№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қазақстан үздік бестіктің қатарында

Қазақстан үздік бестіктің қатарында


Түркияның Конья қаласында V Ислам ынтымақтастығы ойын­дары аяқталды. 10 күнге созылған байрақты бәсекелерге 55 мемлекеттен келген 4 мыңнан аса спортшы қатысты. Олар 24 спорт түрі бойынша 355 жүлдені сарапқа салды. Солардың қатарында Қазақстан құрамасы да бар. Жалпы саны 89 (27 алтын+23 күміс+39 қола) жүлдеге қол жеткізген жерлестеріміз Исламиаданың командалық есебінде бесінші орынға табан тіреді.

 Жарыстың соңғы күні каратэден +61 кило салмақ дәрежесінде күш сынасқан София Берульцева Қазақ елінің Әнұранын шырқатты. Токио Олимпиадасының қола жүлдегері және Дүниежүзілік ойындардың жеңімпазы деген атағы бар жерлесіміз Коньяда бас жүлдені олжалады. 61 кило салмақтағы Әсел Қанай қолаға қол созды. Ол тек өзбекстандық Зулхумор Турсыналиева мен түркиялық Гульбанар Гезютоктан ғана қалып қойды. Тағы бір қоланы тунистік Вефе Манжуб еншіледі.

 Спорттық гимнасшылар сайы­сында Аида Бауыржанова еркін жаттығуда алтын, томарда күміс және бөренеде қола медальді ие­ленді. Осыған дейін 3 алтын, 1 күміс және 1 қола медальді қор­жынға салған кикбоксшылар тағы да өз жанкүйерлерін қуант­ты. Бұл жолы лоу-киктен Берік Ысқақов (63,5 кило) қарсылас шақ келтірмесе, Нұрдәулет Қалшора мен Шара Хамзина үшінші орынға табан тіреді.

 Жекелеген спортшылар арасынан Рената Сұлтанованың асқан шеберлігіне тәнті болдық. 24 жастағы велошабандозымыз атал­ған жарыста үш рет алтыннан алқа тақты. Ол жеке сайыста, скретчте және омниумда алдына жан салмады. 50 және 100 метр­ге баттерфляй әдісімен жүзген Әділбек Мусиннің де мерейі үстем болды. 400 метрлік қашықтықты 44,94 секундта жүгіріп Михаил Литвин Қазақстанның рекордын жаңартты. Ауыр атлеттер сайы­сында Айзада Мүптілда қос­сайыстың қорытындысы бойын­ша 266 (116+150) килолық зіл­те­мірді еңсеріп, жеңіс тұғы­ры­ның ең биік сатысына көтерілді. Бұл – Исламиаданың рекорды!

 Жоғарыда есімдері аталған саңлақтардан бөлек, жүзуші Со­фия Әбубәкірова (50 метр, бат­терфляй) мен Аделаида Пче­линцева (50 метр, брасс), ве­ло­трекші Әлі­шер Жұмахан (жеке сайыс) мен Артём Захаров (омниум), гимнасшылар Аида Ба­уыржанова мен Елжана Тәниева, каратэші Қай­сар Алпысбай, зілтемірші Арли Чонтей мен Зүл­фия Чин­шанло, әйелдер күресінің шебері Елена Шалыгина мен спорт­тың кейбір түрлері бойынша өткен командалық бәсекеде отандастарымыз алтын алып, барша жанкүйерді қуантты. Сондай-ақ команда қоржынын күміс және қола медальдармен толтырған басқа да спортшыларымызға ай­­­тар алғысымыз шексіз. Бұл жа­рыс­та барлығы 125 өреніміз спорт­­тың 16 түрі бойынша бақ сынады.

 Жалпы есепте Түркияға тең келер ешкім болмады. 341 (145-107+89) жүлде олжалаған жарыс қожайындары жарыс кестесінде жеке-дара көш бастады. Өз­бекстан екінші орынды иеленді. Көршілеріміз 158 (51+42+65) медаль еншіледі. Үшінші орында – Иран. Парсы елінің өкілдері 133 (39+44+50) жүлдеге қол жеткізді. Төртінші сатыға жайғасқан Әзер­байжанның қоржынында 99 (29+36+34) жүлде бар. Бесінші орында – Қазақстан. Сондай-ақ ТОП-10 команданың қатарына Марокко (15+13+34), Индонезия (13+14+29), Бахрейн (9+7+7), Қырғызстан (8+8+15) және Алжир (7+12+23) құрамалары енді. Исламиадада барлығы 18 мемлекеттің әнұраны шырқалып, 34 елдің туы көкте желбіреді.

 Анадолы елінде «Қазақстан құрамасы табысты өнер көрсетті ме, әлде бұл нәтижеге көңіліміз толмай ма?» деген сауалға жауап алу үшін бұған дейінгі жарыс­тардың нәтижелеріне зер салған жөн. Ислам ынтымақтастығы ойындарының тұсауы 2005 жы­лы Сауд Арабиясында кесілді. Мекке, Медине, Жидда және Таиф қалаларында ұйымдастырылған додада жерлестеріміз 27 (13+8+6) жүлде алып, жалпы есепте үшін­ші орынды олжалады. Біз тек саудиялықтар мен мы­сыр­лықтардан қалып қойдық. Екінші жарыстың жалауы 2009 жылы Иранның бас шаһары – Тегеранда желбіреуге тиіс еді. Бірақ саяси жағдайға байланыс­ты өтпей қалды. Үшінші Ис­ла­миаданы Индонезияның Аалем­банг қаласы қабылдады. Оңтүс­тік Суматра аралында өткен дүбірлі додаға қазақстандықтар қатысқан жоқ. 2017 жылғы жарыстың шымылдығы Әзербайжанның ас­танасы – Бакуде түрілді. Каспий теңізінің арғы жағалауында отан­дастарымызға 19 (2+5+12) жүлде бұйырды. Екі алтынды да біз боксшылар сайысында жеңіп алдық. Нәтижесінде, 14 орынға тұ­рақтадық. Міне, осы дерек­тердің өздері-ақ биылғы Ислам ын­тымақтастығы ойындарында Қа­зақстан құрамасының сәтті өнер көрсеткенін анық аңғартып тұр.
21 тамыз 2022 ж. 1 413 0