№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Археология – ақиқат дерекке сүйенетін ғылым

Археология – ақиқат дерекке сүйенетін ғылым


Археология – көне заманның көмбесін аршып, көз алдымызда өткеннің шындығын тірілтер таудай талаптың нәтижесі. Олай дейтініміз, оған екінің бірінің төзімі жете бермейді. Бұл мамандықты таңдаған жан өзінің тұтас ғұмырын осы салаға арнайды. Тіпті кәсібіне шын берілгендердің жеке басы бақытын сол жолдағы бейнетінің өтеуімен өлшейтін қағидаларына да куә болып жатамыз. Солардың қатарына жас ғалым, аудан орталығындағы №3 мектептің мұғалімі Асқар Бекбергеновты қосуға болады.


Біздің Асқармен сұхбатымыз осы бағытта өрбіді.
– Асқар, өзіңнің археологияға қызығушылығыңды әртүрлі жиын­дарда айтып қалып жүрсің. Осы бағыттағы жұмыстарыңа көңілің тола ма? Жалпы көпшілікті өмір жолыңмен таныстырып өтсең.
– Бірлік ауылындағы Сұлтанбек Қожанов атындағы орта мектебін тәмамдаған соң ХҚТУ-дың археология факультетіне оқуға түстім. Университетті 2006 жылы бітірген соң сонда мұғалім болып қалдым. Екі жыл өтер-өтпес факультетіміз жабылып жұмыстан қыс­қарып кеттік. Жаңақорған аудандық архивінде жұмыс істеп жүргенімде уни­верситтегі археология факультеті қайта ашылып, ұстаздыққа шақырылдым. Екі жылдан соң факультет біржолата жа­былды. Бірақ осы бір жылдар менің археологияға дендеп енуіме көп ықпалын тигізді. Мұнда Сәйден Жолдасбаевтың ұстаздық тәлімін алдым. Ол кісі өзі ғылымға өте берілген жан. Іс-тәжірибесімен ғана емес кәсібіне адалдығымен де біздің бала арманымызды үкілеген тұлға деп айтар едім.
Сол кездері ең бір есімде қалған жағдай, Түлкібаста жатқан Шарапкент қаласының орнын қазуға қатыстым. Бұл жер Ұлы Жібек жолының бір тармағы. Одан соң археолог Мадияр Елеуовпен бірге Кентаудағы Қаратау қорығында мықтың үйін қаздық. Бұл ергежейлі халық қазақ және моңғолия даласында белгілі бір дәуірде өмір сүріп, жойылып кеткен. Үш жылдай уақыт Сәйден Жолдасба­ев­пен бірге ортағасырлық Сы­ғанақ қаласын зерттеуге қатыстым. Төбені қазып, топырақ қабаттары арқылы тіршілік қай ғасырда басталғанына көз жеткізуге болады. Оны қалай анықтайды? Мәселен, ою-өрнектер Х ғасырдан кейін пайда болған. Оған дейінгі кезеңде тек геометриялық төрт бұрыш, үшбұрыш­ты кескіндемелерді кездестіруге болады. Топырақ қабаттарына он екі-он үш метрге төменге түстік. Әр бір жарым-екі метрде бір ғасыр тарихы жатыр. ХІІ-ХІІІ ғасырда Шыңғысханның ұрпағы билік еткен тұс бір метрдей топырақ күлге айналған. Бұл жүрген жерін жермен-жексен еткен жаугершіліктің белгісін айқындап тұр.
Қаланы қазғанда әр өркениеттің өз белгілеріне куә боласыз. Мәселен, канализация жүйесі, ташнау – пайдалан­ған лас суды ағызып жіберетін жүйенің орнын таптық. Жер асты жолы бар, оның ауа айналып тұратын циркуляциялық жүйесі де болған тәрізді.
Біздің Жаңақорған кентінің МАИ бекеті жағында бірнеше сақтардың обасы жатқанын тарихшы ағаларымыз талай айтып жүр. Сақтар дәуірінде жер – әлем­ге жарық сыйлаушы деп күнге табын­ған дәстүрдің белгілері бар. Төбелердің ішінде сақтар қорғаны тізбегі сақталған. Үш-төрт метрден адам мүрдесі шығады. Бір мүрденің кеуде тұсынан алтын қап­сырмалар табылып, музейге қойылды.
– Қазіргі ұстанымың қандай?
– Метепте тарих пәнінен сабақ беремін. Шәкірттердің көбі археология­ға қызығады. «Музейдегі сабақ» дәстүрін ендіруге күш салып келемін. Балалар лекция тыңдап қана қоймай, тарихи жәдігерлерді қолмен ұстап, көзбен кө­ріп, әсер алады. Балалармен өңірімізде­гі тарихи орындарға саяхат жасап отырамыз. Археолог боламын деп жүр­ген шәкірттерім осындайда ақиқатпен бетпе-бет келіп, археология саласының қандай күрделі екенін жанымен түсінеді. Қорғанды бір айналып шыққан соң-ақ көбі өмірлік бағдарын өзгер­тіп, шын берілгендері ғана қатарымызда қалатынын байқап жүрмін.
