№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ұлтын сүйгенді елі ұмытпайды

Ұлтын сүйгенді елі ұмытпайды


Ел егемендігін алып, мемелекетіміз тәуелсіздіктің көк туын желбіреткен азат күнге дейін халқымыз талай тар жол тайғақ кешуден өтті. Кеңестік саясат ұлтымыздың мәйегін орып, жантағын қалдырды. Жазықсыз «Халық жауы» атанып, атылғандардың көбі қазақтың бетке ұстар қаймақтары, көш бастайтын ағартушылары, ұлт көсемі болуға лайықты азаматтар еді. Зұлмат жылдардың зобалаңын бастан кешірген Алаштың арда ұлдары ешқашан ұмыт қалмайды. Олардың өткен жолдары мен бастан кешкендері бүгінгі ұрпақтың есінде мәңгі сақталмақ. Тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы саяси қуғын-сүргінде жазықсыз жаза арқалағандар ақталып, 1997 жылы 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып жарияланғаны соның бір дәлелі.


Тарихты парақтасақ, 1927 жылдан 1953 жылға дейін Кеңес Одағында 40 миллион адам репрессияға ұшыраған. Революцияға қарсы қызмет дегенді білдіретін Қылмыстық Істер Кодексінің 58-бабы бойынша 3 миллион 770 мыңнан аса адам сотталып, 642 мың 980 адам ату жазасына кесілген, 2 миллион 369 мың адам 25 жылға абақтыға қамалған. Мәселен, бір Қазақстанның өзінде 103 мың азамат қуғынға ұшырап, 25 адам атылған. Соның ішінде Қызылорода облысы бойынша 4 мың адам «Халық жауы» атанса, біздің аудан бойынша мыңнан аса адам қамауға алынып, оның көбісі жазықсыз атылып кеткен.
Ал, 1937-38 жылдары жазықсыз жаза арқалағандардың ішінде қазақтың зиялылары басым болды. Елдің ертеңін ойлайтын, көзі ашық, көкірегі ояу әр қазақтың азаматы қапияда жазалы болып, кінәсіз оққа ұшты. Ұлттың зиялы қауымын, ауқаттыларын қуғынға ұшыратқан зұлмат жылдардың бізге беймәлім тұстары көп. Тарихшылардың зерттеуіне сүйенсек, оған Қазақстан­да жүргізілген сталиндік-голошекиндік реформа кінәлі. Сол реформадан ша­руалардың жеке меншігін тәркілеу, жою, түрлі салықтармен елдің еңсесін басып, күштеп колхоздастырып, дәулеттілер мен зиялыларды «феодализмнің өкілі, буржуазиялық интеллигенция» санап, ату жазасына кесіп, қоғамды қолдан күйретті.
Міне, Кеңес Одағын түгел қамтыған 1937-38 жылғы саяси қуғын-сүргін біздің ауданды да айналып өткен жоқ. Жаңақорғанда да жауыз саясаттың қармағына ілінген жандар жетерлік. Біз ұлт зиялысы болған ұлы азаматтардың елі үшін жасаған ұлы істеріне тоқтала кетсек.
Орта Азия мен Қазақ тарихына есімі алтын әріппен енген ұлы тұлға Сұлтанбек Қожанов. Ол Түркістан Республикасы мен Қазақ Республикасының жоғары басшылығында ұлт мүддесі үшін аян­бай қызмет еткен. Партия-кеңес жұмыс­тарында жауапты қызмет атқарып, Қа­зақ өлкелік Комитетінің хатшысы бол­ған. С.Қожанов саяси қызметін Ташкент қаласында семинария оқушыларынан құралған «Кеңес» атты астыртын жастар ұйымын құрудан бастаған. 1917 жылы Ташкентте М.Шоқай, Қ.Қожықов, Қ.Болғанбаев, С.Ақаевпен бірге «Бір­лік туы» газетін шығарды. Аштықпен күресетін орталық комиссияның мүше­сі ретінде 1918 жылы Түркістан, Созақ, Жаңақорған, Шиелі өңірлерінде ашық­қан адамдарды тамақтандыратын ар­найы орындар ашуды ұйымдастырды. 1937 жылы 16 шілдеде Ташкентте тұтқындалып, саяси қуғын-сүргін құр­баны атанып, 1957 жылы ақталды.
Сауд Арабиясына консул болған қазақтан шыққан тұңғыш дипломат – Нәзір Төреқұлов. Мемлекет мүддесі жолында қызмет еткен, жеті тілде еркін сөйлеген Нәзір Төреқұлов Қандөз ауылының тумасы. Оның қазақ үшін атқарған елеулі жұмысының бірі – елшілік қызметте болуы. 1932 жылы КСРО-ның Сауд Арабиясындағы өкілетті елшісі болып тағайындалады. Бұл елге елші тағайындау кезінде діні, қабілеті, терең білімі мен қазақ халқының өкілі керектігі қатаң қадағаланды. Осы талаптардан сүрінбей өткен ол 1932 жылы Сауд Арабиясы королінің мұрагері Фейсал әл-Саудтың КСРО-ға 10 күндік сапарын ұйымдастыруы елшілік қызметіндегі үлкен табысы, айрықша қайраткерлігі. Алайда көрнекті қоғам қайраткері 1937 жылы «алашордашыларды» қамқор­лығына алып, қолдау көрсеткені үшін «ұлтшыл» деген айыппен тұтқындалып, ату жазасына кесіліп, 1958 жылы 28 қаңтарда ақталған.
