Соңғы жаңалықтар

№32 (8846) 30

30 сәуір 2025 ж.

№31 (8845) 29

29 сәуір 2025 ж.

№30 (8844) 26

26 сәуір 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
» » Қанаты отқа күйгендер

Қанаты отқа күйгендер


Үлкенмен де, кішімен де күлімсіреп амандасып, хал-жағдайыңды сұрап, жақсы істеріңе жас баладай қуанып қамқор пейілін аямайтын дархан мінезді Әшім қарияны танымайтындар кемде-кем.
Қарияны сонау алпысыншы жылдардан бері жақсы танимын. Ол кезде жүк кө­лігін айдайтын. Жетпісінші жылдардан бас­тап жолаушылар тасымалдайтын автобус жүргізушісі болды. Тоқсаныншы жылдардан кейін зейнет демалысына шықты.

Оның кезінде №1209 Автотранспорт кәсіпорнында жүргізуші болып жүргенінде, еңбек озаты ретінде аудандық мерекелік шараларда алғыс хаттар мен грамоталар алғанын талай көрдік те. Жақында бір жиыннан қатар шығып оңаша сұхбаттасудың сәті түсті.

– Мен сонау 1936 жылдың 6 наурызында Мамыт көлінің жанынан орын тепкен жеркепеде дүниеге келіппін. Әкем мен шешемнің менен бұрын туған үш перзенті қызылшадан шетінеп кеткен екен. Анығын айтқанда, мен олардың құдайдан сұрап алған жалғыз баласы екенмін. Сондықтан да болар еді, олардың мен дегенде шығарға жаны бөлек-тін. Қарнымыз тоя тамақ іше бермейміз, киімнің бәрін анам қолдан тігіп беретін. Енді ес жия бастағанда соғыс басталды. Алғаш ауылдан үш кісі соғысқа кеткені әлі есімде. Ойын баласы болсақ-дағы үлкендердің жылағанына қосылып жылап жүрміз. Сірә, сәби жүрегі әлде бір жамандықты сезді ме екен, – деп сырлы хикаяның шетін шығарды.

