Ерекше жандар арасындағы спорттық сайыс
Халықаралық мүмкіндігі шектеулі жандар күні қарсаңында «Ордакент» ардагерлер, жастар ресурстық орталығы және ерекше жандарды қолдау және оларды спортқа баулу мақсатында спорттық сайыс өткізілді.
Шараны аудан әкімінің орынбасары Бектас Балғабайұлы мүмкіндігі шектеулі азаматтарды айтулы күнімен құттықтай отырып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Расында, спорттық жарыс тек қана бәсеке емес, ұлттық намыс сынға түсетін сәт. Жыл өткен сайын осы жарысқа қатысушылар саны едәуір артып келе жатқаны бізді қуантады, – деп ыстық лебізін білдірді. Атаулы шараға ауылдық округтерден 40-қа жуық мүмкіндігі шектеулі жандар қатысты. «Жебеуші» қоғамдық қорының төрағасы Нурдин Исмайлов:
– Мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік көмек көрсетуден бөлек оларды түрлі шараларға қатыстырып, қоғамдық ортаға бейімдеу, белсенділіктерін арттыру, психологиялық тренингтер өткізу арқылы позитивті ойлау дағдыларын дамыту, спорттық, мәдени, қоғамдық іс-шараларға қатыстыруды кенже қалдырмауымыз керек. Олардың бірі үстел теннисін ойнағысы келеді, бірі мылтық атуды немесе дартц ойнағанды ұнатады, әр баланы қабілетіне қарай спортқа бейімдеп, түрлі жарыстар ұйымдастырып тұрамыз, мұндай шараларды алдағы уақытта да жалғастыру жоспарда бар. Спортпен шұғылданғандары денсаулықтарына да жақсы, – дейді ол.
Бұл күні спорттың бес түрінен сайыс өтті. Жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер мадақтама грамоталары және ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды. Атап айтсақ, «Дартц» бойынша бірінші орынды Қанат Қайбуллаев, екінші орынды Даулетхан Темірханов, үшінші орынды Балнұр Әдилбековтер иеленсе, «Қол күрестен» бірінші орын Абусейт Реметовке, екінші орын Бауыржан Оразбаевқа, үшінші орын Шынғыс Молдахметке бұйырды. «Үстел теннисінен» бірінші орын Ердауыт Түлебаевқа, екінші орын Сейдахмет Дүйсеевке, үшінші орын Иген Құдайбергеннің қанжығасына байланды. Ал, «Мылтық атудан» бірінші орын Алимжан Мамбетовке, екінші орын Иген Құдайбергенге, үшінші орын Ердауыт Түлеубаевқа, «Дойбыдан» бірінші орын Нұрлан Тұрабаевқа, екінші орын Асылбек Бектұрғановке, үшінші орын Қасиет Оралға бұйырса, Сүлеймен Асылжан мен Орал Қасиет үздік спортшы атанды.
Осы ретте бірінші орын иегері Абусейіт Реметовтың де өз айтары бар екен. – Мен мұндай жарысқа үзбей қатысып отырамын. Әрдайым жүлделі орындарға ие болып отырамын, өте қуаныштымыз. Ұйымдастырушыларға, бізді назардан тыс қалдырмай шақырғаны үшін ерекше рахметімді айтамын және алдағы уақытта да осындай жарыстар болып тұрса деген тілегіміз бар, – дейді жарысқа қатысушы. Міне, бұндай іс шаралар мүмкіндігі шектеулі жандардың жүрегіне өшпес із қалдырып, спортқа деген қызығушылығын арттыра түсетіні анық. «Кедергісіз келешекке» жасалған қадам деген осы. Жігері жасымаған қайсар жандардың алдағы уақытта да тамаша табыстарға жететіне біздің сеніміміз зор.