» » Тәуелсіздік таланттары

Тәуелсіздік таланттары

Тәуелсіздік талантты, талғампаз, талапты жастардың танылып, абырой-беделге бөленуіне себепкер болды. Иә, қоғамның өмірдің сан саласында Тәуелсіздік рухымен шаттанған жастар елдіктің еңсесін тіктеуде үлес қосып келеді. Жаңақорған ауданының топырағынан нәр алып, түлеген азаматтардың арасында да сондай жігерлі, жалынды жастар баршылық.
«Ғылым – теңіз, білім – қайық» деген­дей, алдымен білім, ғылым саласындағы жастарды сараласақ, ойымызға Нұрғали Ақылбеков келеді.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде білім алып, сондағы «Физика-химиялық тал­дау әдістері» инженерлік бейіндегі зертханасында инженер, жетекші маман болып еңбек жолын бастайды. Білімін шыңдап, магистр академиялық дәрежесін алады. Ол мұнымен тоқтап қалмай, Ресейдің мандайалды жоғары оқу орны – Қазан ұлттық зерттеу технологиялық университетіне «Органикалық химия» мамандығы бойынша аспирантурант атанды.
Жас ғалым инновациялық жобалар дайындап, халықаралық көрмелерге қатысады. Сондай-ақ республикалық және халықаралық конференцияға қатысып, өзінің білім, білігін таны­тады. Атап айтсақ, Қарағанды қала­сында өткен «ExpoCAMP.Karagandy-2013» жастардың инновациялық жоба­ларының халықаралық көрмесіне, Тұңғыш Президент – Елбасы қорының ұйымдастыруымен өткен «Қазақстанның жас ғалымдарының ғылыми жетіс­тіктерінің көрмесіне», 2016 жылы Қазан қаласында өткен Н.Лобачевский атындағы ғылыми жұмыстар конкурсына қатысып, белсенділік көрсетуде.
Ғалымның инновациялық жобалары жоғары бағаланып, ғылыми маңыздылығы мойындалады. Оның еңбегі мемлекеттік деңгейде лайықты бағасын алып, «Дарын» жастар сыйлығы және Ғани Мұратбаев атындағы республикалық жастар сыйлығына ие болады. «Сыр Үміті» облыстық жастар сыйлығына лайықты болып табылады.
Елдің байрағы екі жағдайда көкке көтеріледі. Біріншісі – ел Президентінің сапары кезінде, екіншісі – саңлақ спортшылар жеңістің биік тұғырына көтерілген Мемлекеттік ту көтеріліп, әңұран шырқалады. Сондықтан ауданнан түлеген саңлақ спортшылар жөнінде тоқталсақ.
Спорт саласы жайлы сөз еткенде Лондон және Токио Олимпиадасына қатысып, Әлем чемпионатында күміс және қола медальды еншілеген спортшы Дәулет Ниязбековты сөз етуден бастасақ. Оның үш рет Азия құрлығында қарсылас шақ келтірмей, алтыннан алқа таққанын да қосу керек. Дәулет туралы сөз еткенде Рио-де-Жанейро Олимпиадасын үздік бестікпен түйіндеген Ғалымжан Өсербаевты қоса айту орынды. Ол АҚШ-тың Нью-Джерси қаласында өткен қарулы күштер арасындағы Әлем чемпионатында дараланды.
Ауданда еркін күрестен бөлек, дзюдо, белбеу және қазақ күресі жоғары деңгейде дамығанын айту керек. Оған Олжас Оразалыұлы, Мереке Құдайбергенова, Меруерт Әбубәкір, Алиса Нұртас, Диана Ғайбулла және т.б спортшылардың жеңісті жолы дәлел болады. Ал, гандболдан Жанерке Сейітқасымды ерекше атау керек. Ол ұлттық құрама сапында Азия чемпионатында қола медальды еншілеп, 15 жасында спорт шебері атанған талантты жас.
Ұлттың ұлт екендігін өнері, мәдениеті және салт-дәстүрі айшықтап тұратыны анық. Осы ұлттық өнерді дамытып, өзге елдерге насихаттауда еңбектеніп жүрген Ержан Арқабаевты үлгі етуге болады.
Аудандағы өнер мектебінен түлеп ұшып, еңбекқорлығы мен ізденім­паздығының арқасында Түркияда білімін шыңдайды. «Анадолы» елінің Президенті Ережеп Тайып Ердоғанның алдында өнер көрсетіп, ұлттық аспап – домбыраның тылсым құдіретін күшін паш етеді. Ұлттық күйлерді Еуропалық стильде қайта жандандыруды мақсат тұтқан жас күйші бабадан қалған күйді шет елдерде көпшілікке ұсынып жүр. Ол Түркияның Анкара қаласында домбыра үйірмесін ашқан алғашқы қазақстандық.
Міне, Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Тәуелсіздіктің талантты жастарын осылай сараладық. Әрине, біз талантты жастардың бәрін қамти алмауымыз да мүмкін...
Айсұлу АЛДАНАЗАР
28 қараша 2021 ж. 3 127 0