№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ардагер аяқдопшылар тұғыры

Ардагер аяқдопшылар тұғыры


Белгілі спортшы Әбіл Қалымбетовті еске алуға арналған шағын футболдан облыстық турнир биыл жетінші рет ұйымдастырылды. «Евразия» спорт кешенінде өткен ала доп бәсекесіне 12 команда қатысып, өзара бақ сынады. 40 және одан жоғары жастағы ардагер футболшылар турнирінде Жаңақорған намысын «Сығанақ» командасы қорғаған болатын. Ерлік Тұртанов бастаған жаңақорғандық жігіттерге биыл тағы да қола бұйырды.


Аты аңызға айналған футболшы, шеберлер командасының ойыншысы Əбіл Қалымбетов Қызылорданың «Қайсар» футбол клубында 20 жылдан астам уақыт доп теуіп, 64 жасқа қараған шағында өмірден озған болатын. Яғни, 1968-1989 жылдар аралығында табан аудармастан Қызылорданың «Қайсар» командасында ойын көрсеткен ол Кеңес Одағы біріншілігінде 650 ойын өткізіп, қарсыластар қақпасына 24 гол соқты. Сондай-ақ, кубок ойындарында 4 мәрте жасыл алаңға шықты. Футболшылық кәсібіне нүкте қойғаннан кейін командада түрлі қызметтер атқарды. Сыр жұртына жақсы танымал спортшы уақытында қоғам қайраткері де атанған болатын.
Сонымен екі күнге созылған жарыста кімнің бағы жанды? Кім үздік атанды? 12 команда жарыстың алғашқы күнінде топтағы ойындарын ойнады. Келесі күні жартылай сынға шыққан төрт команда ақтық мәреге асықты. Үш жыл қатарынан алтын тұғырдан түспеген «Ардагер» командасына биыл жүлде бұйырмады. Қола үшін тартыста олар Сығанаққа есе жіберді. Ал ақтық сында «Қайсар» «Петро Қазақстан» ардагерлерімен кездесті.
Тартысты өткен жарыстың негізгі ойыны тең аяқталғандықтан жеңімпаз тек айып добын орындау барысында анықталып, есеп 2:0 болды. Бұл жолы марқұмның бұрынғы командаластары жеңіс тұғырынан көрінді. «Үздік қақпашы» номинациясы – Жаңабек Әлназаровқа (Қайсар), «Үздік қорғаушы» – Берік Жаппасбаевқа (Ардагер), «Үздік ойыншы» жүлдесі – Əкімжан Əбішевке (Петро Қазақстан) бұйырды. Ал Сығанақтан «Үздік шабуылшы» мен «Мерген ойыншы» номинациясына Шамсиддин Ырыстаев пен Бахадир Тұрсынкұлов ие болды. Жеңімпаз және жүлдегер командаларға кубок, диплом, ақшалай сыйақы, үздік ойыншыларға естелік сыйлықтар берілді.
– Биыл үшінші жыл қатарынан қола бұйырды. Негізі алтын алуға барғанбыз, бірақ бұйырғаны осы болды. Келер жылы бұдан да биік тұғырды бағындырамыз деген ойдамыз. Ең бастысы, біздің осы жігерлі ойындарымыздан ізімізден өсіп келе жатқан ұрпақ өнеге алады. Сондықтан біз футбол ойнауды тоқтатпаймыз, – деді Оразалы Тасболатов.
Иә, Тәуелсіздік алған жылдардан бері кешегі күнге дейін аудан футболын өрге сүйреп келген аяқдопшылар бүгінде ардагер ойыншы атанды. Сол 2000 жылдары аймақтағы адуынды командаға айналған ойыншылар бүгінде үлкен спорттан қол үзсе де, шағын футболдан жасыл алаңның шаңын шығарып жүр. Ерлан Әптаев, Ғалым Рүстемов сынды аға буынның салып кеткен жолы бүгінгі буынға үлгі болары анық.

***

Сондай-ақ, «Ордакент» ардагерлер үйі және жастар ресурстық орталығында аудандық прокуратураның бастамасымен құқық бұзушылықтың алдын алу және салауатты өмір салтын сақтау мақсатында спорттық шаралар өткізілді. «Нашақорлыққа жол жоқ», «Бәрің де жарысқа!» ұранымен өткен спорт бәсекелерінде пробация қызметінің есебінде тұратын қоғамнан оқшаулауға байланысты емес жаза түріне сотталғандар және есепте тұратын кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдер арасында жарыстар ұйымдастырылды.
Жарысты аудан прокуроры Дарын Елтайұлы ашып, сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Қол күрес, дойбы, үстел теннисінен аудан жастары барын салды.
– Бұл жарыстың өткізілуінде үлкен мағына бар. Басты мақсат – азаматтардың салауатты өмір салтын ұстану, екінші жағынан құқық бұзушылықты азайту. Мұндай кішігірім жарыстарды тоқсан сайын өткізіп тұрған абзал. Өскелең ұрпақ осы жігіттерге қарап өседі. Сондықтан біздің жастар кейінге үлгі бола алатындай азамат болып қалыптасуы керек, – деді прокурор.
Жеңімпаз жүлдегерлер аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің тағайындаған бағалы сыйлықтарымен және грамоталарымен марапатталды.

Әли ТЕМІРБЕК
05 ақпан 2020 ж. 587 0