№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Әлем чемпионатына қатыспаған әйгілі футболшылар

Әлем чемпионатына қатыспаған әйгілі футболшылар


Футбол – сиқырлы спорт түрі. Осы спорт түрі арқылы атағы жер жарып, даңқы артқан жандар жетерлік. Тіпті жарыстарда зор жетістіктерді бағындырмаса да, әлем таныған футболшылар бар. Әр футболшының бір арманы – әлем чемпионатына қатысу. Қатыса алмай кеткен танымал футболшылар қаншама? Бірінде командаластары әлсіз болса, бірінде қарсыластары қарымды болып жатады. Жалғыз өзі жанұшыра ойнағанмен, 90 минут бойы қарсыластар қақпасына гол соғып, олардың шабуылына тосқауыл болу оңай емес. Бүгінгі айтпағымыз әлем чемпионатына қатыспаған әйгілі футболшылар жайында болмақ.

Альфредо ди Стефано
Көптеген жанкүйерлер Альфредоны ХХ ғасырдың үздік футболшыларының бірі ретінде санайды. Расында солай да. Ол "Реал" сапында барлық марапатқа ие болды. Сол жолда тер төкті. Екі рет (1957, 1959 ж) "Алтын доп" иегері атанды. Бірақ әлем чемпионатына жолы түспей-ақ қойды. Жолы түссе де ойнау бақыты бұйырмады. Альфредо ди Стефано әлем чемпионатына қатысуды армандады. Ол үшін бірнеше ұлттық құрама сапында ойнап та көрді. Колумбия және Аргентина құрамаларында ойнап, мундиальға шыға алмады. Үшінші рет футболдағы азаматтығын өзгертіп (ол кезде өзгерте беруге болатын) Испанияны таңдады. Іріктеу кезеңінде футболшы соққан голдардың арқасында "қызыл фурия" 1962 жылы Чилиде өтетін әлем чемпионатына жолдама алды. Әйткенмен ойыншы ресми ақпар бойынша арқасынан алған жарақатына байланысты жарысқа қатыса алмады. Дегенмен көпшілік сол кездегі команданың бас жаттықтырушысы Эленио Эррерамен сөзге келіп, қатыспағанын айтады. Футболшының мундиальға қатыспауы – әлі күнге дейін жұмбақ.
Джордж Бест (Солтүстік Ирландия)
 Солтүстік ирландиялық футболшы клубтық деңгейде барлық жарыстарға қатысты. 1963-1974 жылдар аралығында "Манчестер Юнайтед" сапында жасындай жарқылдады. Еуропа чемпиондары кубогын, Англия бірінші дивизионы мен суперкубогын екі реттен жеңіп алды. "Алтын доп" марапатына ие болды. Спорттық мансабында тек әлем чемпионатының атмосферасын ғана сезінбеді. Джордж Бест Солтүстік Ирландия құрамасын әлем чемпионатына алып шыға алмады. Тек 1982 жылы Испанияда өтетін мундиальға олардың жолы түсті. Бірақ бұл кезде кеш еді. 36 жастағы футболшы спорттық бабында емес еді, тіпті ішімдікке салынып та кеткен болатын. Сондықтан бас жаттықтырушы Билли Бингкхэм негізгі құрамға қосқан жоқ. Өкінішті-ақ...
 Бернд Шустер (ГФР)  
Неміс футболы тарихындағы әйгілі футболшылардың бірі саналатын Бернд Шустердің де төртжылдықтың басты додасына жолы түспеген. 1980 жылғы Еуропа чемпионатынан кейін ол әлем чемпионатында атой салады деп жанкүйерлер күткен-ді. Бірақ ойыншының тағдырына мұндай бақ жазылмаған екен. Бас жаттықтырушы Юпп Дервалеммен сыйыспай, ұлттық құрамада ойнаудан бас тартып, бар назарын клубтық жарыстарға аударады. Араға жылдар салып Франц Беккенбауэр ойыншыны 1986 жылғы әлем чемпионатына қатысуға шақырады. Футболшының әйелі ол үшін неміс одағынан миллион марк талап етеді. Бұл талапқа келіспеген ГРФ әлем чемпионатына Бернд Шустерсіз аттанады. Футболшы 33 жасында мансабын қайта бастағанмен, ол кезде бәрі кеш еді...
 Джордж Веа (Либерия)
Африка құрлығындағы шағын ғана кедей мемлекеттің (Либерия) әлем спортындағы, оның ішінде футболдағы жетістігі жайлы біле бермейміз. Білсек те, бұл елдің спортын биікке көтерген спортшының бірі – Джордж Веа. Футболдан Либерия ұлттық құрамасы болғанмен, зор жетістік шыңын бағындырмаған. Жартылай әуесқой ойыншылардан жасақталған команда екі рет Африка ұлттары кубогына қатысқанмен, топтық кезеңнен аса алмаған. Джордж Веаның мундальға қатысу арманы орындалмады. Өзге құрамалардан ұсыныс түскенмен, қабыл алған жоқ. Бастысы Еуропаның алпауыт клубтарында ойнап, 1995 жылы "Алтын доп" иегері атанды. Қазіргі таңда Джордж Веа – өз елінің президенті. Осы жылдың қаңтар айында өз тағына отырды. Әлем таныған футболшы қалған ғұмырын елін, жерін көркейтуге арнамақ. Бір өкініштісі (әлде дұрыс шешім бе екен?) Джордж Веаның ұлы Тимоти Либерия емес, АҚШ құрамасы сапында доп тебуін бастады. 18 жастағы ойыншы алғашқы голын соғып та үлгерді. Ал командалық деңгейде ПСЖ-ның жастар құрамасында ойнайды.
