№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Велошабандоз Махаббат

Велошабандоз Махаббат

Kyzylorda-news.kz.  Елімізде велоспорт жақсы дамыған. Десе де қыздар арасында әзірге жоғары биіктен көріне қойған спортшы жоқ. Кейінгі жылдары сол олқылықтың орны тола бастаған секілді. Әлемдік жарыста топ жарған Махаббат Үмітжанова жақында Таиланд тас жолында өткен Азия чемпионатында мәре сызығын бірінші болып қиды. Бұл – ел спортындағы елеулі жаңалық.


Негізі ол Солтүстік Қазақстан облысы велоспорт мектебінде тәлім алған. Алғаш рет велоспорт үйірмесі есігін 13 жасында ашқан еді. Шал ақын ауданының орталығы Сергеев қаласындағы №1 мектеп-интернатында 4-6 сынып аралығында оқыды. Одан кейін Петропавл қаласындағы спорттағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатында білімін жалғастырды. Оған велоспорттың әліппесін жергілікті бапкер Виктор Потапов үйретті. Содан бері шәкіртіне ақыл-кеңесін айтып, түрлі бәсекеде топ жаруына зор үлесін қосып келеді.
– Әдетте, көпшілік велоспортты қыз баласына қиын спорт түрі деп санайды. Бұл сөзді жоққа шығара алмаймыз. Рас, алғашқыда велосипедті игеріп кету ешкімге оңайға соға қоймайды. Уақыт өте келе қиындықтың барлығын жеңе аласың. Оны өзімнің жеке спорттық жолымнан көруге болады. Велоспорт әліппесін үйреніп, қыр-сырына қаныққаннан кейін алдыма үлкен мақсат қойдым. Қазірге дейін бағындырған белестерім – соның айқын куәсі. Әрбір жарысқа қатысарда өзімді қайрап шығамын. Еліміздің абыройын биіктетсем деймін. Сол мақсатыма жеткен сәтте иығымнан жүк түскендей сезінемін, – дейді ол бізбен әңгімесінде.
Асқақ арман адамды алға жетелейді. Ол 2012 жылы Талдықорған қаласындағы велоспорттан олимпиадаға дайындық орталығына түсті. Ал 2014 жылы «Astana BePink» клубының құрамына кірді, 2016 жылы «Astana Women Team» клубы сапына ауысты. Онда белгілі велошабандоз Зульфия Забирова менеджер қызметін атқаратын еді. Бұл үлкен спортқа қадам басқан қазақ қызының өміріндегі елеулі сәттердің біріне айналды.
Махаббат 2016 жылы тректен ел біріншілігінде чемпион атанды. Ал шосседегі жарыста алғашқы орындардан көрінді. Қазақстандық бапкерлер велошабандоздың дайындығын жоғары бағалап, көптеген халықаралық бәсекеге жол ашылды. Нәтижесінде Азия чемпионатында бірнеше мәрте жүлдегер атанды. Азия ойындарында бақ сынады. Ел біріншілігінде талай мәрте топ жарды. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағына ие болды.
– Қазір құрлықтық додада жеңімпаз атану оңайға соқпайды. Көптеген елдерде қыздар арасындағы велоспорт дамып кетті. Тас жол үстіндегі тартыста Қытай, Жапония, Вьетнам, Таиланд, Оңтүстік Корея, Өзбекстан спортшылары жарыс көрігін қыздырады. Биылғы Азия чемпионатында да дәл сондай бәсеке болды. Қаншама шақырымға созылған жарыста олардың алдына түсіп кету оңайға соққан жоқ. Еліміздің абыройын қорғап барғаннан кейін біз үшін шегінерге жер жоқ. Намысқа тырысып, алға қарай ұмтыла түстім. Қарсыластарым да бас жүлдеге барынша таласты. Бұл бәріміз үшін де қызықты бәсеке ретінде ерекшеленді. Мәре сызығын бірінші болып қиған сәтте ерекше көңіл-күйге бөлендім. Қаншама жылғы еңбектің, дайындықтың, өтеуі қайтты, – дейді спортшы.
Әлемдік деңгейде велоспорт бәсекелері өте қызықты өтеді. Ерлер арасында ұзақ жылдан бері ұйымдастырылатын көпкүндіктер жанкүйер қауымының қызыға тамашалайтын сайыстарына айналды. Мұндай жарыстар әйелдер велоспортында да бар. Оған да кілең мықты велошабандоздар жиналады. Жазғы олимпиада ойындары күнтізбесінде қыздар да жүлделерді сарапқа салуға мүмкіндік алды.
– Айта кетерлігі, әлемдік мамандар Қазақстанды велоспорт жоғары дамыған елдердің бірі деп санайды. Сондықтан жүлдеге үміткерлер қатарына қосады. Бұл – біз үшін үлкен жауапкершілік. Қателікке бой алдыруға болмайды. Жоғары нәтижеге қол жеткізуге барынша күш саласың. Осындай бәсекенің арқасында әріптестеріммен бірге үлкен тәжірибе жинақтадық. Бізді алда беделді бәсекелер күтіп тұр. Олардың арасында 2024 жылғы Париж олимпиадасының шоқтығы биік. Мұндай айтулы аламанға әрбір спортшы қатысып, бақ сынауды қалайды. Оған лайықты деңгейде дайындық жасайды. Олимпиадаға қатысу үшін алдымен іріктеу кезеңінен іркілмей өтуің керек. Алдағы мақсатымыз – жанкүйерлерді жоғары жетістігімізбен қуанту, – дейді ол.
Махаббаттың өмірлік жолдасы Мәди Әзен де – белгілі велошабандоз. Қызылорда велоспортынан тәлім алған ол халықаралық және еліміздегі көптеген жарыстарда толайым табысқа кенелді.
– Сыр велоспортының беделі биік. Бұл өңірден талай мықты спортшылар шықты. Олардың қатарында трек түрінен Әлем чемпионы Марат Сатыбалдиевті ерекшелеп айтамыз. Сондай-ақ, жастар арасында әлемдік деңгейде топ жарған Сергей Капустинмен де жерлестері мақтанады. Қазіргі күні де келешегінен үлкен үміт күттіретін жастар шоғыры өсіп келеді, – дейді ол.
Азия чемпионатында алтын алғаннан кейін велошабандоз ел біріншілігінде топтық жарыста жеңіс тұғырына көтерілді. Бәсеке барысында спортшылар 105 шақырымдық тартысқа түсті. Мәреге 20 шақырым қалған сәттен бастап Махаббат Павлодар облысынан келген Рината Сұлтанова екеуі жұлдыздай жүйткіп, өзге қарсыластарынан оқ бойы озық шықты. Шешуші сәтте сыр бермей қарсыласын қапы қалдырып кетті.
Велошабандоз алдағы жарыстарға қатысу үшін жоғары дайындыққа көңіл бөліп отыр. Әрбір еселі еңбектің қайтарымы болатыны белгілі.
14 шілде 2023 ж. 419 0