Бұл мамандықтың қиындығы өте көп. Оған ең алдымен жүрек сүйіспеншілігі керек.
Бұл тұрғыда өзім идеал тұтқан Сәйден аға көп жылғы еңбегінің жемісі – «Орта ғасырлардағы Сығанақ қала­сы» деген кітабын жазып қалдырды. Ол алғаш Сығанаққа 1970 жылы Карл Байпақовпен бірге келгенін айтады. «Сығанақ Отырардан кейінгі үлкен қала. Сол кезден кейін Алматыдан қайтып кеп қазып жатырмын ғой. Ары қарай сендерге аманат» деп еді ол кісі бір сөзінде.
Қазір мұғалім болсам да ғылымға қатты қызығамын. Жақында Шәуілдір жаққа барып қайттым. Өгізсай деген жер бар. Сырдарияның бір тармағы. Оны жергілікті қариялар Оғызсай деп аталуы қисынды деп түсіндірді. Ия, осының барлығы мені қызықтырады. Тау-тас кезіп, бір малшы көрсем де тастардағы жазу туралы сұраймын. Қаратау өңіріндегі қазбалардан тас еңбек құралдары та­былған. Тастағы суреттер өз алдына бір әлем. 50-60-тай суреттер тізімге алынды. Музейге әкелінген тастағы суреттің үстіне тағы бір сурет салынғаны, олардың арасы 500-600 жыл екендігі компьютерлік томогра­фия­дан байқалған. Оның әрбір бедері­нің мағынасы бар. Әйел-ер адамдардың бояумен боялған бейнесі, бұқаның суреті табылған. Барлығы да бізден бұрын өркениет болғанын дәлелдейді.
Өткен із-түзсіз жоғалып кетпейді. Бәрінің ізі бар. Қаратауда талай су тасқыны болған, арнаның жүйелерімен қардан аққан су дарияға құйған. Біздің жерімізде Бірлік пен Кейденнің ортасында Айнакөл деген көл болғанын жазады тарихшылар.
Орынбор-Ташкент теміржолының да маңызы зор. Ол арқылы соғыс жылдары Шымкент қорғаныс зауытынан майдан даласына оқ-дәрі тасыған. Майданға азық-түлік пен қалың киімдерді осы темір жол арқылы жеткізген. Ол болмағанда жеңіске жетуіміз екіталай еді. Оның құрылысы 1897 жылы басталып, 1905 жылы аяқталған. Станцияның көне ғи­мараты тарихи-мәдени ескерткіш ре­тінде сақталып тұр.
«Бесеудің хатының» бір авторы Алтынбек Ембергенов кезінде Жаңа­қорған ауданының бірінші хатшысы болған. Осы деректердің барлығын шәкірттеріме айтып отырамын.
– Өмірде тағы кімді ұстаз тұтасың?
– Адырбек Сопыбеков ағамды. Ол кісі бүкіл өңір тарихын түп-түгел хатқа түзіп кеткен кісі. Жаңақорған тарихын жазуда бас-аяғы 100 әдебиетті ақтарып зертте­ген екен. Оның ішінде орыс археологтары мен тарихшыларының еңбектері, ар­хив қорларының Тас дәуірінен бастап Тәуелсіздікке дейінгі шежіресі тұнып тұр.
Ол кісінің еңбегін сала мамандары түгелдей кәдеге жаратып, нанын тауып жеп жүр деп айтсам да артық емес, соның ішінде өзім де бармын. Әрбір мәдениет жанашыры жергілікті жердегі жәдігерге мұқият болуы керек қой деп есептей­мін. Мәселен, мына Түркістан­да Алаш қайраткерлері азапталған НКВД түрмесі болған, керуен сарай құрылысы кезінде бәрі сүріліп кеткен. Сол сияқты Карлаг түрмесіне қамалған жаңақорғандықтардың тағдыры да зерттеуді қажет етеді. Осы лагерьде болған Лев Николаевич Гумилевтің еңбектеріне көбірек үңілдім. Ғалым славян тектес сөздер мен түркі тектес сөздерді кіріктіре зерттеген.
– Тағы қандай қызықты мәлі­меттермен бөлісесің?
– Ғұндардың дәуірінде Сыр бойын­да қыпшақтар орналасқан. Венгриядағы мадиярлардың сөздік қорында жігіт, сақал, батыр деген мағына бар. Ғұнның әскер құрамында болған қыпшақ жауынгерлері үйлі-баранды болып, сонда қалып кеткен. Бұл елде жыл сайын ат бәйгесінен, садақ атудан жарыс өткізіліп тұрады. Мен өзім адам қай ру не тайпадан екенін антропологиялық түр-сипатына қарап ажаырата білемін. Өйткені олардың әрқайсысының өзіндік ерекшелігі болады.
