БАТУМИДЕ ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕН ҮЗДІКТЕР АНЫҚТАЛДЫ
Грузияның Батуми қаласында қазақ күресінен бірінші Еуропа чемпионаты аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Күреске Еуропа елдерінің 80-ге жуық спортшысы қатысты. Жарыс сегіз салмақ дәрежесі, сондай-ақ абсолютті салмақ дәрежесі бойынша өтті.
Басты күрес жергілікті уақыт бойынша түн ортасына қарай абсолютті салмақ дәрежесінен өтті. Палуандардың күресін тамашалауға футболдан әлем чемпионатында Германия немесе Швецияға жанкүйер болуға келген адамдардан әлдеқайда көп көрермен жиналды. Аталған салмақ дәрежесінде грузиялық палуан, дзюдодан Еуропа чемпионы Гурам Тушишвили жеңімпаз атанды. Екінші орынды болгарлық Веселин Иванов, үшінші орынды поляк Петр Томаш Талач иеленді.
«Осы чемпионатқа қатысу мен үшін үлкен мәртебе. Былтыр Қазақстанда екінші орын алған едім. Ол маған үлкен тәжірибе болды. Мен жақсы күрестім деп ойлаймын, себебі біздің грузиндік күрес пен қазақ күресі қатты ұқсайды. Соның арқасында чемпион болдым деген ойдамын», - деді Гурам Тушишвили журналистерге берген сұхбатында.