» » Мереке мен Меруерт қоламен қуантты

Мереке мен Меруерт қоламен қуантты

Қазақ күресінен Қызылорда төрінде өткен 2019 жылғы ел чемпионаты аяқталды. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қаласы мен елдің барлық облысынан 500-ге жуық спортшы 16 салмақ дәрежесінде жүлделерді сарапқа салды. Өңір намысын 40 спортшы қорғады. 3 күнге созылған ел біріншілігінде Сыр балуандарына 8 жүлде бұйырды. Оның алтауы қола, екеуі күміс. Жаңақорғандық Мереке мен Меруерт те жанкүйерлерін қоламен қуантты.
«Евразия» спорт кешенінде қазақ күресінен ерлер жəне əйелдер арасында өткен чемпионаттың мақсаты – Қазақстан ұлттық құрама сапына іріктеу болды. Топ жарғандар келесі жылы өтетін Əлем жəне Азия чемпионаттарында ел намысын қорғайтын болады. Жарыстың салтанатты ашылуында облыс əкімінің міндетін атқарушы Наурызбай Байқадамов, ҚР Ақпарат жəне қоғамдық даму министрі, ҚР қазақ күресі федерациясының президенті Дəурен Абаев сөз сөйлеп, қатысушыларға сəттілік тіледі. Жарысқа 4 дүркін Əлем чемпионы Айбек Нұғымаров, Əлем чемпионы Мұхит Тұрсынов, 2 дүркін Əлем чемпионы Ғалымжан Абдрахманов, Азия чемпионы Мақсат Исағабылов пен Нариман Тұтқышев және Қазақстан чемпионы Нұрым Сəлімгереев сынды әккі балуандар жарыс төрінен табылды.
Сонымен жарыстың алғашқы күнінде боз кілемге ерлер шықты. 90, 100 және 100 келіден жоғары салмақта белдескен апайтөстер арасында жамбылдық балуандар оза шапты. Қос алтынды еншіліген оларға қарсылас шақ келмеді. 100 келі салмақта Нұрым Сәлімгереев күміс, 100 келіден жоғары салмақта Мақсат Исағабылов қоланы қанағат тұтты. Мақсат түйе палуандар арасындағы бәсекеде күмісті еншілеген болатын. Сондай-ақ, 55 келіде Əлжан Бақмұхамедқожа, 60 келіде Дамир Әбдеков пен 63 келіде белдескен Сымбат Төрен Сыр қоржынына қоланы салып берді.
Жарыстың соңғы күні жаңақорғандықтар асыға күткен әйелдер бәсекесі басталды. Алдымен 78 келіде бозкілемге көтерілген Мереке атыраулық қызға жолығып, ұтылды. Одан кейін жамбылдық аруды ұтып, үшінші орын үшін белдесуде жерлесі, қызылордалық балуанды жүлдесіз қалдырды.
Ол белбеу, самбо күресінен талай жарыстарда атой салған балуан болатын. Тіпті дзюдодан да бағын сынап көрді, нәтиже жаман емес. Одан кейін 78 келіден жоғары салмақтағы балуандар көтерілді. Бұл салмақта жаңақорғандық Меруерт Әбубәкір бар. Ол да алғашқы кездесуінде  СҚО балуанына жол берді. Одан кейін жұбаныш белдесуінде павлодарлық қарсыласын жеңіп, қола үшін белдесуде Шымкент балуанын жарыс жолынан шығарды. Бұйырғаны – үшінші орын.
– Жалпы Сыр балуандарының дайындығы жақсы болатын. Алтын бұйырмағаны өкінішті, ал, Мереке мен Меруерт қолынан келгенін жасады. Олардың келешектері әлі алда, біз олардан бұдан да биіктікті күтеміз. Ең бастысы, екеуінің де физикалық, психикалық тұрғыдан дайындығы жоғары, – деді білікті бапкер Әбдісаттар Садықов.
Иә, Меруерт те белбеу күресінен әлемдік ареналарда елге жүлде сыйлап жүрген балуан. Жақында ғана Татарсынның Казан қаласында өткен Әлем чемпионатында қоламен қуантқан болатын. Дзюдодан да ел біріншілігінде жеңіс жолында жүрген бұрымды балуан.
Жалпы жарыс нәтижесі бойынша командалық сында жамбылдық балуандар бірінші орынға жайғасты. Одан кейін қос алтыны бар СҚО, Нұр-Сұлтан және Алматы қаласы екінші тұғырдан көрінді. Енді чемпиондар келер жылғы байрақты бәсекелерге дайындыққа кіріседі.  Жаңақорғандық қыздардың қос қоласы құтты болсын, ағайын!
                                                                                                                                              Әлібек ТЕМІРБЕК
17 қараша 2019 ж. 719 0