Эрик Кантона (Франция)
Даңқты француз футболшысы Эрик Кантонаның да әлем чемпионатына жолы түспеген. Ұлттық құрама сапында 45 ойынға қатысып, 20 гол соқса да жолдама бұйырмады. 1986 жылы 20 жастағы футболшыны бас жаттықтырушы мундиальға ерткен жоқ. Кейінгі екі бірдей әлем чемпионатына Франция құрамасы шыға алмады. Ал 1998 жылы өз елінде өткен жарысқа қатыса алмады. Бір жыл бұрын спорттағы мансабын аяқтап үлгерген еді. Эрик Кантона "Манчестер Юнайтед" сапында жарқын жетістіктерге жетті. Сондай-ақ кино әлеміне қосқан үлесі зор тұлғалардың бірі де.
Яри Литманен (Финляндия)
 Фин футболы тарихындағы даңқты ойыншы әлем чемпионатының аурасын сезінуді армандады. Еуропаның "Аякс", "Барселона", "Ливерпуль" сынды клубтарында доп теуіп, даңқы жер жарғанмен, ұлттық құрама сапында жолы болмады. Іріктеу кезеңінде талай гол соққанмен, оның командасы жолдамаға ие бола алған жоқ.
 Иан Раш пен Райан Гиггз (Уэльс)
 Уэльс құрамасы бір рет қана әлем чемпионатына қатысқан. 1958 жылы Швециядағы додаға кездейсоқ жолы түскен. Одан кейін валийлік жанкүйерлер командасын мундиальдан көре алмай келеді. Тіпті Иан Раш пен Райан Гиггз де бұл құраманы әлем чемпионатына алып шыға алмады. Енді бұл жолды Гарет Бэйл жалғап келеді. 2016 жылы Еуропа чемпионатында серпіліс жасаған команда Ресейдегі әлем чемпионатына жолдама иелене алмады. Бас жаттықтырушылық қызметке Райан Гиггз келді. Футболшы емес, жаттықтырушы ретінде әлем чемпионатына жолы түсіп қалар, бәлкім...
 Эйдур Гудьонсен (Исландия)
 Исландия құрамасының 2016 жылғы Еуропа чемпионатындағы ойындары жанкүйерлердің есінде болар. Биыл әлем чемпионатын алғаш рет жолдама алып, тағы да таңдандырды. Ал осы шағын ғана елден шығып, кәсіби футболшы деңгейіне дейін көтерілген тұлғаның бірі – Эйдур Гудьонсен. Ол Еуропада "Челси", "Барселона", "Монако", "Тоттенхэм" сынды клубтарда ойнады. Ал ұлттық құрама сапында әлем чемпионатын шығу мүмкін болмады. Кейіннен Исландия футболды дамытуға баса көңіл бөлді. Жас балаларға арнап стадиондарды көптеп салды. Команданың Еуропа чемпионатындағы жетістігі спорт жанкүйерлері мен футболшылардың рухтандырды. Ал Эйдур Еуроға барғанмен, қосалқы құрамда отырды. Ал Ресейдегі әлем чемпионатына ойыншы болып келмейтіні айдан анық. Әлем чемпионатында ойнау – бұл футболшының да орындалмай кеткен арманы. Есесіне Исландия құрамасы Ресейде жоғары нәтиже көрсетуге тырысары хақ.
 Андрей Аршавин (Ресей)
 Ресей құрамасы әлем чемпионатына үш рет қана қатысты. 1994 және 2002 жылдары Андрей Аршавин әлі жас еді. 2014 жылы бас жаттықтырушының шешімі бойынша негізгі құрамға ілікпеді. Биыл өз жерінде өтетін мундиальда ресейліктер жоғары нәтиже көрсетуге үмітті. Әйткенмен соңғы ойындары сүреңсіз болып жүрген ұлттық құрамадан жергілікті жанкүйерлер жарқын нәтиже күтіп жүргені шамалы. Бір қызығы, Алматының "Қайрат" клубында ойнап жүрген Шаваны неге шақырмады екен деп кейіп жүрген жанкүйерлер де бар. Қазір Андрей Қазақстан премьер-лигасында сәтті ойнап жүр. Ал ұлттық құрамаға Станислав Черчесов шақырған жоқ. Бәлкім, Шава шау тартып қалған да шығар...
Әлем чемпионатына шақырту алмағаны жайында Аршавиннің өзі де ашып айтты. "Егер мені әлем чемпионатына қатысу үшін ұлттық құрамаға шақырған болса, онда командамыз әлсіз болған болар еді" - деп қысқа қайырды. Андрей әлем чемпионатына қатыспаған танымал футболшылардың бірі. Иә, әлем чемпионатына қатыспаған 10-ға жуық ойыншының есімін атап өттік. Бұл қатарды ары қарай да жалғастыра беруге болады. Иан Райт, Джованне Элбер, Массимо Амброзини, Марсио Аморозо, Людовик Жюли, Рой Макай, Хамит Алтынтоп, Даррен Флетчер, Александр Глеб, Фёдор Черенков, Димитар Бербатов, Хасан Салихамиджич, Клаудио Писарро, Эдуард Стрельцов, Сами Хююпя, Йон-Арне Риисе де әлем чемпионатына қатыспаған футболшылар.

15 маусым 2018 ж. 955 0