№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қамшының қасиетін білесіз бе?

Қамшының қасиетін білесіз бе?


Сәйгүлікті ерттеп мініп, дала заңын терең ұққан қазақ халқы қамшының қасиетін жақсы біледі. Оны қолынан тастамай, керегеге іліп, індеттен араша етер қорғаныш құрал ретінде бағалайды. Мұндай игі дәстүр көпшіліктің арасында әлі де сақталып, қамшының құндылығы дәріптеліп келеді. Тіпті емшілер қолына қамшы ұстап, емдеудің жолын тапқаны жайлы естіп жүрміз.


Өкпесі қабынып, аурухана төсегінен бір-ақ шыққан Шарипа апа келіндерімен телефонмен сөйлескенінде «үйдегі сандықты ақтарып, өрілген қара қамшыны табындар. Сосын осында әкеліп беріндер» деп жиі айтқанымен жас келіндері мән бермейді. Жанары терезеге телміріп, балаларынан хабар күткенімен, қамшы ауруханаға жетпеді. Осылайша ауруы асқынған ана демі үзіліп еді. Жетісі өтпей-ақ, артынша ұлы тар төсекке байланды. Дәрігерлер өкпе ұшында ісік барын айтқан-ды. Ел үркіген індетке шалдыққан Жарастың да мазасы қашып, ұйқысы келмей ұзақ таңды атырды. Таң ата көзі ілінгені сол еді. «Жарасжан, тұр, тұр, тұр», деген анасы қамшымен ұрып, дем салғандай болды. Есін жия сала «қамшы сарайда қораптың түбінде тұр. Соны маған жеткіз. Маған тамағын да, басқаң да керек емес» деп әйеліне қадағалап дайындайды.
Көкірегі шаншып, қақырық қысып, жөтелі үдеген Жарас атасы Жәдіктен қалған өрім қамшыны қолға алғаны сол еді, бойына қуат келгенін сезді. Ешкімге байқатпай, бәрі ұйқыға кеткенде жәй ғана арқасынан сырт-сырт еткізіп, білген аяттан қайырды. «Алла, шипа бере гөр!» деді күбірлеп. Үш күн дегенде жөтелі тоқтап, тынысы ашылды. Ұзамай-ақ, үйіне аман оралды. Осы күннен бастап, сарайда шаң басып жатқан қамшыны төрге іліп, оның қасиеті мен киесін ұрпағына ұғындырмақ ниетте.
– Анамның сөзіне құлақ аспағаным өкінішті. Ол кезде ешнәрсенің парқын білмедім. Міне, Құдайдың қалауымен қасиетті қамшының шарапатын сездім, – деп бір нәубеттен аман қалғанына шүкір етеді ол.
Одан соң қамшы туралы кеңінен сөз етті. Атасы аузы дұғалы, сөзі пәтуәлі қария болыпты. Оған алғашқы мүшел жасында нағашы атасы осы үш өрімді қамшыны өріп беріп, ашамайға отырғызып, салт жасапты. Содан бері қаншама жыл өтіп, атадан немереге мирас етіліпті. Көзі кеткен жан көңілден кетеді емес пе, қамшы да төрден ысырылып, сарайда қараусыз қалыпты. Енді ғана қадірі артқан жәдігер туралы Жарас Ақанұлы әңгімесін жалғады:
– Бұл қамшымен адам емдеген дей алмаймын. Атамыз ел бастаған, сөзі өтімді, шешен болған. Қамшысы арқылы қалың жұртта сөз бастап, бәтуә-бітімгершілік жайын қозғаған, – дейді.
Иә, қазақта қамшының 20 түрі бар деседі. Олар пайдалану мақсатына қарай жасалған. Кәсіптік, тұрмыстық, соғыс, ел басқару ісінде, мал шаруашылығында, кәде-сый ретінде және т.б мақсатта жасалды.
«Қамшыгерлік» ойыны нағыз қызуқанды сайыс қазақ халқының айбыны мен рухын көрсетеді. Қамшыны жерге тастамауының үлкен тәрбиелік мәні зор. Ат үстінде, үйде, жаяу жүргенде үнемі қамшы қолда, қол бос болмаса қонышында, белдігінде, белінде, тақымында, уықта, керегеге ілген. «Қамшы сынса қатын өледі» деген мақалға құлақ асқандар шаңырақтың берекесі кетеді деп, қамшыны аяқ асты етпеген. Қамшы әр жерде жатса, ажырасу көбейеді, не ұрпақ болмайды деп ырымдаған. Біздің қазақ «балаң қанша деп санын сұрамаған, оны керегедегі ілінген қамшыдан қанша ұл мен қыз барын барлаған. «Балгердің қамшысы саудаланбайды» деп, қамшыны саудаласпай айтқан құнын төлеген. Қамшы жасаушыны қамшыгер деп құрметтеп, көңілін риза еткен. «Қатынды қамшымен сабап тұру керек» деп өзінше бір салт жасап жүргендер арамызда бар. Ұлтымызда себепсіз ұрып-соғу болмаған. Тек әйелге жауынгерлік заманда қамшы жұмсаған. Майдан даласына кетіп бара жатқан жауынгер ізінен ілесіп, күйеуін қимай аңыраған әйелді «жаман ырым бастама» деп қамшымен салып қалған.

ТҮЙІН. Бүгінде ауданда нағыз қамшы сататын дүкен жоқтың қасы. Мақала жазу мақсатында базардағы бір-екі дүкенді араладым. «Маған үйге ілуге қамшы бер» десең, бір қарыс қамшыны қолға ұстата салады. Арзан былғарыны түйдек-түйдек етіп өріп, жіңішке таяққа байлап қойған. Сапасы менен кеткенше, саған жеткенше... «Мұны кім жасайды?» дедім. Білгенім Қытайдан келеді екен. Мұнымен біз ұлттық құндылығымызды құлдыратып жіберген жоқпыз ба? Тойда тарқатқан қамшы табалдырықта тоз-тозы шығып жатқаны жанға батпайды ма? «Қамшыда қасиет бар» дейтін жан табылмағаны қалай?

Мақпал МАРҚАБАЙ


11 тамыз 2020 ж. 1 059 0