Алаш партиясының мүшесі, Жаңақор­ғандағы белсенді өкілі болған арда азаматтың бірі – Серіқұл Алдабергенов. Ол 1883 жылы Жаңақорған ауданының Төменарық ауылдық округінде дүниеге келген. 1893 жылы Ташкенттегі ер балаларға арналған сегіз жылдық гим­назияға түседі. Сабақ үлгерімі жөні­нен үздік танылған бозбала Серіқұл «Суды пайдалану және жерді игеру» мамандығын тәмамдағаннан кейін Тө­менарыққа келіп, ел ісіне араласып, арық қаздырып, халыққа егін ектіреді. Ал, 1904-1912 жылы Перовскіде уезд бастығының орынбасары қызметін ат­қарып, Сыр бойындағы тұрғындар­дың әлеуметтік-экономикалық дамуына өзін­дік үлесін қосады. Ол 1912 жылы Төме­нарық болысының басқарушысы болады. Оған қоса, Ташкентте Мұстафа Шоқай арқылы «Кеңес» үйірмесінің жұмысына қатысып, саяси жұмыстарға белсенді араласады.
Ол Алаш қайраткерлері С.Өтегенов, Қ.Қожыков, С.Ақаев, А.Оразаев, С.Қожа­нов және т.б. ұлт зиялыларымен тығыз қарым-қатынаста болған. 1930 жылдың басында ұлт зиялыларын террорлық жолмен қуғын-сүргінге ұшыратқан кезде Ташкент ерлер гимназиясында бірге оқыған Перовск уездік милиция бастығы Ж.Есеновтың көмегімен атылудан аман қалып, ағайын-туыстарымен Қызыл­құм­ға, одан әрі Өзбекстанға көшіп кеткен. Серіқұл Алдабергенов 1935 жылы 25 наурызда Төтенше комитеттің айрықша кеңесінің шешімімен Красноярск өлке­сіне 5 жылға жер аударылған. Одан кейінгі тағдыры белгісіз. Десе де, кейіннен Серіқұл Алдабергеновке жа­былған «халық жауы» деген негізсіз айыптарды жала деп тауып, Оңтүстік Қазақстан облысының соты 1988 жылы ақтап шықты.
Сондай-ақ, ұлт үшін жанын аяма­ған қайраткердің бірі – Бегайдар Арал­баев. Ол Түркістан ұлттық әкімшілік элитасының көрнекті өкілі. 1896 жылы Қызылорда облысы, Жаңақорған ауда­нының қазіргі Сүттіқұдық ауылдық округіне қарасты жерде туған. 1917 жылға дейін болыстық, уездік мекемелерде түрлі қызметтер істеген. Уақытша Үкіметтің Шиелі болысында милиция комиссары болған. 1920 жылы Перовск уездік атқару комитеті саяси бюросы меңгерушісінің орынбасары, Сырдария облаткомының бөлім меңгерушісі, хат­шысы болып қызмет атқарған. 1922-1924 жылдары ТАКСР Ішкі істер халко­мы, Түркіатком Төралқасының мүшесі, 1923 жылы Түркіатком төрағасының міндетін атқарған. 1924 жылы ТАКСР Жоғарғы Сотының төрағасы. 1924-1925 жылдары Сырдария губерниялық атқару комитетінің төрағасы, Қызылорда қала­сында өткен республика кеңестерінің V съезінде Қазақ Орталық Атқару Комитетінің хатшысы болып сайланған.
1946 жылдың наурызында боса­тылып, Самарқанд қаласында Жібек маталар фабрикасының директоры, кейін Ташкент облысының Шыназ ауданында ферма басқарушысы, мұрап болған. 1948 жылы қайтадан қамауға алынып, жер аударылған. 1949 жылы Красноярск өлкесі, Енисей ауданы, Хохлово лагерінде қайтыс болған.
Бұл – біз тізбектеген ел аузында жүрген ұлт зиялыларының бірнешеуі ғана. Осындай парасат-пайымы биік, Алаштың арда азаматтарының қанша­масы сұрқия саясаттың кесірінен жер жастанып, жазықсыз өлім құшты, қыршыннан қиылды. Ол аздай, қазақ қоғамының қаймақтары итжеккенге айдалып, абақтыға қамалды. Олар азаттықты аңсап, елі үшін от кешті, ақыры аяғында жан берді. Міне, қолдан жасалған жауыздықтың салдарынан өр мінезді ұлтымыз оңбай жапа шегіп, қасіретке ұшырады. Біз ел басына күн туған осынау опатты жылдарда құрбан болған өткенімізді ұмытпаймыз. Өйткені, бүгінгі бейбіт заман кешегі бабаларымыздың шынайы тілегі мен Тәуелсіздікке деген құштарлығының жемісі екені анық.

Айсұлу Алданазар
31 мамыр 2022 ж. 5 723 0