Соңғы жаңалықтар

№81 (8792) 12

12 қазан 2024 ж.

№80 (8791) 8

08 қазан 2024 ж.

№79 (8790) 5

05 қазан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031 
» » Қақпашы Қызжібек

Қақпашы Қызжібек


«Жақсы қақпашы – жарты команда». Бұл сөз – футбол, хоккей, гандбол, су добы сынды спорт түрлерінде қақпаны күзеткен нағыз хас қорғаушыларға арналған теңеу. Біздің елде мұндай теңеуге лайық қақпашылар аз болмады. Соның ішінде гандбол тарихында да жақсы ойыншыларды кездестірдік. Бүгін біз жастар арасындағы әлемнің «Үздік қақпашасы» атанған жерлесіміз Қызжібек Ғафурқызы туралы сөз етпекпіз. Сыр елінің ғана емес, қазақ гандбол тарихына есімін алтын әріппен жазған жас спортшының бұл нәтижеге жетуінің сырын білуге тырыстық.


Жалпы қақпашы болу өте қиын жауапкершілік. Әсіресе, футбол әлемінде бұл жауапты міндетті екінің бірі мойнына ала бермейді. Мұны өз басымнан өткеннен кейін жазып отырған жайым бар. Бір қателік бір команданың тағдырын түбегейлі өзгертіп жібереді. Сондықтан бұл жауапты жұмысты жүктеп, Сыр елінде үздік қақпашылар атанған жігіттердің дені жаңақорғандықтар деуге толық негіз бар. Оны әуесқой, кәсіпқой аяқ допшылар мойындайды. Міне сол аға буынның ізінен ер­ген гандболшы ару тек аймақтың ғана емес, әлемнің үздігі атанды. Тамыз айының 14-25 күндері ара­лығында Қытай елінің Чэньчжоу қаласында гандболдан өткен әлем біріншілігінде ел намысын қорғаған ол төрешілердің, сарапшылардың шешімімен дараланды.
Қазақстан құрамасының әрбір ойынын әлеуметтік желі арқылы тамашалап, шынында жерлесіміз­дің керемет ойынына куә болдық. Алыс-жақыннан жасаған соққылар­ды және айып добын қайтарып, командасын көп голдан аман алып қалды. Бұл спорттың ауыр тұсы доп футболдағыдай үлкен емес, ша­ғын болады, сондықтан оны қағып жіберу қиынның қиыны. Кейде қарсылас команда шабуылшысы­мен бетпе-бет келгенде қақпаның қай бұрышын жауып тұрғаныңды көрмейсің, ал қарсыласың барлы­ғын алыстан бақылап келеді. Жақындайды да соққы жасайды, сол кезде жылдамдығың мен сез­гіштік қабілетіңді іске қосасың. Кей­де ауыр соққыдан қақпашы есең­гіреп қалуы да әбден мүмкін, ондай жағдай жиі кездеседі.
– Бұл спортты таңдауыма әжем себепші болғаны рас, бір жағынан алдыңғы толқын әпкелердің жолын көріп, нар тәуекелге бардым. Шүкір, алдыма қойған мақсатым айқын, ең бастысы, осы спорттық әлеуетімді одан әрі жетілдіре түсуім керек. Бәрінен бұрын алғашқы бапкерім Құнанбай ағайға ерекше алғыс айтамын, – дейді жас чемпион.
Жалпы Қызжібек Ғафурқызы сол гандболшылар ауылы атанған Келінтөбенің тумасы. 2008 жылы дүние дидарын ашқан жас бұл спортқа 3 сыныпта келіп, алты жылда алтын тұғырдан көрініп отыр. Келінтөбе ауылынан Жанерке бастаған нәзікжандылар қазір аймақ гандболының абыройын асырып, ұлттық құраманың тізімінен ойып орын алып келеді. Бұл спортшылардың маңдай терінің жемісі болса, екіншіден, бапкердің ерен еңбегі. Жас болса да облыс қол добынан өңір спортын өрге сүйреп жүрген Құнанбай Салыбековтің еңбегін еш ұмытпауымыз керек. Мойындауымыз керек, Жаңақорған қыздар құрамасы соңғы 4-5 жыл­да аудандар арасында ешкімді мойындар емес. Тек қызылордалық «Сейхун» қыздары ғана біздің аруларға төтеп беріп жүргені болмаса, басқа командалардың Құнанбайдың қыздарына шамалары жетпей жатыр.
– Қызжібекті бұл спортқа әжесі алып келді. Ата-анасы Алматы қаласында тұрады, өзі ауылда әжесінің қамқорлығында. Өте талантты ойыншы болды, қақпашыларда жылдамдықпен қоса сезгіштік қасиет болады ғой. Екі қасиет те Кызжібектің бойынан табылатын. Жасөспірімдер арасындағы жарыстарға барып жүріп, кейіннен керемет нәтиже көрсете бастады. Ол қазір Қызылордадағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатында білім алады. Шәкіртімнің болашағынан зор үміт күтемін, 16 жасында әлемнің үздігі атанып үлгерді, енді ересектер арасында ел намысын үлкен ареналарда қорғайды деп сенім білдіремін, – деді Құнанбай бапкер.
Құнанбай туралы айтатынымыз көп, оның аудан гандболына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Онға жуық шәкірті бүгінде облыс және ұлттық құрама сапында жүр. Жақында ғана Ташкент қаласында өткен Өзбекстан Тәуелсіздігінің 33 жылдығына арналған Халықаралық турнирде Қызылорда облысының «Қайсар» құрама командасы 1 орынды иеленді. Қызылорда облысының әйелдер арасындағы негізгі құрамында осы Құнанбайдың қыздары өнер көрсетеді.
Қысқаша айтқанда, 16 жасар әлемнің үздік қақпашысы туралы мақала осылай түйінделді. Осы бетінен таймаса келешекте Қызжібек жөнінде әлемдік басылымдар жарыса жазады деп үміттенеміз.

Әли ТЕМІРБЕК


14 қыркүйек 2024 ж. 623 0