– Тарихты зерттегенде ерекше көңіліңде қалған оқиғалардан нені айтасың?
– Ұлы Отан соғысының қияпат қияна­тын айтар едім. Гитлер халықты соңына қалай ертті? Бір ғана адамның басында пісіп-жетілген идеядан 65 миллион ха­лық қырылып кетті. Осы Жаңақорғанның өзінен аттанған 4 мың солдаттан екі мыңы қайтпаған. Іздеушісі жоқ адамдар қанша? Қазақтар атқа икеміміз бар деп көбіне кавалерияға сұранған. Оларды Гитлер солдаты техникамен таптап өтті. Адамнан окоп жасаған, екі адамға бір мылтық деген не сұмдық. Ал кеңес мемлекетінде Сталиннің суретін төрге іліп қоятын құрмет салтанат құрды. Осының барлығы неден? Идеологияның мықтылығынан.
– Алаш қайраткерлеріне деген көзқарасың қалай?
– Міржақып Дулатовтың бес томдығын оқыдым. Ол кісінің бар арман дерті – халқының жай-күйі болған, ешбірі дү­ние жимаған. Ахмет Байтұрсынов таза ғалым болатын кісі еді. Бірақ мәжбүрлік­тен саясатқа араласты. Әлихан – хан тұқымы, Шыңғыс ханның империясын мұрагер ретінде сақтап қалғысы келді. Мұның ішінде жүрегіме қатты ұнағаны Міржақыптың өмір тарихы. Ол «Егер аспаннан тас жауса кедейдің басына кеп тиеді» деген. Бұл тақырыпта Сұл­танмах­мұт Торайғыров өлеңдері де шынайы. Мұстафа Шоқайдың түркілік идеялары оны Ахметтермен достықтан айырды. Ол қазақ-қырғыз бір мемле­кет құрамыз деді. Ахметтер ұлттық мемлекетпіз құрамыз деді. Содан бөлініп кетті. Ол Францияда өмір сүргенде әйелі екеуі эмиграцияда орыс кухнясын ашып күнелт­кен. Міржақыптың тұрақты үйі болмаған. Қайда барса да жалдамалы пәтер­де тұрған. Міне, осындай халықшыл, мемлекетшіл тұлғалар жүз жылда бір туады десек, саналы элиталық топ неге қалыптаспайды? Бейімбет Майлиннің 1932 жылы август айында ең соңғы повесі жазылды. Ол барлық шығармасында кеңестің жаршысы бола білді. Соның өзінде ату жазасына кесілді. Мағжан бұл туралы «Өкімет өзінің ақтаңгер жаршысы Бейімбетті атқанда мен аман қалам ба?» деген қаупін жазған естелігінде. Алаш қайраткерлері Алаш үкіметін құрып, өзінің Семейде милициясын жасақтай­ды. Большевиктер милиция құрамын­да қазақтың жігітін атып тастайды. Мағжанның жырында «Сен бірінші, сенен кейінгі құрбан біз» дейді. Қостанай­дан, Арқалықтан, Қызылордадан шық­қан қайраткерлер – Сұлтанбек Қожанов, Мұстафа Шоқай, Тараздан Тұрар Рыс­құлов, Әлімхан Ермеков қазақ жерін қорғап қалған, шекарасын бекемдеуге күш біріктірген. Дін мен мемлекет ара-қатынасы, әйел теңдігі, халықты сауаттандыру тақырыбында мәселе көтерген. «Қазақ» газетін шығарып, сахараға таратып, елдің көзін ашып, ағартуға арнаған. Бес жыл бойы шығып тұрған бұл газетті Қосшығұл Шәйменов деген бай қаржыландырып отырған. Мұхамеджан Сералиннің «Айқап» жур­налы он бес жыл бойы шығып тұрды. Ағылшын қайраткерлерінің идеясы мәң­гілік. Бүгін енді интернетте арна ашып сол асылдарымызды жамандауға ұмтылған ниет-пиғылды қостамаймын.
– Білімгерлер арасында өзің үміт күтетін шәкірттерің бар ма?
– Қатарластарым сынды таза ғы­лым­мен айналысып, карьераның соңында кетпегенімді армандар жөнім жоқ. Өйткені менің ең қымбат, дүниедегі арттырғаным деуге боларлық тамаша шәкірттерім өсіп келе жатқанын өзім мақтан тұта­мын. Дәл қазір №3 мек­теп интернаты­ның жоғары сыныбын­да оқып жатқан Оразбек Әсел деген шәкіртімді мақтан тұтамын. Отбасымен сауатты. ЖаҺан­да­ну заманында шет елдердегі жағдайды өз мәселесі сияқты қабылдайтын пси­хология бар бүгінгінің жастарында. Жаһандық сана солай қалыптасқан.
Аудан архивінде болып, «Сталинге хат» деп аталатын санатория ұжымының 41 жылдары Сталинге жазған хатын да осы оқушыларыма оқып бердім.
– Мазмұнды әңгімеңе рахмет.

Сұхбаттасқан
Баян Алаудинқызы

09 сәуір 2024 ж. 3 113 0