“Ақбура” алтын тұғырда
Жаңақорғанда алғаш рет ресми жалауы желбіреген әуесқойлар лигасы мәреге жетті. 3 ай бойы алысып, жасыл алаңда тер төккен аяқ допшылар ала жаздай керемет көңіл-күй сыйлады. 2023 жылдың 29 сәуірінде бастау алған әуесқой футбол лигасының жабылу салтанаты аудандық мәдениет үйінде өтті. Жүлдегер командалар мен спортшылар марапатталды.
Тартысқа толы футбол лигасының аудандық біріншілігіне қатысқан 14 команда мен 350-ге жуық спортшы екі айналым нәтижесі бойынша іріктелді. Салтанатты шараның арнайы қонағы ретінде ҚР-ның еңбегі сіңірген жаттықтырушысы, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, Қызылорда облысы «Қайсар» футбол клубының директоры Мұстафа Садық Шоңмұрынұлы қатысып, жылы лебізін білдірді. Жалпы Садық Мұстафаев Сыр елінің футболына демеу беріп, «Қайсарға» басшылық етеді. Аймақ футболының дамуына дем беріп жүрген жанның бірі.
Футбол тойының жабылу салтанатында Жаңақорған аудандық мәслихат төрағасы Ғалымжан Сопбеков сөз алып, бұқаралық спортты дамытуға үлес қосып жүрген аудан спортшыларына әрдайым жеңіс тұғырынан көрінулеріне тілектестігін білдірді. Әрі әуесқой футбол лигасының директорын, құрама команда капитаны мен спорт клубының жаттықтырушысын және жарыстың өтуіне демеушілік жасап, қолдау білдірген спорт жанашырларын Қызылорда облыстық мәдениет және спорт басқармасы басшысы мен аудан әкімінің "Алғыс хатымен» марапаттады.
Алдымен үздіктер марапат төрінен көрінді. Жаңақорған ауданының Құрметті азаматы, белбеу күресінен облыстық федерация президенті Мадияр Ахметов «Үздік қақпашы» номинациясын «Аңсарстрой» командасының ойыншысы Ахмет Алайдаровқа, спорт жанашыры Бекәділ Басалов «Үздік қорғаушы» номинациясын «Донер кинг» командасының ойыншысы Ерлік Тұртановқа, мәдениет және спорт бөлімінің сектор меңгерушісі Махмут Секентайұлы «Үздік шабуылшы» номинациясын «Қожакент» футбол командасының ойыншысы Ділмұрат Ориповқа, «Үздік сұр мерген» номинациясын белбеу және қазақ күресі түрлерінен Халықаралық дәрежедегі спорт төрешісі Әбдісаттар Алдабергенұлы «Ақбура» командасының ойыншысы Нарқожа Мейіржанға, «Үздік шебер ойыншысы» номинациясын Жаңақорған аудандық спорт клубының директоры Болат Тұтқабайұлы «QFC» командасының ойыншысы Нұрсұлтан Нұрланұлына табыстады.
– Бұл турнирде жеңіске жеттік. Қуаныштымыз, ұйымдастырушыларға және демеушілер мен жарысқа қатысқан жігіттерге арнайы алғыс айтамыз. Бұл аудан футболының дамуына, өскелең жастардың спортқа келуіне үлкен жол ашады. Бұйырса жыл сайын осы алаңда бас қосып, ортамызды көбейту мақсаты тұр. Чемпион болдық, ендігі мақсат облыс орталығында өтетін әуесқойлар арасындағы ел чемпионатына қатысып, аудан абыройын асыру болады. Оның да ауылы алыс емес, – дейді чемпион команданың капитаны Абай Жамалдин.
Сонымен лига аясында 13 турда 36 ұпай жинаған «Ақбура» футбол командасы чемпион атанды. 200 мың теңгелік сертификатты «Қайсар» футбол клубының директоры Садық Шоңмұрынұлы табыстады. Жүлделі ІІ және ІІІ орынға «Аңсарстрой» және «Донер Кинг» футбол командасы лайық деп танылып, 100 және 150 мыңдық ақшалай сыйлықпен марапатталды. Бұл лига жылдағы дәстүрге айналса нұр нұр үстіне нұр болады дейді жастар. Енді бізді алда қысқы лига күтіп тұр. Лиганың өтуіне ұйытқы болған барша азаматтарға, спорттағы ағаларға, демеушілерге, төрешілерге және Оразәлі Тасболатовқа арнайы алғыс айтуда.
– Бұйырса бұл турнир алдағы уақытта жалғасын табатын болады. Әрине, жастар мен аға буынның шын ынтасы барын көрдік. Тәртіп те түзеліп келеді, мұның барлығы жастардың болашағы үшін. Өйткені, аудан футболының дамуы осылай басталуы керек, осыған қарап оқуышлар да өседі. Әрине, бірінші кезекте қолдау мен демеу болуы тиіс. Сондай-ақ, жарысқа қолдау білдіріп жатқан аға буынға айтар алғысымыз зор. Енді қыстағы лигаға дайындаламыз, – деді бас ұйымдастырушы, әрі ұстаз, ардагер ойыншы Оразәлі ағай.
Әли ТЕМІРБЕК