Балғын спортшылар белесі
Жаңақорған кенті белесі “Алпамыс батыр” спорт кешенінде білікті бапкер, ұлағатты ұстаз Бектұрсын Абутраповты еске алуға арналған еркін күрестен 2009- 2010 жылы туылған балуандар турнирінің жалауы желбіреді. Жасөспірімдер арасында өткен республикалық турнирге бірнеше өңірден балғын балуандар келіп, бақ сынады.
Жалпы Сыр еліндегі еркін күрес балуандарының мектебі Жаңақорғанда қалыптасқан. Жарты ғасырдан астам тарихы бар мектептің бүгінгі түлектері әлемдік ареналарда бақ сынап, ел абыройын асырып жүр. Бүгінгі еске алу турнирінің себепкері бапкер, күрес мектебінің қаоыптасуына еңбегі сіңген жаттықтырушы Бектұрсын Абутраповтың есімі жыл сайын ұлықталу дәстүрге айналды. Бұл кісінің жалпы еңбек жолынан бұрын әріптестері, замандастары пікір білдірген еді.
– Жарыс болатыннан 15 күн бұрын бапкерлерді жұмыстан босатып, арнайы дайындық жүргізетінбіз. Спорт мектебі мен №51 М.Қаратев атындағы мектептің спортзалында кезек-кезек жаттығу жасайтын едік. Бектұрсын Абутрапов, спорт мектептің директоры Жақсылық Егізбаев пен шабандоз Айдар Рыспабев, Әбдіхалық Абдуллаев сынды азаматтардың еңбегі көп сіңді. Жетпісінші жылдары еркін күрес пен волейбол, ат спортының тынысы осылай ашылды – деді спорт ардагері Омар Төлегенов.
Иә, өткен ғасырдың сексенінші жылдарында аудан күресін өрге сүйрегеннің бірі Бектұрсын ағамыз дейді кейінгі көзін көрген буын. Сол ағалардың ізін басып, жолын жалғаған жастардың алды Олимпиада ойындарында бақ сынап жүр. Төрт құрылықтың басты спорт додасында еркін күрестен төрт рет қатарынан жаңақорғандық балуандар барын салды. Азияны бірнеше рет бағындырып, әлемнің жүлдегері де атанып үлгерді. Енді солардың басқан қадамымен жүріп келе жатқан бала балуандар биыл жақсы нәтиже көрсете бастады.
Сонымен екі күнге созылған жарыс нәтижесінде жаңақорған жеткіншектер жеңіс жолынан көрінді. №8 спорт мектебінің шәкірттері алтын апталып, күміспен қапталып, қоламен қуантты. Жас болса да білікті бапкер Ғабит Әбіловтің үш оқушысы алтын тұғырдан көрінді. 38 келіде Палмахан Жорабек, 44 келіде Зұлхарнай Қасымжомарт және 57 келіде Серік Қуаныш чемпион атанды.
– Жарыс жоғары дәрежеде өтті. Әрине, оқушылардың алды жаттығуда жүргеніне жылдан асты. Дегенмен нәтиже жақсы. Бұйырса келер жылы бұдан да биікті бағындыруға бар күшімізді саламыз, – дед Ғабит бапкер.
Жалпы Жаңақорғанда еркін күрестен бір жылдың ішінде республикалық бірнеше турнир өтеді. Бұның өзі өсіп келе жатқан жеткіншектердің спорттық шыңдалуына, биіктеуіне үлкен септігін тигізеді.
Жаңақорған кентінде «2022 жыл Балалар жылы» мерекесіне орай тоғызқұмалақтан 2009 жылы туылған және одан кіші жасөспірім ұлдар және қыздар арасында аудандық жарыс өтті. Жарысқа кент және ауылдық округтердегі жалпы білім беретін мектептерден 40 спортшы қатысты.
Жарыс қорытындысы бойынша ұлдар арасында: 1-орын Тасан Жанболатқа (№56 орта мектеп) бұйырды. 2-орын Мырзахмет Асылнұрдың (№163 орта мектеп) еншісінде, үздік үштікті Нұрназар Жомартұлы (№51 орта мектеп) түйіндеді. Ал, қыздар арасында Аянат Қасым (№163 орта мектеп) алтын тұғырдан көрінсе, Інжу Орынбасар (№51орта мектеп) күміспен күптелді. Айзере Амангелді (№51 орта мектеп) қолаға қол созды. Жеңімпаз жүлдегерлер аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің грамоталарымен және медальдарымен марапатталды.
Жаңақорғанда тоғызқұмалақ ойыны соңғы бес жылда жақсы нәтиже көрсетіп келеді. Қасен ағайдың шәкірттері жарап тұр. Ермұхамед бастаған алтын жолды кіші буын жалғап, жақсы нәтижемен көзге түсуде. Міне, өткен аптада жаңақорғандық жас спортшылар осылай жылды қорытты.