№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » АУЫЛДАҒЫ «АРЕНА» ӘЛЕМГЕ ЕСІК АШАДЫ

АУЫЛДАҒЫ «АРЕНА» ӘЛЕМГЕ ЕСІК АШАДЫ


Қожакент елді мекеніне кіре бергеннен асқақ еңсесімен көзге ерекше түсетін қатар тұрған екі спорт кешені ауыл жастарының ең сүйікті орны болмақ. Барлық жағдайы келіскен заманауи үлгіде соғылған қос ғимаратты да ел игілігіне ұсынып отырған осы ауылдың азаматы, кәсіпкер меценат, аудандық мәслихат депутаты Изатулла Ергешұлы.
Ол өзі салып бітірген «Қожакент Арена» спорт ғимаратының ашылу салтанатын әкесі, еңбек ардагері Ергеш Үсенұлының 90 жылдық мерейтойымен орайластыра өткізуді ұйғарған екен. Қожакент ауылының негіізін қалаушылардың бірі, еңбек ардагері Ергеш Үсеновты еске алуға арналған қазақ күресінен жасөспірімдер арасындағы республикалық турнир де осы күні еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған спортсүйер жастардың басын қосып, білек күшімен сынасуға зор мүмкіндік берді.
Мерейлі шараны ашқан аудан әкімі Мұрат Тілеуімбетов Мемлекет басшысының «Туған жеріңе туыңды тік» деген үндеуіне іспен жауап беріп отырған ел азаматы жөнінде жылы пікірін төмендегіше өрнектеді.


– Мемлекет басшысы бұқаралық спортты дамыту, жастарды спортпен шыңдауда барлық жағдайдың жасалатынын айтты. Еліміздің түкпір-түкпірінде дене­шынықтыру кешендері бой көтеріп, ұлт денсаулығын нығайтуға ықпал етуде . Соңғы жылдары ауданымызда он екі спорт кешені бой көтерді. Соның ішінде жеке қаражат көздерінен 5 спорттық нысан ашылып ел игілігіне берілді. Бүгінгі ашылғалы тұрған ауылдағы екінші спорттық кешен кәсіпкер меценат, аудандық мәслихат депутаты Изатулла Үсеновтың демеушілігімен бой көтерді. Заманауи талаптарға сай, сапалы әлеуметтік нысанның құрылысына 200 млн теңге инвестиция салынды. Елге осындай игілікті сыйға тартқан Изатулла Ергешұлына алғыс білдіремін. Аталған спорт кешенінде 200-ден аса жасөспіоім спортпен шұғылданып, 12 ауыл тұрғыны жұмыспен қамтылады. Туған жер перзентінің атамекенге тарту жасаудағы толағай еңбегі ауыл халқына деген шынайы жанашырлығы деп білеміз. Осы асыл ниеті ақталып, ауылдан жарып шығар даңқты спортшылар тәрбиелене берсін, – деген тілегін білдірді.
Келесі сөз кезегі ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Мұстафа Садыққа берілді. Кешеге дейін аймақ спортын басқарып келген азамат, қоғам қайраткері сөз түйінін тереңнен тарқатты
