№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Бабадан қалған жәдігер

Бабадан қалған жәдігер


Ұлттық мәдениетіміздің бір тармағы ата-баба мұраларынан сыр шертетін, олардың қалдырған өнегесін кейінгі ұрпаққа танытар тарихи-мәдени ескерткіштер, естеліктер екені анық. Қазіргі таңда халықтың ұлттық санасы оянып, тарихи тұлғалардың танылуына, архитектуралық, археологиялық ескерткіштер мен тарихи-мәдени мұраларды тануға ұмтылысы күн санап дамып жатыр. Ғасырлардан тамыр тартатын өткені мен бүгінін, жылдар қойнауындағы құндылығы мен тарихын халық арасына, кейінгі ұрпаққа жеткізуде музейдің маңызы зор. Міне, осы мақсатта аудандық тарихи-өлкетану музейінің қоры соңғы уақытта қандай жәдігермен толыққанын білу үшін есігін қаққан едік.


Музей тарихи құндылықтар ордасы, өткен уақытпен жүздесе отырып, бүгінгі өмірге тарих парасатымен қарайтын орын. Сондықтан осы құнды жәдігерлер бойынан ғасырлар таңбасы мен табы қалған айрықша белгіні көресің. Себебі, музей бірнеше дәуірдің тарихын, этнографиясын, тарихи тұлғаларын, өнерін жинақы түрде ұрпақтан ұрпаққа жалғап отырған бірден-бір институт.
– Музейдің адамзат тарихындағы алатын орны ерекше екені белгілі. Қазіргі кезде музейлердің алдында болашақ үшін мәдени мұраны сақтау және келушілерге мәнді құндылықтарды көрсету, насихаттау мәселелері тұр. Сондықтан басты мақсатымыз мәдени құнды көне заттарды музей табалдырығын аттаған жандарға таныстыру, нәтижесінде олардың рухани өсуіне әсер ету. Ал мұндай әрекеттерді жүзеге асыруда аудандық музей ұжымы қор жинақтауда, сақтауда облыста алдыңғы қатарда. Оған дәлел, жуырда ғана Аққорған қаласын жоңғарлардан қасық қаны қалғанша қорғаған Төлек батырдың қылышының музей төрінен орын алуы, – деді музей директоры Ажар Мәжитқызы.
«Өткеніңді білмей болашақты болжай алмайсың» демекші, ата-бабаларымыз келешек жас ұрпақ өзі өскен жердің, елдің тау-тасы мен қырқасының тарихын, бабаларының жүріп өткен жолын білсін деген мақсатта өткенді бүгінге жеткізіп келген. Ал бұл деректер ешкімнің бұйрығынсыз, парасат-санасымен, көкірек көзінің көрегендігімен саф алтындай сақталып ауыздан-ауызға тарап, шежіредей қағазға түсіріліп отырған. Осындай тарихнамалар негізінде орта ғасырлық Аққорған қаласын жоңғарлардан қорғаған «Төлек» қожа батыр жайлы деректерге тоқталып кетсек.
Ел басына күн туған зұлмат шақта жоңғар шапқыншылығына қарсы аянбай шайқасып, ерен еңбегімен тарихта аты қалған Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Шапырашты Наурызбай, Шақшақұлы Жәнібек, Хангелдіұлы Райымбек батырлар мына ұлан-ғайыр жерді бізге мирасқа қалдырған. Солардың қатарында Сыр өңіріндегі Аққорған қаласынан шыққан Төлек батыр да бар.
Аққорған жерінде Құл Қожа Ахмет Ясауийдің туған ағасы Хазіреті Садыр шайық және оның немересі Сафуаддин шайық (лақап аты Қойлақы ата), шөбересі Захияддин шайық (лақап аты Тілеулі ата) сүйектері жатыр. Осы әулеттен өрбіген ұрпақтар өкілі XV-XVІІІ ғасырлардағы ағайынды Үсен шайық пен Қара шайықтан тараған Төлек батыр 1733 жылы туып, 1802 жылы өмірден өткен. Ауызекі әңгімелерге қарағанда 1768 жылдарға дейін керемет ептілігі мен ерлігі елден елге тараған, жоңғарларға қарсы тойтарыс берген ержүрек батыр болған. Өз уақытында ерекше батырлығымен көзге түсіп, Абылайханның ту ұстаушысы болумен қатар, мың басы ретінде талай қиян-кескі жорықтарға қатысып, тапқырлығымен танылған.
Бірде Қалдан Серен қолбасшылық еткен жоңғар әскері елді есеңгіретіп қатты қырғынға ұшыратады. Мұндай ауыр күйзеліс аштық пен ашаршылық­қа ұласып, қазақ халқына бұрын-соң­ды болмаған «Ақтабан шұбырынды алқакөл сұлама» дәуірін әкелді. Осы кездегі аянышты жағдайды көрген бірқатар саяхатшылар «Егер Сырдың қамысы мен балығы болмағанда қазақтардан тұқым қалмас еді» деп жазады. Осындай қиын-қыстау күндерде елді зұлмат жауыздықтан, жаудың қанды шеңгелінен құтқаруға үлес қосқан Төлек бабамыздың ерлігі ерен. Жалпы 1750 жылғы Жоңғар қақпасындағы соңғы шайқасқа дейінгі ірі-ірі жеңістердің бәрінде де Қабанбай, Алтыбай, Ақтанберді, Есенбет, Жәнібек, Малайсары батырлармен бірге Сыр өлкесінен шыққан Төлек батыр да ерлігі ерен.

