№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Тұғыр төріндегі чемпион

Тұғыр төріндегі чемпион


20-24 ақпанда Павлодар қаласында тоғызқұмалақтан Қазақстан Республикасының жекелей чемпионатында жаңақорғандық жас Әлайдар Ермұхаммед жүлделі орын алып оралды. Ең бастысы, ол Әлем чемпионатына жолдама алды. Енді ол Анталияда өтетін сайысқа Қазақстаннан баратын 12 спортшының бірі. Егер осы сында үздік ойын үлгісін көрсете алса Халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанады. Ай сайын стипендия тағайындалады. Оның ұстазы – Ұлттық дәрежедегі төреші Асылбек Шертайұлы ауданда тоғызқұмалаққа жанкүйер болып, ұлттық өнердің шашбауын биік көтеріп жүрген бірден-бір азамат.


Тоғызқұмалақ ойыны нағыз есепке құрылған ойын. Ешбір мақсатсыз ойнау тек ұтысқа ұшыратады. Жоспарлы ойынның тактикалық тәсілдері де, стратегиясы да өте күрделі. Сондықтан оны анау-мынау кісі игере алмайды.

Тоғызқұмалақ – қазақтың ұлттық дәстүрлі ойыны. Тоғызқұмалақ ойынына құмарлық халықаралық деңгейде арта түсуде. Зияткерлік мұрамыз қайта жаңғырып, Қырғыз, Монғолия елінде сабақ өтіледі. Алтайдан Америка аралығындағы елдерде интернет кеңістігінде тоғызқұмалақ ойынына қызығушылар саны артқан.

Өзінің тоғызқұмалақ ойынына қызы­ғушылығы жайында біздің кейіпкеріміз былай дейді:
– Мен осы ойынға бала жастан қатты қызықтым. Ұстазым Асылбек ағайдан аталмыш ойынның қыр-сырын терең түсіндім.
Бұл ойын дәлдікті, нақтылықты, математикалық амал-тәсілдерге ерекше жүйріктікті талап етеді. Бір партияның 3 сағатқа дейін созылатын уақыт мөлшерінде «жеті өлшеп, бір кескен» ұқыптылықты да, ойдың ұшқырлығын да бір-бірімен тығыз байланыстыра білу керек. Сондықтан, мен ойлаймын, терең төзім мен берік шыдам болмаған жерде жеңіске жету мүмкін емес, – дейді ол.
«Тоғызқұмалақ қайраткері» медалі­нің иегері, жаттықтырушы Асылбек Шертайұлының негізгі мамандығы – инженер. Алматыдағы политехникалық институттың түлегі. Еңбек жолын ау­дандық автотранспорт кәсіпорнында инженер болып бастаған, одан әрі техникалық қадағалаушы болды «Қы­зыл жұлдыз» кеңшарында комсомол комитетінің жетекшісі болды. 1989 жылы кент орталығында жаңа стадион салынып, соның директоры болды. Осында 20 жыл қызмет етіп, одан әрі аудандық спорт мектебінде еңбек етті. Бас-аяғы қырық жылға жуық уақыт спорт саласында тер төгіп келеді екен.
Ауданда алғаш тоғызқұмалақ ойы­нына жан берген осы азамат. Алдымен зияткерлік ойынды өзі әбден зерттеп-зерделеп, бойына сіңіріп, содан соң шәкірттер баулуға көшті.
Қасым Асылбектің алдынан өріп, аталмыш ойын түрінен тасы өрге домалаған өрен көп. Соның бірі – осы Ермұхаммед Ақжанұлы.
Ол осы ойын түрінен 2017 жылы Ақтау қаласында аты озып оралды. 2018 жылы Ақтөбеде, одан соң Астана қаласында жастар арасында өткен чемпионатта «Спорт шебері» атағын алды. 2021 жылы Тараз қаласында командалық құрамада мерейі үстем оралды. Енді міне, Түркия мемлекетіне жолдама алып отыр.
Санаулы күндерде 12 адамнан тұ­ратын Қазақстан Ұлттық құрамасы Әлем чемпионаты үшін Анталия қаласына аттанады.

Баян ҮСЕЙІНОВА
10 наурыз 2022 ж. 992 0