– Осыдан біпнеше жыл бұрын марқұм, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров ағамыз «Әр ауылдан спортқа жанашыр әлеуетті бір азамат табылса спорт кешендерінің салынуына көмек көрсетеді» деп еді. Міне, бауырымыз Изатулланың бұдан бұрын мемлекетпен әріптестік негізде салып берген спорт кешенінде ауыл балалары емін-еркін күреске, боксқа жаттығып, жан-жақты шымыр жетіліп келеді. Ал бүгін ашылғалы отырған, футболға арнал­ған арнайы зал салтанатты келбетімен аудандарда бірін­ші рет ірге көтеріп ел еңсесін биіктетіп тұр. Бұған спорт жанашыры ретінде шын қуаныштымын. Қожакенттен мықты Әлем, Азия Олимпиадаларының чемпиондары шығарына бек сенімдімін, – деп ризашылығын білдірді. Содан соң ел ағасы Әсет Жиенқожаев батасын берді. Аудан басшы­сы, аудандық ардагерлер кеңесі мүшелері, аудандық мәслихат депуттары қатысуымен жаңа спорт кешенінің лентасы қиылды.
– Заманауи үлгіде жабдықталған спорт кешенінде футболдан республикалық ашық турнирдің ашылу салтанаты өтті. Аудан әкімі Мұрат Жолкелдіұлы, аймақ спортында айрықша қолтаңбасы бар ел ағасы, бүгін­де Қызылорла облысы «Қайсар» футбол клубының директоры Мұстафа Шоңмұрынұлы талапкерлерге сәт­тілік тіледі. Салтанатты шарада Қызылорда облы­сының мәдениет және спорт басқармасы басшысының орынбасары Жігер Айекешов аймақ басшысының арнайы Құттықтау хатын оқып берді.
Жас ұрпақты саламатты өмір сапасына баулып, сспортқа қызығушылығын арттыруда, жан-жақтан жиналған сайыскерлердің мүмкіндік кеңістігіне жағдай жасауда жәрдемін аямаған үлкен жүрек иесі Изатулла Ергешұлының өзі де сөз алып, келген қонақтарға рахметін айтты. Спорт комплексінің бітуіне тілектес болып, қолұшын созған ағайынға алғысын айтуды да ұмытпады. Байрақты бәсекенің жалауын көтеріп әр облыстан жиналған спортшылардың үлгілі ойын өрнегін көрсетуіне ағалық тілектестігін білдірді.
Мұнан соң ҚР Мемлекеттік Әнұраны шырқалды. Республикалық ашық турнир жалауын желбіреткен талапкерлер қатарында Алматы, Жетісу, Қарағанды, Маңқыстау, Павлодар, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда, облыстары, Шымкент қаласы сайыскерлері екі күнге жалғасатын жарыс алаңында аяқ доп додасына кірісіп кетті.
Осы күні спорт кешенінде қол күрестен аудандық сайыс өткізілді.

