын көрсетеді.
Ғалым Р.Бурнашеваның зерттеулеріне қарағанда ХІV ғасырда Сырдарияның орта ағысының Ақ Орданың қарамағында болғандығын оның ішінде басты қаланың бірі Отырардың Жошы әулетінің құзырында болды, ал астанасы Сығанақ қаласында ақша шығарылып бүкіл аймақтың сауда айналымын қамтамасыз еткен дейді. Пікірдің шындығын Отырар қаласына жүргізілген археологиялық қазба зерттеу кезінде Сығанақта жасалған теңгенің табылуы дәлелдей түседі. Бұл дәлел қалалар арасындағы сауда байланысын анықтап отыр. Алайда Ұрыс ханның қаза болуына байланысты енді Әмір Темірдің көмегімен Тоқтамыс ханның билігіне өтеді. Оған басты дәлел 780-783 жылы Тоқтамыстың атынан Сығанақ қаласында ақша шығарыла бастаған.
Нумизматикалық мағлұматтарға байланысты Сығанақ қаласында ең бірінші Өзбек ханмен байланысты 1337-1338 жылы теңгелер соғылған, кейін Жәнібек ханның атынан 1341-1358 жылы, Мубарак ходжа ханның атынан 1367-1368, Орыс ханның атынан 1371-1375, Тоқтамыс ханның атынан 1379-1380 жылы мыс және күміс теңгелер соғылған. Осы теңгелердің суреті музей экспонаттарының арасында орын алды.
Сондай-ақ, қала да археологиялық зерттеу жұмысы 2003 жылдан бастап А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің археология, этнология және мұражай кафедрасының ұстаздарының басқаруымен қазба жұмысы бірден үш жерде жүргізілді. Қазба жұмысының кезінде 5 дана мыс теңгелер табылды, оның біреуі қаланың солтүстік батыс жағындағы кесенеден алынды. Теңге сауда айналымында 30 жылға жуық жүрген. Ал, 3 теңге ХІV ғасырдағы Жошы ұрпақтарының Сығанақтың теңгеханасында шығарған теңгелері. Теңгелерді оқып ғылыми анықтамасын берген теңгетанушы ғалым, А.Марғұлан атындағы археология институтының жетекші ғылыми қызметкері т.ғ.к Р.Бурнашева. Отандық ғалымның айтуына қарағанда Сығанақ қаласында ақша шығаратын «теңгехана» (монетный двор) болған. Ондай орынның болуына ешбір күмән жоқ. Оған дәлел жоғары да біз келтірген Ерзен, Ұрыс, Тоқтамыс хандардың өз аттарынан қалада теңге шығарған. Алдағы уақытта да қалаға жүргізілетін қазба кезінде Сығанақта соғылған теңгелер табылар деген үміт басым. Табылған жағдайда, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында тарихи жәдігерлер аудандық тарихи-өлкетану музейі арқылы бұқарамен қайта қауышатыны айқын.

Құралай ДӘРМЕН,
аудандық тарихи-өлкетану музейінің
ғылыми әдіскері.
19 маусым 2018 ж. 2 201 0