“Ақмешіт” қоламен қуантты
Дәстүрге айналған БАҚ өкілдері арасындағы шағын футбол турнирі биыл да жалғасын тапты. Қызылорда облысы әкімінің кубогі үшін өткен республикалық турнирге елдің әр өңірінен қаламгерлер келіп, жарыс көркін қыздырды. Биылғы ала доп бәсекесіне бес облыстың журналистері, Ақтөбе, Атырау облыстары мен Түркістан, Талдықорған, Шымкент, Қызылорда қалаларынан барлығы 8 команда бақ сынады.
Үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылған әкім кубогы жыл сайын жоғары деңгейде өтіп келеді. Тек биылғы аламанға белгілі себептермен бірнеше команда келе алмай қалғаны болмаса, жарыс өз деңгейінде өрбіді. Жарыстың ашылу салтанатында облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Алмасбек Есмаханов сөз алып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Жарыс осылай дәстүрге айналып, ауқымын кеңейтуге уағдаласты. Шынын айту керек, журналистер арасындағы футбол турнирін қатарынан үш жыл өткізген жалғыз облыс біздің өңір. Сондай-ақ, қонақтар да ізгі тілегін білдіріп, алғыстарын жеткізді.
Сонымен 8 команда екі топқа бөлініп, жартылай сынға жолдама үшін барын салды. Тартысты ойын көрсеткен «Қарекет», «Атырау-Ақпарат», «Ақмешіт» және «Қаламгер» командалары жартылай финалға шықты. Сыр елінің абыройын асырып жүрген ақмешіттік жігіттер ақтық сынға шығар сәтте атыраулықтарға есе жіберді. Негізгі есеп 2:2 болып аяқталып, 7 метрлік айып допта бәрі шешілді. Келесі ойында жарыстың фавориттері саналған талдықорғандық ұжым алаң иелерінің екінші командасынан басым түсті. Нәтижесінде «Қарекет» командасы Қызылорда облысы әкімінің Кубогі үшін өткен республикалық турнирдің чемпионы атанып, облыс әкімінің арнайы кубогі, медальдармен және 1 000 000 теңге қаржылай сыйлықпен марапатталды.
Екінші орынды жеңіп алған атыраулық «Ақпарат» командасына 700 мың, қола жүлдегер атанған қызылордалық «Ақмешіт» командасына 500 мың теңге, «Қаламгер» командасына 150 мың теңге ынталандыру сыйлығы табысталды. Ақмешіттік аяқ допшыларға тек сәттілік серік болмады. Әйтпесе бұған дейінгі республикалық турнирлерде алтыннан алға тағынған аймақ тілшілері алдғы Бердіқұлов турнирінде өнер көрсетуге дайындық үстінде. Жыл соңында аталмыш турнирдің жалауы Елорда төрінде желбірейді.
Жалпы Сырдағы турнирде ешкім құр қайтпады. Ақтөбелік Думан Құлшаев «Үздік қақпашы», түркістандық Ғасыр Құралбайұлы «Үздік қорғаушы», шымкенттік Данияр Тұрсынбай «Үздік шабуылшы», атыраулық Қайсар Жетпісбай доп додасының «Үздік ойыншысы» атанып, 50 мың теңгенің қаржылай сыйақысы табысталды. Бір байқағаным көп жігіттер алаңға шығып ойнағанына дән риза. Республикалық турнирледе бұрын төбе көрсетпеген Ақтөбе облысының БАҚ өкілдері алғаш рет жарысқа қатысып, қатарға қосылды. Яғни, аймақтағы қаламгерлердің әріптестік байланысы нығайып, аясы кеңейіп келеді. Бұл доданың да көксеген мақсаты осы. Жарыс ережесі де өзгергені бар.
– Облыс әкімінің Кубогына арналған доп додасы биыл қатарынан үшінші мәрте ұйымдастырылды. Төл мереке қарсаңында жан-жақтан әріптестер келіп, Евразия спорт кешенінің паркетінде ақтер-көктер боп доп қуаладық. Биылғы турнирдің ерекшелігі қатысушылардың жасы +30 болды және алаңда бір +35 ойнауы керек. Жалпы керемет достық турниріне куә болдық. Осы орайда, журналистердің жарысын жоғары деңгейде ұйымдастыруды дәстүрге айналдырған Қызылорда Облысының Әкімдігі Қызылорда Қаласының Әкімдігі Қоғамдық Даму Басқармасы Қалалық Қоғамдық Даму Бөлімі Қызылорда Қаласының Спорт Бөліміне ерекше алғысымызды білдіреміз. Керемет сайыс, ғажайып бас қосу болды. Бұйырса келер жылы қатысушы командалар саны көбейіп, турнирдің географиялық ауқымы да кеңейе береді деген сенімдеміз, – деді «Ақмешіт» командасының капитаны, әрі жарысты ұйымдастырушылардың бірі Әділбек Жақанов.
Еліміздің түкпір-түкпірінен 100-ге жуық БАҚ өкілдерінің басын қосқан турнирде қатысушылар қонақжай Сыр елі жұртшылығына ризашылықтарын білдірді.
– Біз бұл турнирге екінші рет қатысып тұрмыз. Алғашында жүлде бұйрмап еді, биыл чемпион болуға барымызды салдық. Топта негізгі қарсылас болған атыраулық әріптестермен финалда қайта жолығып, тең нәтижені жеңіспен түйіндедік. Шүкір, келесі жылы да келіп, чемпиондық атақты қорғауға тырысамыз. Жарыстың деңгейі өте жоғары, ұйымдастырушылар мен жалпы Сырдың жігіттеріне алғыстан басқа айтарымыз жоқ, – деді «Қарекет» командасының мүшесі Самат Есентайұлы.
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