№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Шежіре – тарих тармағы

Шежіре – тарих тармағы


Өркениетті ғылымсыз елестету мүмкін емес. Осыдан нешеме ғасыр бұрынғы құм астындағы қалған құндылықтарды жете зерттеу арқылы ежелгі ата-бабамыздың шынайы болмысына көз жеткізуге ұмтылған ұлы даланың мұрагерлері көненің көзін өздігінше аршып, көкірегіне зерделеуді перзенттік парыз санауы құптарлық. Осындай игі бастамаларға дем берген Жаңақорған аудандывқ тарихи-өлкетану мүзейі басшылығы халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күніне орай кент орталығындағы мектептер білімгерлері арасында көне жәдігерлерді зерттеу тақырыбы бойынша ғылыми жұмыс байқауын ұйымдастырды. Байқауға әділқазылық еткен топ құрамында тарихшы, зейнеткер, осы саланың ардагері Нәбихан Шалапов, облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Гүлжанар Оразалиева, Жаңақорған аудандық жастар ресурсы орталығының директоры Наурызбай Орынбасар жас ғалымдардың еңбегін жан-жақты саралады.


Интеллектуалды сайысқа ат қосқан білім­гер­лер қатарында №51 орта мектебінің оқушысы Айшабибі Төлегенова «Ақтас» мешітінің салынуы туралы тоқталып, онда жерленген Айқожа ишан туралы тарихи деректерді өздігінше ізденіспен баяндады. Ал №169 мектептен келген талапкер 8 сынып оқушысы Сұлтанбек Жанель өзінің зерттеу обьектісіне Қожамберді ауылындағы Гүлбаршын анаға қойылған «Көккесене» мавзолейін таңдап алып, жетекшісі Әлімжан Ержанов екеуінің ескерткіш басынан түсірілген бейнесюжетті көрермен назарына ұсынды. Талапкерлер ара­сында ғылыми жобаға әлеуетті әзірлікпен қадам жасай білген білімгер №56 орта мектебінің 9 сынып оқушысы Бектұрсын Мұхамедәлі болғанын айтуға тиіспіз. Ол Құттықожа сахаба туралы жан-жақты ізденіпті. Зияткерлер байқауының келесі шарты – музейге сый тарту бөлімінде өзі зерттеуге алған тарихи орынның әкесі екеуі бірігіп желім материалдан қолдан жасап шыққан макетін ұсынды. №163 орта мектептен қатысқан Алтынбек Нұрбақыт «Сырға толы Сығанақ» тақырыбында ізденсе, №3 мектеп интернаты оқушысы Исахан Санжар Жаңақорған жерін қиып өтіп жатқан Орынбор-Ташкент теміржолының ақ патша заманынан бастау алған тарихын таразылап берді. №125 мектептен келген Шарап Алина сырын ішіне бүгіп жатқан «Балапан төбе» тарихын тірілтуге тырысты. №110 мектеп оқушысы Ахметхан Қасиет Көкен батыр бабаның қолбасшылық қырын зерделесе, №286 мектептің 9 сынып оқушысы Нұрлыбай Жанел туған жеріміздегі киелі орындар – Қорасан ата, Төлек ата, Қылышты атаның басына достарымен бірге саяхаттап, зерделі көкірекке түйгендерін ғылым тілінде өрнектеп, алған әсерлерін бейнеролик баяны арқылы көрерменмен бөлісті. Оқушылардың жан-жақты ізденісі, жаңашылдығына орай арнайы орындар тағайындалып, жүлделер табыс етілді. Мекеме басшысы Ажар Жанаева жас ғалымдарды Дипломмен және бағалы сыйлықтармен мара­паттады.
Жұмыстарды бағалай отырып, бірі төмен, бірі жоғары деп сын тағудан аулақпыз. Барлығы да бұрын-соңды зерттелген орындар, белгілі авторлардың ғылыми жазбаларын кез келген дереккөз бетінен кездестіруге болады. Дегенмен де жас талаптың өздерінше ықылас танытып, қасиетті орындарға қадам басып, тарихи шежірелерді өз тұжырымдарымен толықтыруға тырысқан руханият жанашырына тән болмыс-біліктері сүйсіндірді.
Бір ескерту, алдыңғы зерттеушілердің немесе тақырып бойынша дереккөз алынған мақала авторларының еңбегіне сілтеме берілмеуі жас ғалымдарды әлден «жиендік» жасауға именбеу­ге баулу болып табылатынын жетекшілеріне ескерткіміз келеді. Тіпті ғылыми жұмыстарында бөтеннің еңбегін сөзбе-сөз көшіріп, өз атынан берген жағдайлар да болды. Ынталы өрендер әлі де ысыла түседі деген ойдамыз.

Баян ҮСЕЙІНОВА
28 сәуір 2023 ж. 5 364 0