№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Олжас токионы тамсандырды

Олжас токионы тамсандырды

Апта басында Жапонияның Токио қаласынан сүйінші жаңалық жетті. Жерлесіміз, қазақ елінің мақтанышы дзюдошы Олжас Оразалыұлы бәсі биік турнирде жүлдемен оралды. Жыл сайын өтетін парадзюдодан “Grand Prix Tokyo” халықаралық турниріне биыл 42 мемлекеттен 400-ден аса спортшы қатысып, бақ сынап көрді. “Grand Slamm” сынды байрақты турнирдің биік тұғырына көтерілген Олжасқа бұл жолы күміс бұйырды.


  Олжас өз салмағы, яғни 73 келіде бозкілемге көтерілді. Спортта басты бәсекелестерінен басым түсіп, әлемдік рейтингте үздік үштікке енетін қазақ балуаны ақтық сынға дейін сүрінбей өтті. Тек жарыс қожайынына есе жіберіп, алтынға бергісіз күмісті еліне сыйлады. Бұл балуанымыздың биылғы жылға үшінші ірі жеңісі. Жақында ол сары құрылықты бағындырып, Азияда теңдесіз екенін дәлелдеп келген еді. Қытай елінің Ханчжоу қаласында Азияның кіл мықтыларының басын қосқан ІV жазғы пара Азия ойындарында қазақ дзюдошылары атой салып, ел қоржынына 14 жүлдені салып берген еді. Оның ішінде, жерлесіміз, жаңақорғандық Олжас Оразалыұлы алтыннан алқа тағынды.

Нәтижесінде пара дзюдодан ұлттық құрама Азия пара ойындарында медальдік есепте 2-орынға орнықты. Бірінші орында 5 алтын, 2 қола және 4 күміс медальмен Қытай тұрса, үшінші орынға 2 алтын 1 күміс, 3 қола медальмен Иран тұрақтады. Азия ойындарының алғашқы жарыс күні қазақ елін алтынмен сүйіншіледі. Ол J2 санаты бойынша 73 келі салмақта өнер көрсетіп, туымызды көкке желібертті. Жартылай сында Токио Параолимпиадасының қола жүлдегері жапониялық Юджиро Сэтоны 10:0 есебімен жеңіп финалға шықты. Ақтық бәсекеде өзбекстандық Феруз Саидовты «иппон» әдісімен таза жеңіп, алтынды сыйға тартты.
– Төрт жылда бір келетін Азияның басты спорт додасы болғандықтан қарсыластар өте мықты дайындықпен барса, бұл жарыстың да шоқтығы төмен емес. Дзюдодан жапондықтар рейтингте бірінші тұрады. Кейінгі жылдар өзбекстандық балуандар да көште келеді. Міне, сондай мықты қарсыластарды жеңіп, алтын алғаныма қатты қуандым. Бұл тек менің ғана жеңісім емес, барша қазақстандықтардың ортақ жеңісі. Жанкүйерлер мен бапкерлеріме алғыс айтамын. Бұйырса, келер жылы Париж төрінде де өнер көрсетіп, байрақты желбіретемін деген сенім бар, – деді чемпион.

Иә, келесі жылы Парижде параолимпиада ойындарының алауы тұтанады. Біз сол додада Олжастың алтын тұғырдан көрінуіне тілекшіміз. Жанарбек Сансызбаев пен Руслан Беркімбайдың тәлімін алатын Олжастың алғашқы бапкері Біржан Иманбаев екенін мақтана айтуымыз керек. Төл шәкіртінің әрбір төрге озғанын сүйіншілеп, ауылдағы ағайынның қуанышымен бөлісетін алғашқы бапкерімен де тілдескен едік. – Олжастың әрбір жетістігі менің де мерейімді өсіріп тұр. Шыны керек, Олжастың таланты бала кезден байқалып, спортқа деген шынайы махаббатына сол кезде куә болған едік. Енді міне, Әлем чемпионы болды, Азия ойындарының алтынын арқалады. Бұйырса, Олимп шыңын күтеміз. Ауылдағы атаанасы мен достары үнемі демеп, жанкүйер болып, тақымды қысып отырады. Жеңісті күндері көп болсын деп тілейміз, – деді бапкері Біржан.

Әлібек Жарықбаев
11 желтоқсан 2023 ж. 774 0