№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Үйде шынығып, Азияны бағындырған қос спортшы

Үйде шынығып, Азияны бағындырған қос спортшы

Қол күрестен мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы 2018-2019 жылғы Азия чемпионатының жүлдегері Әбусейіт Реметов пен Радбек Фазыловқа аудан әкімі Сұлтан Мақашов Азия кубогынан жүлдемен оралғаны үшін алғыс білдірді. Қос спортшы 3-7 қазан күндері Алматы қаласында өткен Азияның ашық кубогінде 2 орынға қол жеткізген болатын. Аудан әкімі мен бірге сала басшылары да спортшыларға сәттілік тілеп, алдағы әлемдік ареналарда ел намысын қорғауға тілектестік білдірді.

– Жаңақорғанда қол күрес спорты, әсіресе мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы жастардың тұғыры биік. Әрине мұның барлығы еңбек, маңдай термен келетін жеңісті жол. Әбусейіт пен Радбектің үлкен спорттағы толағай табыстары өскелең жастарға, жарымжан жандарға үлкен өнеге. Осы жолдан таймай, Сыр елінің ғана емес, Қазақстанның абыройын асқақтататын сіздерсіздер. Тек сәттілік тілейміз, – деген аудан басшысы қос спортшыға және бапкері Шыңғыс Азнабаевқа «Алғыс хат» табыстады.
Аудан әкімінің құттықтауынан кейін аудандық мәслихат хатшысы Ерғали Ілиясов халықаралық дәрежедегі спорт шеберлеріне жылы лебізін білдірді.
– Бізді елеп-ескеріп, марапат биігіне шығарып жатқандарыңызға үлкен алғыс білдіремін. Мұндай құрмет көрсету бізге рухани күш береді. Біз Азияда екі жыл қатарынан жеңіс тұғырынан көріндік. Мұның барлығы маңдай тер мен бапкердің, қолдау көрсеткен сіздердің арқаларыңызда келген жеңіс. Біздің бар тілегіміз, әлем чемпионатында өнер көрсету. Мүмкіндік болса келер жылы жолдама алып жатсақ, әлем биігін бағындырып көруге тырысамыз, – деді Әбусейіт.
Былтыр екі спортшы Азия біріншілігінде үздік үштікке ілініп, Түркияда өтетін әлем чемпионатына жолдама алды. Алайда қаржы тапшылығына байланысты екеуі де жарыстан шет қалды. Биыл да қырғыз елінде күміспен қуантып, Румыниядағы байрақты бәсеке жолдамасын иеленген еді. Оған да қатысуға мүмкіндік болмағаны өкінішті.
– Әрине бізге демеулік көрсетіп жүрген спорт бөлімі, басқармаға алғыс айтамыз. Бірақ біздің жігіттерге бұл аздық етеді. Себебі қаншама төккен тер екі жыл бойы ақталмай келеді. Жарымжан болса да олардың жаттығудағы жұмысы, жасаған еңбегі тек Азиямен шектелуде. Бұл спортшылардың мысын басып, жігерін сөндіріп тастауы әбден мүмкін. Сондықтан мүмкіндік болса келер жылы Әлем чемпионатына қатысуға мүмкіндік жасаңыздар – деді білікті бапкер Шыңғыс Азнабаев.
Қазір Жаңақорған спорт клубында 20 мүмкіндігі шектеулі азамат Шыңғыстан тәлім алуда. Олардың кейбірінің залға келуге мүмкіндігі келмейді. Сондықтан Сұлтан Ысқақұлы оларға қандай жеңілдік керектігін сұрады.
– 20 спортшының көбі үйде дайындалады. Олардың спорт залға келу мүмкіндігі аз. Сол себепті бізге арнайы көлік берілсе, көбіне дойбы, шахмат, қол күреспен айналысқысы келетіндер бар. Екіншіден, бізге «Кроссовер тренажері» керек. Заманауи құрылғының балалардың спорттық әлеуетін көтеруге септігі мол. Бір сөзбен айтқанда, мүмкіндігі шектеулі болса да спортқа қызығушылығы оянып, ертең ел байрағын көкте желбіретемін деген жастарға көбірек қолдау көрсетілсе, – деді Шыңғыс бапкер.
Иә мүмкіндігі шектеулі болса да қоғамдағы өз орнын табуға тырысып жүрген жандар қолдауды қалайды. Олар да Әбусейіт пен Радбек секілді үлкен спортта бағын сынап көруге ниетті. Аудан басшысы көлік мәселесін алдағы уақытта шешуге жұмыс жасайтынын айтты. Қалғаны уақыт еншісінде.

Әли ТЕМІРБЕК
19 қазан 2019 ж. 753 0