№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Біздің чемпиондар

Біздің чемпиондар

Осы аптада Сыр спорты сүйіншілейтін жаңалық жетерлік. Биылғы жылдың соңғы чемпионаттарында облыс оғландары алтын тұғырдан көрінуде. Бұл қатарда үш бірдей жаңақорғандық жастың жұлдызы жанды. Алдымен Елорда төрінде ұлттық спорт саласындағы үздіктерді марапаттайтын «Алтын тұғыр – 2024» сыйлығына жерлесіміз Ақәділ Пернебай ие болды. Ұйымдастыру алқасының шешімімен аймақ атынан осы номинацияға жаңақорғандық жамбы атушы лайық деп танылды.
Ақәділ Пернебайдың биылғы нәтижесі өте керемет. Жамбы атудан «Азия» стилі бойынша жастар арасындағы ел чемпионы атанса, «Түркі» стилінен күміс жүлдеге қол жеткізді. Сондай-ақ, ҚР жамбы ату Федерация кубогінің де күміс жүлдесін жеңіп алды. Жалпы Ақәділ жамбы атудан Қазақстанның үш дүркін чемпионы деген дәрежесі бар. Одан бөлек ол Моңғолияда өткен Әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды. Міне, мергеннің әзірге шыққан шыңы осындай. Оның әлі талай тұғыр төрінен таныларына деп сеніміміз мол. Одан кейін, бокстан аудан тарихында тұңғыш рет ересектер арасынан ел чемпионы шықты. Қарағанды қаласында өткен ел біріншілігінде Азамат Бектас 80 келі салмақта алтыннан алға тағынып, аймақ абыройын асырды. Құрбанай Сарқұлов салған сара жолмен келе жатқан жастардың жеткен жетістіктері бір төбе, ал Азаматтың бұл жетістігі тарихты жаңартты. Ол ақтық сынға дейін барлық қарсыласын айқын басымдықпен
жеңіп, соңғы бәсекеде жас боксшы Дәулет Төлемісовпен жұдырықтасып, оны да мойындатты.
– Тұғырлы турнирлерде жеңіспен оралып жүргенім рас, дегенмен ел чемпионы болу бақыты бұйырғанына өте қуаныштымын. Жанкүйерлерге, жерлестеріме және бапкерлеріме алғысым шексіз. Бәрінен бұрын үйде тілеулесім болып, батасын жаудырып отырған анама бас иемін. Бұйырса, осы бағыттан таймай, олимп шыңына көтерілу жоспарымда бар, – дейді чемпион.
Бірнеше уақыт үлкен спорттан қол үзіп, шаршы алаң төріне қайта оралған Азамат әлі де бабында екенін дәлелдеді. Құрбанай Сарқұлов пен Дінмұхамед Абайханнан тәлім алатын жас былғары шебер иесінің жеңісті жолы алда деп сенеміз.
Ауыр атлетикадан жасөспірімдер мен жастар арасындағы елдің бірнеше дүркін чемпионы атанып үлгерген Аянат Жұмағали сары құрылықта өзінің теңдесіз екенін тағы бір дәлелдеді. Дохада өткен Азия чемпионатында Аянатты ешкім басып оза алмады. Ол жасөспірімдер және жастар арасындағы екі санат бойынша да үздік екенін көрсетті. 76 келіде өнер көрсететін жерлесіміз Аянат жақында әлемдік додада үздік
төрттіктен көрінген болатын. Енді ғана ересектер аламанына қадам басып келе жатқан жас зілтемірші үшін бұл жақсы нәтиже.
– Биылғы жылды жақсы нәтижемен түйіндедік. Құдай қаласа, келер жылға жоспар көп, ересектер көшіне ілесіп, әлемдік бәсекелерде бақ сынайтын боламыз. Ең бастысы, Аянаттың спорттық әлеуеті осы тұғырдан таймаса болды, қалғаны уақыттың еншісінде. Оның болашағы алда, сондықтан мүмкіндігінше демеп, қолдап, тілеулес болып отырғандарыңызды сұраймыз, – деді жеке бапкері Берік Өтешов.
Міне, жыл соңындағы спорт саласының бір серпілісі осылай түйінделді. Келер жылы үш спортшыдан бұдан да биік белестерді күтеміз. Үшеуі де үлкендер көшінде бәсекелестікке барын салады. Жаңақорғандық жастардың жұлдызды сәттері алда деп үміттенеміз!
29 желтоқсан 2024 ж. 67 0