FC «Dostar»: доп додасы

Өткен апта соңында аудан орталығындағы «Ақсарай» дене шынықтыру сауықтыру спорт кешенінде FС «Dostar» футбол клубының құрылуына 2 жыл толуына орай футзалдан 2013-2014 және 2015-2016 жылы өмірге келген жасөспірімдер арасында республикалық ашық турнирдің жалауы желбіреді. Алғаш рет ұйымдастырылған турнирге Түркістан облысы, Шымкент, Кентау, Қызылорда қаласы мен аудандардан 16 команда қатысып, өзара мықтыны анықтады.
Жалпы Жаңақорғанда футбол мектебі бұрыннан бар. Осыдан елу жыл бұрын іргетасы қаланған бұл спорттың бүгінде шоқтығы биік. Қаншама талантты жастар бүгінде бапкерлік қызметте жүрсе, енді бірі елдің әр өңірінде кәсіби деңгейде өнер көрсетіп келеді. Сол аға буынның ізін жалғаған жастардың бүгінгі аяқалысы жаман емес. Оны кешегі өткен доп додасынан байқадық.
Жарыстың ашылу салтанатында ҚР-ның дене шынықтыру саласының құрметті қызметкері, облыстық белбеу күресі федерациясының президенті Мадияр Ахметов, спорт ардагері Омар Төлегенов, FС «Dostar» футбол клубының негізін қалауышыларының бірі Айдар Бурисбаев спортшыларды құттықтай отырып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Сонымен екі күнге созылған жарыстың қорытындысы бойынша, 2013-2014 жылы туылған жасөспірімдер арасында жарыс қожайындары FС «Dostar» командасы –чемпион атанса, екінші орын Шымкенттен келген «Мирас» спорт клубына бұйырды, үздік үштікке тағы бір Шымкенттен келген «Арлан» командасы ілінді.
– Жарыс жоғары деңгейде өтті, ұйымдастырушыларға үлкен рақмет. Бұл жолы еншімізде күміс, келесі жылы алтынға айырбастауға барымызды саламыз, – шымкенттік бапкерлер.
Ал, 2015-2016 жылы туылғандар арасында алтын тұғырда Шымкент қаласынан келген «Достар академиясы» командасы тұрды. Күміс Қызылорда қаласынан келген «Орда – 2» командасына бұйырса, Шымкент шаһарынан келген «Арлан» жастары қоланы қанағат тұтты.
Мектеп оқышулары арасында өрбіген аяқ доп аламанында шымкенттік жастар керемет нәтиже көрсетті. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер ұйымдастырушылардың кубок, медаль және бағалы сыйлықтарымен марапатталды.
Әли ТЕМІРБЕК