Соңғы жаңалықтар

№92 (8906) 2

02 желтоқсан 2025 ж.

№91 (8905) 29

29 қараша 2025 ж.

№90 (8904) 25

25 қараша 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031 
» » Темірбек турнирі: Баскетбол биігі

Темірбек турнирі: Баскетбол биігі


Баскетболдан білікті бапкер, ұлағатты ұстаз Темірбек Жарықбаевты еске алуға арналған облыстық турнир дәстүрлі жалғасын тапты. Осымен он бірінші рет жалауы желбіреген жарысқа биыл аймақтағы іріктелген ең мықты жас баскетболшылар келді. Бұл турнир жасөспірім ұлдар және қыздар арасындағы аудандық ашық турнир және ерлер және әйелдер арасындағы облыс біріншілігінің ІІІ айналымы ретінде өтті. Дүбірлі додаға 14 команда және 150-ден аса спортшы келді.


Жарыстың ашылу салтанатына аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің басшысы Махмут Рахымжанов, Темірбек Жарықбаев ұстаздың бауыры Берік Мұсаев және баскетболдан облыс құрама командасының аға жаттықтырушысы, бас төреші Александр Жавзмагин қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.
– Ағамыздың аудан спортына қосқан үлесі өте зор. Аз ғана ғұмырында аудан ғана емес, аймақ спортының өрлеуіне өзіндік үлесін қосты. Әсіресе, семсерлесу мен баскетболдың биігін тұғыр төріне орнықтырып, тарихын қалыптастырды. Ол кісінің тәрбиесін алып, көзін көрген шәкірттері бүгінде әр салада еңбек етіп жүрсе, спорт саласындағы ізбасарлары өзге өңірлердің спортын өрге сүйреп жүр. Бүгінгі жарыс дәстүрлі жалғасын тауып, келешекте бұдан да кең көлемде өткізілсе деген тілек бар, – деді бөлім басшысы.
Иә, болашақта аудан баскетболының тарихын жазған бапкердің турнирі облыс емес, республикалық деңгейде өткізілсе нұр үстіне нұр болар еді. Жалпы жаңақорғандық құрбыларына «Титай» есімімен танылған, тұлға туралы тереңірек тоқталсақ. Бала кезінен спортқа әуес Темірбек есейе келе қос спорттың тізгінін ұстайды. Әуелі семсерлесудің қыр-сырын үйреніп, облыстық, тіпті, республикалық турнирлерде топ жарады. Осы кезде баскетболды да қатар алып жүреді. Мектепті бітірген соң Қарағанды қаласында оқып, диплом алып, туған өлкеге қайта оралады. Алдымен заң саласында, яғни, облыстық прокуратурада еңбек етеді. Одан кейін аудан спортының өрлеуі жолында еңбек етеді. Өткен ғасырдың 80-жылдарының басы мен 90-жылдардың аяғына дейін аудан спортының өрлеуінде қызмет еткен Тәкеңнің еңбегіне ел жоғары баға берді. Әсіресе, оның ел егемендік алған жылдары тек аудан емес, аймақ баскетболының биік тұғырға көтерілуіне қызметі сіңді. Семсерлесу спортын ауданға алып келген Жақсылық Егізбаев болса, сол спорттың одан арғы биігінде Әмір Рысбеков пен Темірбек Жарықбаевтың қолтаңбасы қалды.
– Темірбек өзімнің баламдай болды, оны үлкен спортқа мен алып келіп едім. Оның бойынан спорттық әлеуетті танып, тәрбиелеуге тырыстым. Жақсы көрсеткіш көрсетті, ол кезде бойы да кішкентай, жіптіктей еді. Кейіннен қалай мығым ер жеткенін де байқамаппыз. Иә, оның аудан спортына сіңірген еңбегі зор. Аудандағы спорт мектебі директорының орынбасары болды. Қолынан келген қызметтің барлығын адал атқарды. Тағдырдың жазғаны ғой, өмірден ерте өтті. Әйтпесе, шығар биігі зор еді, – деп еске алған Жақсылық ағаның жазбасы сақтаулы.
Жақсылық Егізбаевты аудан спортының атасы деп те атайды. Білікті бапкер, спорт жанашыры еді. Міне, осындай ұстаздан тәлім алған Тәкең өмірде өз орнын қалыптастыра білді. Үйленді, үйлі болды. Бүгінде ізінде перзенті қалды. Темірбек Дүйсенбайұлының ізінен ерген бауырлары да спортқа жақын. Барлығының спорттағы биігі бір төбе. Мәселен, шәкірті, әрі қарындасы Сапаркүл Жарықбаева 2007 жылдан бастап Кентау қаласындағы Б.Саттарханов атындағы №1 балалар және жасөспірімдер спорт мектебі директорының орынбасары қызметін абыройлы атқарып келеді. Темірбек Жарықбаевтың барлық еңбек жолын бүгінде аудандық тарихи-өлкетану музейінен көре аласыздар, екеуі де «спорт шебері», Қазақстан чемпионы. Бір өкініштісі, қазір бұл спорттың оты сөнді. Ал баскетболдың бәсі биік. Тәкең салған ізбен келе жатқан шәкірттері, бүгінде республикаға танымал білікті бапкер Қанат Айдаров пен Дильяра Мұсаеваның оқушылары облыста озық. Олардың жетістігі бір төбе.
Сонымен үш күнге созылған тартысты турнирде қыздар арасында Қызылорда бұрымдылары чемпион атанса, алтынға бір табан жетпей қалған жаңақорғандық арулар күміспен күптелді. Шиелі ауданына қола бұйырды. Ал, ерлер арасында Шиелінің жігіттері тұғырдың ең биігінен көрінді. Жаңақорған құрамасы тағы да екінші орынды місе тұтты. Үздік үштікті Қызылорда түйіндеді. Командалық сында осы үшеуі үздік атанды.
– Жарысқа жыл сайын келеміз, турнир жоғары деңгейде өтті, аудан баскетболшыларының болашағы бар екен. Бұйырса, келер жылы да чемпиондықты қорғап қалуға тырысамыз. Ұйымдастырушыларға алғыс айтамыз, бұл жарыс бұдан да жоғары дәрежеде өтуіне тілектеспіз, – деді шиелілік чемпиондар.
Жарыс жеңімпазы мен жүлдегерлері аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің арнайы марапаттарын иеленіп, демеушілер атынан сыйлықтар табысталды. Үздік ойыншылар да құр қол қалған жоқ.

Әли ТЕМІРБЕК
21 қазан 2025 ж. 827 0