– Үлкендер Мамыт көліне шығыр орна­тып колхоздың мақтасын егеді. Сол жы­лы құрғақшылық болып мақталық­тың біраз жері терімге келмей қалды. Жыл­дың аяғына қарай күзде ауыл түгелі­мен Сунақата каналы бойында ашылған «Елтай» колхозына көшіріліп, 1942 жылдың маусымында арасында әкем Иманбаев Әбділ бар, біраз адам әскерге аттанды. Анам Қалбике екеуміз, тағы бірнеше қарт кісілер оларды біраз жерге дейін шығарып салдық. Ат үстіндегі әкем мені алдына алып, межелі жерге жеткенше айналып-толғанып барды. Әкем сол күйі соғыстан оралмады. 1945 жылдың наурыз айында әкемнің майдан даласында алғы шепте мерт болғандығы жөнінде қара қағаз келіпті, бірақ колхоз басқармасы бұл хабарды анама кейінірек жеткізді. Әкеммен соғыс­та болған марқұм Мамахан (Махметжан) қария, оның полктің барлаушысы болғанын айтып отыратын. Мамахан аға жараланып госпитальға кеткенге дейін соғыстың бір үзілген шақтары мен резервке шыққан кездері кездесіп жүріпті.
“Әбділ өте шапшаң қимылдайтын әбжіл де қайратты жігіт еді. 3-4 рет барлауға кетіп 2-3 тіл әкелгенін көрдім. Ол біздің полктағы алғаш марапатталған қазақ жігітттерінің бірі еді. Майдан даласында мерт болды” дейтін Махаң.
Осы бір естелікті айтқан Әшекең жаңа мекенге барғаннан кейінгі тұрмыс тіршілігі жөнінде біраз әңгіме шертті.
– Тайпақкөл-Қандыарал көлдер жүйе­сінің суын сол кездегі бірнеше колхоз пайдаланып егіс екті. Жаңадан қазыла бастаған Сунақата каналы бойына «Елтай», «Кеңесарық» және «Политотдел» колхозы ашылып Сырдарияның батыс бетіндегі ел сонда көшірілді. Бұл кезде мен де жеті жасқа келіп қалғанмын. Анам таңертеңнен қара кешке дейін канал құрылысы басында. Кешқұрым қайтар жолда отын арқалап келіп, бізге тамақ пісіреді. Қыстай тұқымдық дән-мақта шитін, күрішті күрмегінен тазаладық. Көбіне ашқұрсақ жүреміз, тоя тамақ ішу арман. Арасында түс әлетінде анамның түнде даярлап қойған тамағынан түстеніп, анама түстік асына айран мен нан апарып беремін. Бірде жолда балалармен ойнап келе жатып арықтан секіргенде қолымдағы кателок түсіп кетіп жартысын төгіп алдым. “Сасқан үйрек артымен сүңгиді” демекші, төгілген айранның орнына су құйып алдым. Менің балалығым мен шалалығымды бек түсінген анам: “Жарығым-ау, енді қалған айранға су құймай – ақ қойсаң болмас па еді”, деді жай ғана ұрыспай. Өмірімде бірінші рет өзімнің осы бір келеңсіз ісім үшін ұялғаным есте, – дейді Әшекең.
Мектепке баруға да рұқсат жоқ. Кейде қаппен әкеліп бидай тазалатады. Мұндайда бригадирдің көзін ала беріп бір-екі уыс бидайды ұры қалтамызға тығып жібереміз. Бригадир көріп қалса біттің, мынау бала екен демейді, қамшысымен тартып-тартып жібереді. Қамшы тиген жер удай ашиды. Қатты жылауға бригадирден қорқамыз, амал жоқ, көздің жасын ішке жұтып үнсіз жұмысымызды істей береміз. Көктем шыға егіске шығамыз, соқа айдаған, дән сепкен сеялканы тартатын аттың үстіндеміз. Қырат баурайына егілген бидай пісіп орылғанда масақ тереміз. Кешке қарай терген масақтан да үйге көжелікке бір немесе кейде екі уыс дән алып қайтамыз. Қысқаша айтқанда, соғысқа барып оқ атпағанмен, тыл жұмысы одан жеңіл болған жоқ. Соғыста солдат үзіліс жасаса, бізде ондай демалыс болған жоқ, – дейді қария.
Әшекең мектеп табалдырығын тек 11 жасында аттапты. 1954 жылы жетіжыл­дық мектепті бітіріп колхоз жұмысына араласады. Сол кездегі шоферлық курстар ДОСААФ қарамағында. Әскерге автокөлік жұргізушілер даярлайды. Әшім де осы курсқа жазылып 1957 жылы шоферлық куәлік алады. Куәлік алысымен Төменарық кеңшарына жүргізуші болып жұмысқа кірген Әшім 1958 жылдың басында құттықожалық Күлаш Тұрсынқожақызымен көңіл қосып отау көтереді. Сол жылдың күзіне дейін еңбек етіп, отан алдындағы міндетті әске­ри борышын өтеуге аттанады. Свердловск қаласында автобатта әскери міндетін ат­қарған ол Тюменьге жақын маңдағы Богданинко станциясынан Тайгаға жол салу жұмысына жіберіледі. Әскерден оралғаннан кейін 1961-1966 жылдар аралығында №187 тәсіптік техникалық училищеде өндірістік оқу шебері, аудан Шиеліден бөлінгеннен кейін жаңадан ашылған №1209 АТП мекемесіне жүк көлігін жүргізуші болып жұмысқа ауысады. Бұл Түгіскен массиві­нің игеру басталып жұмыстың қызған шағы. Кәсіпорын жүргізушілері уақытпен санаспай Жаңақорғаннан, Қызылордадан құрылыс материалдарын, «Өгізмүйістен» тас, дария жағасынан құм мен топырақ, «Казсельхозтехника» мекемесінен ауыл­шаруашылық техникалары мен қосалқы бөлшектер тасиды. Осы бір күндер туралы еске алған Әшекең мына бір оқиғаны ұмытпайтындығын айтып өткен еді.
– 1969 жылдың қысы қатты болып Сырдарияда сең ерте жүре бастады. Желтоқсанға жетпей мұз қатты. Паром жүрмей қалды. Қазіргі “Қарасопы” мешітінен төмендеу жерден қатқанына екі – күн болған дария мұзының үстіне сүдігер салынды. Машина жүретін сүдігер жолдың үстіне мұзды ойып су төгіп үстіне сабан тастайды. Енді арғы бетке өту керек. Ешкімнің бірінші болып өткісі жоқ. Қорқынышты – ақ. Директорымыз Ивлев деген орыс кісі:
“Озат жүргізушісің ғой, сен баста” деп көтермеледі. Мына мақтауға шыдамаған мен “нартәуекел” деп рульге отырып жүк тиелген машинамды сүдігерге салдым. 5 минут, бәлкім 10 минут өтті ме білмеймін, әйтеуір арғы жағаға шыққаннан кейін бірнеше минут есімді жия алмай, екі аяғымды баса алмай отырып қалғаным осы уақытқа дейін есімнен кетпейді. Ал Ивлев болса сөзінде тұрып өзінің қолындағы алтын сағатын шешіп берді. Менен кейін қалған көліктер де дариядан өтті, – деген еді.
Әшекең «Еңбек ардагері» медалімен, 1975 жылы «Тыл ардагері», “Бесжылдықтың озаты” төсбелгілерімен марапатталды.
Ол үлкен отбасының отағасы. Күләш Тұрсынқожақызы екеуі 8 ұл-қыз өсіріп, олардан 23 немере, 53 шөбере сүйді. Өкініштісі, аяулы жары 2001 жылдың 30 маусымында өмірден озып кетті.
Әшекең отбасы тауқыметін жалғыз өзі арқалап, ұл-қыздарына сүйеу болды. Зейнет демалысына шыққаннан кейін де қарап отырмай бір мезгіл жеңіл автокөлігімен халыққа қызмет етті. Сексен жастан асқан соң ғана көлік жүргізуді қойып, жан тыныштығын жасап, шөберелерінің жанында отырған жайы бар.
– Қанатымызды оқ жұлмаса да, балауса қанатымыз отқа күйген ұрпақпыз. Сондықтан келер буынның басынан құс ұшырмасақ дейміз. Балалық бал дәуреніміз отты жылдарға тура келді. Енді ұрпағым мен көрген тауқыметті көрмесе екен деп тілеймін, – дейді қария.
Өмірдің ащысы мен тұщысын қатар тартқан, көргені мен естігені мол Әшекеңнің кейінгі жас ұрпаққа айтар уәлі сөзі де жетерлік.

Ерубай ҚАЛДЫБЕК,
Жаңақорған ауданының
құрметті азаматы
19 сәуір 2025 ж. 174 0