Соңғы жаңалықтар

Білім туралы құжаттарды тану

11 желтоқсан 2024 ж. 48

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (8808) 7

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Қайсар қыз


Оған дәрігерлер асқазан ауруына шалдыққан деген диагноз қойып, үнемі диетада жүруге кеңес берді. Туа біткен дерт болмағандықтан оны жеңудің жолы бар екенін дәрігерлер түсіндірді. Ол үшін тек тағамды талғап жеу керектігін, әрі қатаң тәртіпте болуын тапсырды. Артық қимыл, ауыр салмақты көтеру былай тұрсын үнемі дәрігерлердің бақылауында болуы тиіс болатын. Анасы Гүлмира аудан ауруханасының табалдырығын тоздырып, облыс орталығына жиі-жиі барып, кішкентай қыздың сауығуы үшін жанында жүрді. Осы белгіленген шекарада жылдар санап жүрген қаршадай қыз ақыры дертіне дауа тауып, төрт жылдың ішінде қазақ елінің абыройын асырған спортшыға айналды. Небәрі 17 жасында әлем сахнасында өзінің кім екенін танытып, жаңа рекордтар орната бастады. Бүгінде бұл қайсар қыздың болашағына қазақ ауыр атлетшілері үлкен үміт артып отыр.


Біз сөз еткелі отырған спортшы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы, жастар арасындағы елдің бірнеше дүркін чемпионы, Сыр елінен шыққан алғаш алтын алған зілтемірші қыз Аянат Жұмағали. Ауыр атлетикадан Сыр елінің абыройын асырып, қазақ зілтеміршілер тарихында есімін алтын әріптермен жаза бастады. Ересектер сапына енді тәй-тәй басып келе жатқан оның арманы жалғыз, ол – Олимпиада чемпионы болу. Әлем чемпионы деген атақты алып үлгерді, енді ересектер қатарына қосылып, топта оза шабуға дайын тұр. Осы айдың соңында Талдықорғанда ел чемпионатында өнер көрсетсе, желтоқсан айында Бахрейнде өтетін әлем біріншілігіне қатысып, чемпион атағын қорғауға тырысады.
Үйдің үшінші перзенті болған Аянатты әкесі Жомарт спортқа беруге ынталы болды. Өйткені, бұл шаңырақты спортшылар әулеті деуімізге толық негіз бар. Әкесінің ағасы Қайрат Жақанов өз дәуірінің боксшысы болды, чемпионның әкесі де спорт десе ішкен асын қоятын азамат. Анасы да спорттан алыс емес, бір кездері аудан баскетболшылар құрамында болып, талай облыста чемпион атанған болатын. Үйдің үлкені Аянаттың ағасы Мұрат та спортшы, ол еркін күрестен спорт шебері атағын алған. Міне, осындай отбасында дүние дидарын ашқан чемпион қыздың өмір жолы ізінен ерген буынға өнеге болуда.
– Қызым 2013 жылы аудан орталығындағы №169 Н.Ильялетдинов атындағы орта мектепке барды. Оқушы қызымыздың асқазан дертіне шалдыққанын естіп, еңсеміз түсті. Бірақ әкесі екеуміз оның бұл ауруды жеңетініне сендік, қолдау көрсеттік. Көбіне қаладағы балалар ауруханасына жиі барып, уақтылы ем-дом алып жүрдік. Осылай жүріп қызымызды спорт мектебіне беруге шешім қабылдадық. Алғашқы бапкері Берік Өтешовке өзіміз өтініш айтып, ауыр атлетика үйірмесіне жаздырдық. Айналдырған бір жылдың ішінде тым әлсіз болған Аянатты мүлдем танымай қалдық. Оған бір жыл ғана уақыт жетті, ол өзін көрсетіп үлгерді. Сол жылы Алматы қаласына спорт мектебіне оқуға түсті, – деді анасы.
Алғашында Берік бапкер Аянаттан емес, үйдің үлкен Айзададан үміт күткенін жасырмайды. Алайда әкесі екінші қызын нұсқап, осы қыздан болашақ көріп тұрғанын айтады. Бапкер көп ойланбастан Аянатты спортзалға ертіп барды. Міне, сол кішкентай қыз айналдырған 5 жылдың ішінде Қазақстанда теңдесіз екенін дәледеп, әлемдік рейтингте үздіктер көшіне бірден ілесе кетті.
– Аянатты Алматыға атасы алып барды. Оқуға орналастырып, ақ батасын беріп кеткен болатын. Бір өкініштісі, атасы өмірден өтіп кетті. Ал, әкесі ел аумағында өтетін барлық турнирлер мен ішкі чемпионаттың барлығына арнайылап барып жүрді. Қызына қолдау көрсетіп, оған өзі ғана емес, үміт артып отырған жақындары, жерлестері бар екенін еске салып, рухани демеу болды. Бірде-бір жарысынан қалған емес, әкесінің қолдауы оған үлкен жігер беріп келеді, – деді чемпионның анасы.
Қазақта «Болар баланың бетін қақпа, белін бу» демей ме, енді ғана үлкен додаға қосылған жас өскіннің ертеңіне үмітпен қарап, қолдау көрсетуіміз керек. «Менің арманым спорттағы барлық шыңды бағындыру, бұл жолда барымды салуға дайынмын. Әуелі ата-анама, бапкерлеріме, бауырларым мен барша жерлестеріме алғыс айтамын. Биыл екі бірдей биік тұғыр тұр, екеуін де еңсеріп, жеке қоржынымды толтыруға ниеттімін» деп чемпион қыз сөзін қысқа қайырды.
Міне, қаршадай қайсар қыздың қысқаша өмір тарихын осылай түйіндедік. Болашақ елдің туын тік ұстап, әнұранды әлем алдында талай шырқатады деп сенеміз. Алға, Аянат!

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
02 қараша 2024 ж. 681 0