Тұлыбайұлы Жолдасбайдың 1987 жылғы жарық көрген «Тамыз таңы» атты романында он сегізінші ғасырдағы Жоңғар шапқыншылығына ұшыраған қазақ халқының дұшпандарға қарсы азаттық күресі жайлы айтылған. Романда аты аңызға айналған, есімі ел аузында сақталған Хангелді батыр баласы Райымбек, Сырдан шыққан қожа Төлек батырдың ерліктері жайлы дерек бар.

Онда Есжан бастаған жігіттер Жоңғар жорықшыларының ізіне түседі. Тұтқыннан босанғандардың ішіндегі Төлек есімді қатпа жігіт өздерін қолға түсірген қосынның бағытын көздей тіке тартқаны жазылады. Ойраттар қосыны жүзден, екі жүзден жүреді және олардың арасы тым қашық еместігі, егер біріне қауіп төнсе, екіншісіне жаушы шаптыртып, дереу көмекке келердей аралықта Төлек батырды сайлап, қол бастайтыны ерекше суреттеледі. Сонда әр қайсысы әр ауылдан ондаған, жүздеген жігіттерден жинап, өздері ұраншы болып мыңдаған жоңғарлармен бетпе-бет келіп шайқасқа түседі. Осы шайқаста қаһармандығымен, батылдығымен, батырлығымен Өтеген, Бердіқожа, Төлек батырлардың көзге түскені сипатталады.
Көнекөз қариялардың айтуына қарағанда, Төлек батыр ат үстіндегі соғыс өнерін жоғары дәрежеде меңгерген. Астындағы жорғасының бірде оң жағына, бірде сол жағына, бірде бауырына өтіп соғыс қаруларын аса ептілікпен қорғана отырып қолдануы да көпке үлгі болған. Сауытты көп пайдаланбағаны, көбінесе жылдамдыққа ыңғайлы болсын деп жеңіл сауытпен сайысқа аттанғаны Аллаға сыйынып, «ұрандап, ұрыс қашан аяқталғанша зікір салуын тоқтатпайтыны жазылады.
Тарих беттерінде Абылайхан бастаған батырлар мен сарбаздар қалмақтарды Балқаш көлінен өткізіп салып, екі жақ соғыспауға келісім жасаған қағазына 14 адамның бірі болып Төлек батырдың да қол қойғандығы жайлы айтылады. Міне, тәуелсіздікті жақындату жолында жаны құрбан болған осындай алып батырдың қылышының аудандық мұражайдың алтын қорында сақталуы заңдылық. Берері көп сайманның зерттеп-зерделеуді қажет ететіні анық. Бір білеріміз, қандай кескілескен айқаста болсын қол бастаған бабаның қолындағы қылыштың арқасында қазақ жауынгерлері рухтанып, жеңістен жеңіске ұмтылып, аттары аңызға айналды. Ал мықты қолбасшы ретінде танылған Төлек батырдың елдің тұтастығы үшін халықты жаудан қорғау жолындағы жорықтарда көр­сеткен ерлігінің жемісі ел есінде сақталуы заңдылық.
Иә, қай дәуірде болмасын қазақтың ұсталары жасаған дүниелер өзінің құндылығын ешқашан жоғалтқан емес. Сондықтан шайқас кезінде жаудың басын кескен Төлек қожа батырдың жұмыр қылышының музей қорында сақтаулы тұрғаны келешек ұрпақ үшін үлкен байлық. Ал мұндай жәдігерлер жанымызда жүруге тиісті.

Лаура БИБАСАРОВА
27 сәуір 2022 ж. 3 499 0