№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫ: БІЛЕКТІЛЕР БИІКТІ БАҒЫНДЫРДЫ

АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫ: БІЛЕКТІЛЕР БИІКТІ БАҒЫНДЫРДЫ

Қырғызстан Республикасы Чопан Ата қаласында қол күресінен XVIII Азия чемпионатында қазақ спортшылары командалық сында үздік шықты. Сары құрылықтың 10 елінің кіл мықтылары келген аламанға Қазақстаннан 82 спортшы қатысты. Мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында өткен бәскеде жаңақорғандық Әбусейіт Реметов пен Ратбек Фазылов осымен екінші рет олжалы болды.


Былтыр Бурабайда өткен Азия чемпионатында Әбусейіт күміспен, Ратбек қоламен қуантқан еді. Сол жеңісті жолды биыл да қайталады.
– Азия чемпионатының ақтық сынына жолдама алған спортшылар қазан айында Польшада өтетін Әлем бірін­шілігіне жолдама алады. Сондықтан, біздің жігіттер барын салды. Тек Қуаныштың жолы болмады. Жарыстың деңгейі, қатысушыларға қойылар талап қатаң болды. Осыған қарамастан қос күмісті қоржынға салдық, – деді бапкер Шыңғыс Азнабаев.
Алдымен көру қабылеті төмен спорт­шылар арасында 60 келіде жарыс жо­лына шыққан Әбусейіт үш қырғыз білек­тісінің мысын басты. Ақтық бәсеке үшін кездесуде семейлік Руслан Темір­бекұлының осал жерін табады. Бірақ, соңғы кездесуде былтырғы чемпионға жол береді.
– Жарыс фавориттері қазақ жігіттері екенін бәрі мойындайды. Өзім ақтық сында былтыр Азия чемпионы атанған семейлік білектімен кездестім. Шешуші сәтте бар күш-жігерімді салдым, алтын­ның ауылы алыс емес еді, алайда тәжірибе үлкен рөл атқарды. Енді Әлем чем­пионатында осы кеткен есемді қайтарамын, – деді Әбусейіт.
Қандай деңгейдегі турнирде болмасын қазақ білектілері фаворит. Оған дәлел чемпионатта армрестлингшілер бес салмақ бойынша жарысқа түссе, соның үшеуінде алтыннан алқа тағынды.
Одан кейін, жарыс алаңына Ратбек көтерілді. Оның да жартылай сынға жетем дегенше үш қарсыласы қырғыздар болды. Барлығын қоғадай жапырған оған жартылай сында қазақ білектісі де төтеп бере алмады. Тек ақтық сында 80 келіде Азияның алты, Әлемнің төрт дүркін чемпионы Данияр Тайменов қана оның алдын орады. Жылдамдықпен жеңді демесеңіз, бұл жолы чемпион біздің жігіттің күшін мойындады.
– Есту қабылеті төмен спортшылар арасында бақ сынаған Ратбектің алтынға бір табан жетпей қалғаны өкінішті. Алайда, келер жылы осы биіктікке шығатынына сенімдіміз, – деді Шыңғыс жаттықтырушы.
Жүлдемен оралған жерлестерді аудан әкімінің орынбасары Ғалымжан Сопбеков пен спортшылардың ағайын-туысы күтіп алып, құрмет көрсетті. Әбусейіттің атасы Мамытхан қажы жастарға ақ батасын беріп, жарқын жеңісімен құттықтады.
Осыдан бірнеше күн бұрын жаңақорғандық белбеу күресінің балуандары Сыр өңірінің мерейін өсіріп, командалық сында алтын тұғырдан көрінген еді. Білікті бапкер Әбдісаттар Садықов жаттықтыратын жерлес балуандар үш алтынды қоржынға салды. Алдаберген Нұрлыбек, Алдаберген Айберген, Мереке Құдайбергенова, Меруерт Әбубәкір, Диана Ғайбулла сынды жастардан құралған команда былтыр үздік үштіктен көрінген болатын. Енді міне білекті саңлақтар Азия төрінен жеңіс сыйлап, мерейімізді тасытты. Күзде әлемдік аренада біз олардан алтын күтетін боламыз.
Айта кетейік, Азия чемпионатында ардагер спортшылар да бақ сынады. Сыр елінің мақтанышына айналған Нұрлан Нысынбай ардагерлер арасында чемпион атанды. Ал, Өзбекстанның Хива қаласында гір тасын көтеруден өткен Азия чемпионатында Айтмағанбет Асанбеков алтын алқаны мойынға тақты. 40-44 жастағы ардагерлер арасында өткен байрақты бәсекеде жерлесіміз рекордтық көрсеткішке қол жеткізді.

Әлібек ТЕМІРБЕК.
15 маусым 2019 ж. 1 039 0