» » Топ 10: Үздік бапкерлер. 2019 жылдың қорытындысы қандай?

Топ 10: Үздік бапкерлер. 2019 жылдың қорытындысы қандай?

  1. Әрине бұл тұғыр еркін күрестен Сыр өңірінің аға жаттықтырушысы Әбутәліп Аманов ағамыздікі. Дәулет, Ғалым сынды ел мақтаныштарын тәрбиелеп шығарған бапкер біздің рейтингте көш бастап тұр. Дәулет былтыр Әлем біріншілігінде күмісті мойынға тағып, Сыр еліне Олимпиада жолдамасын алғаш сыйлаған болатын.
  2. Екінші орынға Әбдісаттар Садықов жайғасты. №8 Түгіскен спорт мектебінің директорының кейбір шәкірттері бүгінде бапкерлік қызметте. Былтыр ұстаз шәкірттері  белбеу, самбо мен дзюдо және қазақша күрестен мерейімізді асырды. Азия және Әлем чемпионаттарында көк туымызды көкте желбіретіп, әнұранымызды шырқатты.
  3. Қола аудандағы бокс мектебінің қалыптасуына үлес қосқан білікті бапкер Құрбаш Саркуловқа бұйырды. Ұлттық құрама сапында тер төгіп жүрген Қуандық Жүсіп пен Азамат Бектас Құрбаш ағайдың төл шәкірттері. Азамат жас болса да, байрақты бәсекелерде ел мерейін үстем етіп жүр. Сондай-ақ, АІВА төрешісі Дінмұхамед Абайхан есімді шәкірті былтыр үздік бапкер атағын иеленді.
  4. Төртінші тұғырға ұлттық ат спортының аймақтағы аға жаттықтырушы Исламхан Боранбаев қонды. Неге? Себебі, Сыр өңірінің көкпар, теңге ілу мен аударыспақтан командасының 90 пайыздан астамы Исламхан бапкердің шәкірттері. Тіпті, көкпардан толық құрамды Жаңақорған жігіттері құрайды. Осының арқасында жыл соңында үлкен құрметке бөленді.
  5. Ал бестікке қол күрес және гір тасын көтеруден аға бапкер Шығыс Азнабаев ілінді. Былтыр Шыңғыс бапкердің шәкірттері керемет нәтижеге қол жеткізді. Мүмкіндігі шектеулі қос шәкірті Азияны бағындырса, гір тасын көтеруден жігіттер облыста озық шықты. Сондықтан аудандағы кенде қалған спорттың тасын өрге сүйреп жүрген жаттықтырушыны үздік бестікке лайық деп таптық.
  6. Алтыншы орын – Батырқожа Бабаевтың қанжығасында. Былтыр оның шәкірттері облыста жүлдемен қуантып жүрді. Тіпті бұрымды волейболшылары облыста чемпион атанып үлгерді. Жасөпірімдері облыс намысын қорғап, республикалық турнирде жеңіс тұғырынан көрінуге күш салды. Биыл да бапкер шәкірттері Сыр командасының чемпион болуына тер төкті.
  7. Жас болса да білікті бапкер Құнанбай Салыбековтың шәкірттері Сыр гандболының дамуына айтарлықтай үлесін қосуда. Бірнеше шәкірті аймақ құрамасының сапына ілінсе, Жанерке есімді оқушысы ұлттық құрамада бабын сынап келеді. Жалпы бір ғана ауылдан шыққан қыздар бүтіндей уданның, тіпті Сыр атын оздырып жүр. Жарайсың Құнанбай.
  8. Оразалы Тасболатовты Жаңақорғанда танымайтын адам жок та шығар. Әсіресе, спортқа жақын жанның біразы Тасканы жақсы таниды. Уақытында аудан футболының өрлеуіне спортшы ретінде үлес қосса, бүгінде шәкірт тәрбиелеп жүр. Былтыр оның шәкірттері керемет нәтижеге қол жеткізді. Облыста Таска жігіттерінің бабы келіскенін бәрі біледі. Алға дейміз.
  9. Тоғызыншы тұғыр баскетболдан қос бірдей бапкерге бұйырғалы тұр. Ұлдар командасының жаттықтырушысы Қанат Айдаров пен қыздардың бапкері Диляра Мұсаеваның еншісінде. Жастар жылында қос бапкердің шәкірттері облыстық жарыстарда жеңіс тұғырынан көрініп жүрді. Биылғы жылды да баскетболшылар тәуір бастады.
  10. Оныншы орынға кенжелеп қалған ауыр атлетика спортының еңсесін тіктеп келе жатқан Берік Өтешов пен Аңсат Тұрсыматов жайғасты. Қос бапкердің шәкірттері былтыр жақсы нәтиже көрсетті. Екі өрен ел чемпионы атанса, Аянат есімді шәкірт Қырғызстанда өткен халықаралық додада жеңіс тұғырынан көрінді. Небәрі 9 сынып оқитын Аянаттан қазақ елі үлкен үміт күтіп отыр.
           Міне, біз өзімізше осылай топшаладық. Былтыр шәкірттері жеңіске жеткен бапкерлердің рейтингін биыл да қайта таразылайтын боламыз. Сәттілік!
09 ақпан 2020 ж. 735 0