АТАДАН ҰЛ ТУСА ИГІ, ӘКЕ ЖОЛЫН ҚУСА ИГІ

Соңғы он-он бес жыл көлемінде елге сіңірген еңбегімен көптің қалаулысы­на айналып үлгерген кәсіпкер азамат Изатулла Үсеновтың бүгінгі жетістіктеріне куә кім болсын оның әкесі Ергеш ағамыз туралы естеліктерді айтпай тұра алмайды.
Еңбек адамы Ергеш Үсенұлы ал­пысыншы жылдары Одақ көлемінде дәндік жүгеріден жоғары көрсеткішке қол жеткізіп, ВЛКСМ Орталық комитетінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Мәскеуде өткен Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінде жеңімпаз танылып, арнайы аты жазылған алтын сағат сыйлыққа ұсынылыпты. Ол кезде «Октябрь» елді мекені 1962 жылдан бастап СОКП-ның 23 съезі атындағы кеңшар болып құрылғанда қойма меңгерушісі болған. Елді қалыптастыруда, халық санын көбейтуде айрықша еңбек еткен. Жары Хадиша екеуі он перзент өсіріп-тәрбиелеген. 1982 жылы небәрі елу төрт жасында дүниеден өткен азаматтьың артында елі айта-айта жүрер мол қасиеттері қалыпты. Кешегі өткен шарада асыл ағаға арнайы берілген ниет дастарханында көз көрген замандас, әріптестерінен басқа көрші-қолаң, бауыр, жақын-жуық, таныс-біліс жандардың барлығы ол кісінің елге арттырған жақсылық- қамқорлықтарын, кеңдігін, жомарттығын айтып , әруақтың атына дұға-тілектерін жаудырды.
Әкесі өмірден озғанда әлі мектеп те бітіріп үлгермеген жас өреннің ата-ана тағылымын жүрегінде сақтап, екеуінің бірдей жұмсақ жүректі болмысы мен қайырымдылықты пір тұтқан қадір-қасиетін өзінің талапты тіршілігімен тірілте білгені үшін Изатуллаға алғыс айтпаған жан жоқ бұл өңірде. Нарық қатынастарына ерте бейімделіп, ауылда алғашқылардың бірі болып жеке кәсіпті өрістетіп, егін еккен, диірмен жүргізген, мал өсіріп, ауылдың шаруасын алға өрлеткен іскер жан қожакенттіктердің ғана емес аудан халқының арқа тұтар азаматына айналып отыр. Оның ауданның рухани, мәдени өміріне де дем беріп, өркениетті дамуына айрықша қолтаңбасына әркез куә болып келеміз. Бұдан бес жыл бұрын Жаңақор­ған ауданының 90 жылдық мерейтойын өткізуде оның азаматтық орасан қолдау жасағанын ел ұмыта қойған жоқ.
Кеше әкесі Ергеш Үсенұлының 90 жылдық мерейтойында облыстық мүшайра өткізіліп, оған Арал, Жалағаш, Сырдария, Шиелі және Жаңақорған аудандарынан келген үміткерлер қара сөздің қаймағын теріп, озық ой мен өре, маржан сөз бен мақамды мәнер жарысында бақ таластырды. Қорытындыда Жаңақорған ауданы Мәдениет бөлімінің қызметкері, талантты жас Айжарқын Найманбаев Бас жүлдені иеленді.
Ата-ананы ұлықтауға арналған тағы­лымды шаралардың маңызы сол, жас ұрпақ өткен тарихтан сыр ұғады. Кешегі адамдардың ерен еңбегі мен ерлік жолын көз алдарына әкеліп, бүгінгі жарқын өмірдің өтеуіндей қаншама өкініш пен өксік, үміт пен сенім кезектесе өрілген ұлы жолдың сабақтастығына еріксіз басын иеді.
Мерейтой аясында ауыл клубына жиналған жұртшылық Ергеш Үсенұлы туралы сахналанған Дінмұхаммед Әб­жаппаровтың «Нұрлы жүрек» қойылымын тамашалап, кезінде жетім-жесірге, жоқ-жұқанаға пана болумен қатар ауылдағы ұарапайым еңбек адамдары – малшылар мен диқандарға қамқор болып, қиын кезде көмекее жетуге барын салып өткен үлкен жүрек иесі – Ергеш Үсенұлының шынайы бейнесімен қауышқандай болды. Қойылымды сахналаған Дінмұхамед пен оның бауыры Балмұхамед Әбжаппаров­тар, «Арман» Мәдениет үйінің әртістері – Шәкизада, Рашит, Рыскүлдің шынайы өнерімен көрерменді сендіре алған талант табиғатын еріксіз мойындағандаймыз.
Қол күрестен 80 келі салмақ дәрежесінде ересектер арасында Қанжарбек Әбділдаев 1-орын алса, Ернар Абдраманов 2-ші, Әбдіғазиз Күзембай 3-ші орын алды. 80 келіден жоғары салмақта Махмуд Рахымжан чемпион атанса, Кәрібай Мұхтархан күміс, Қанжарбек Әбділдаев қоланы қанағат тұтты. Сондай-ақ, Азия чемпионатының 3 дүркін чемпионы Абусейіт Реметов марапат биігінен көрінді.
Ал, шағын футболдан төртінші орынды қызылордалық «Жас Қайсар» командасы жеңіп алса, үшінші орынға Түркістаннан келген «Алло Пица» командасы жайғасты. Екінші орын тараздық «Жаңатасқа» бұйырса, жаңақорғандық «Донер Кинг» командасы чемпион болды.

Баян ҮСЕЙІНОВА
15 қараша 2023 ж. 832 0